Медицина • 28 Ақпан, 2018

Шаймардан Нурумов: Біз – біртұтас халықпыз

2048 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алдымызда қазақстандықтардың ең айтулы мерекелерінің бірі – Алғыс айту күні келе жатыр.

Шаймардан Нурумов: Біз – біртұтас халықпыз

Бұл мейрам Қазақ­стан халқының ынтымағын, бірлігі мен бауырластығын одан әрі нығайтатын, қазақ халқына барша жұрттың ыстық ықы­ласын арттыратын бірден-бір мереке. Бұл күні Қазақстанды мекен еткен бар­лық этнос өкілдері қазақ халқының кіші­пейілдігі, ақкөңілдігі, кең байтақ жерін­дей кеңпейілдігін тілге тиек етіп, өз риза­шы­­лықтарын білдіріп жатады. Қазақ жерін­де өмір сүріп жатқан барша жұрт еліміз­дің дара тұлғасы, бүкіл әлемге танымал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өздері­нің бүгінгі бақытты да шаттықа толы бейбіт өмірлері үшін алғысын жаудырып, ілтипа­тын білдірумен болады. Соның ішінде Қазақ­стан ұйғырлары да осы елді мекен етіп жатқан 100-ден астам этностың өкіл­дерімен тең дәрежеде бақытты өмір сүріп жатыр. Халқымызға өз мәдениетін, тілін, дінін және дәстүрін сақтап қалуға бар мүмкіншілік жасалған. Қазіргі таңда елімізде 70-ке жуық ана тілінде дәріс беретін мектептер жұмыс істеуде. Бүкіл дүние жүзіне өзінің өнерлі әртістерімен танылған Республикалық мемлекеттік ұйғыр театры бар. Қ.Қожамияров атындағы бұл театрға өздеріңіз білетіндей жақында академиялық дәрежесі берілді. Бұл Қазақстан ұйғырлары үшін аса қуантарлық жаңалық болды. Сонымен қатар елімізде республикалық дәрежеде «Ұйғыр авази» атты ана тілінде шығатын 15 мың оқырманы бар газет жұмыс істейді. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында ұйғыртану ғылыми орталығы жұмыс істейді. Ұлдарымыз бен қыздарымыз халық шаруашылығының барлық салаларында қызмет атқарып келеді.

Қазақстан ұйғырларының этномәдени орталығының негізгі қызметтерінің бірі қайрымдылық көмек көрсету болып табылады. Айталық соңғы бір-екі жылдың көлемінде миллиондаған қаражат қайы­рымдылық мақсаттарға бөлініп, жұм­салды. Көптеген қайырымдылық іс-шараларына демеушілік жасалды. Әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасыларға да үнемі қар­жылай көмек беріп, қамқорлық жасап келеді. Мысал келтірсек, жақында Алматы облысы Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында бірнеше үй өртеніп, тұрғындар қиын жағдайда қалды. Бірі қазақ, бірі ұйғыр және орыс болып табылатын бұл ауыл тұрғындары да берілген жәрдем мен демеушіліктер үшін өз алғыстарын айтып жатты. Қарағандыда бол­ған су тасқыны, Алматы облысындағы сел кезін­де де көптеген азаматтар көмекке мұқ­таж болды. Ұйғыр орталығының Жігітбасы кеңесі, Әйелдер кеңесі жапа шеккендерге барын­ша қолдау көрсетіп, белсенді түрде қызмет атқарды.

Қазақстан ұйғырлары Президент Н.Назарбаевтың ішкі-сыртқы саясатын толы­ғы­мен қолдайды. Соның ішінде «Мәңгі­лік Ел» стратегиясы Қазақстан ұйғыр­лары үшін көптеген міндеттер жүктеді. Елба­сы Н.Назарбаевтың қазақ тілін латын графикасына өт­­кізуі кезеңінде де қазақстандық ұйғыр­лар ана тілін латын таңбасына негіздеп бірге көшу­ге шешім қабылдады. Әрбір қазақ­стан­дық ұйғыр жақсы түсінетін бір қағида мынау: «егер Қазақ жерінде Қазақстан мәңгі болса, Қазақстан ұйғырлары да, олардың тілі, діні және дәстүрі де мәңгілік болады». Сондықтан әрбір қазақстандық ұйғыр Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне әрдайым өз үлесін қоса береді.

Шаймардан НУРУМОВ,

Мәжіліс депутаты, ҚХА мүшесі, Қазақстан ұйғырларының этномәдени орталығының төрағасы