Мемлекет басшысы университет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін атап өтіп, жаһандық экономикалық және технологиялық өзгерістер жағдайына бейімделген жас мамандарды оқыту ісіндегі жоғары оқу орындарының рөліне баса назар аударды.
– Сіз көп жылдан бері еліміздегі ең ірі және басты университеттердің бірін басқарып келесіз. Мұнда шетелден келіп оқитын студенттер бар. Университет еліміздің жоғары оқу орындары арасында жоғары рейтингке ие болып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Ғалымқайыр Мұтанов Нұрсұлтан Назарбаевқа университетті трансформациялау және оқу үдерісін заманауи талаптарға бейімдеу нәтижелері жөнінде баяндады.
– Біздің негізгі мақсатымыз – оқу орнын әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру. Соған орай жетекші мамандар даярланып қана қоймай, ғылым мен инновацияны дамыту мәселесі де қамтылатын болады. Жалпы, университеттер инновациялық экономиканың драйвері болуға тиіс, – деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры.
Ғ.Мұтанов Мемлекет басшысына ІТ және жаңа технологиялар саласындағы жобалардың іске асырылу барысы жөнінде мәлімдеп, оқу орнының базасында құрылған IT-технопаркі аясында университетаралық өзара ықпалдастықтың орнағанын айтты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының мәліметіне сәйкес, бүгінде осы оқу орнындағы студенттердің 60 пайыздан астамы жаратылыстану ғылымдары бойынша білім алуда.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.