Алғаш рет ұйымдастырылатын іс-шара әйелдер үшін ынталандырушы бизнес алаңы болмақ. Жобаға 500-ден астам әйел қатысады деп күтіліп отыр.
Жиын барысында отбасындағы қарым-қатынас, бала тәрбиесі, қазіргі заманғы жастардың моральды түрде дамуы, отбасымен бірге карьераны да қатар алып жүру, өзін-өзі дамыту мәселелері қозғалады. Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Сингапур және АҚШ елдерінің іскер ханымдары мотивациялық бағыттағы ойларын айтып, маңызды сәттерде дұрыс қадам жасау жолдарын үйретеді. Сондай-ақ қызықты әңгімелерімен де бөліседі.
Спикерлер қатарында Астана халықаралық қаржы орталығының цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Әсел Жиенбаева, шахматтан әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова, жартылай жеңіл (IBO) және жеңіл (WIBA) салмақтағы әлем чемпионы Фируза Шәріпова, бизнес жаттықтырушы әрі оқытушы Дженифер Льюис (АҚШ), Community іскерлік басылымының шеф-редакторы Татьяна Люлька (Украина), әйелдерге арналған LADY.TUT.BY сайтының жетекшісі Светлана Зере (Беларусь), жазушы, бизнес-жаттықтырушы Лариса Парфентьева (Ресей), халықаралық Success Resources компаниясының тең құрылтайшысы Вероника Тан (Сингапур) бар.