Паролимпиада ойындарында еліміздің атынан алты спортшы өнер көрсетеді. Олардың сапында шаңғы жарысы мен биотлон бойынша бақ сынайтын Қайрат Қанапин, Александр Герлиц және Сергей Уссольцев, сондай-ақ шаңғымен сырғанаушылар Денис Петренко, Александр Колядин, Жаңыл Балтабаевалар бар. Тартысты додада ел байрағын ұстау құрметі Қайрат Қанапиннің еншісіне бұйырған. Шығарып салу рәсімінде төрт жыл бұрын Лондонда өткен жазғы паролимпиада ойындарының жеңімпазы Зульфия Ғабидуллина спортшыларға табыс тілеп, ел туын Қанапинге өз қолымен тапсырды.
Естеріңізде болса Сочиде өткен қысқы паролимпиада ойындарына бұл спортшылардың үшеуі қатысқан еді. Жарыс қорытындысы бойынша Александр Колядин жиырма шақырымдық жекелеген жарыста 13-ші, спринт бойынша 33-ші орынға тұрақтаған. Ал Қайрат Қанапин спринтте 13-ші, он шақырымдық жекелеген жарыста 17-ші орыннан көрінсе, Жаңыл Балтабаева бес шақырымдық жекелеген жарыс жолында 23-ші орынға тұрақтаған еді. Ол кезде жіберген олқылықтың орнын толтырамыз деген паролимпиадашылар, жарыста ел намысы үшін бар мүмкіндігін салатынын айтты.
«Бізге сенім артып отырған отандастарымыздың, жаттықтырушыларымыздың үмітін ақтау үшін аянбаймыз. Жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Паролимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан байрағын алып шығатыныма қуаныштымын. Бұл маған артылған үлкен жауапкершілік. Бәрі жаттығудағыдай сәтімен болады деп үміттенемін», дейді Қайрат Қанапин.
Биылғы паролимпиада ойындарында барлығы 80 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл Сочиде өткен қысқы олимпиадамен салыстырғанда 8 медаль жиынтығының артқанын көрсетеді. Ұлттық штаттық командалар және Спорт резерві дирекциясы директорының орынбасары Алексей Крюковтың сөзінше алтын медаль алған спортшыға 250 мың, күміс жүлдегерге 150 мың, қола медальға қол жеткізгендерге 75 мың ақш доллоры көлемінде ақшалай сыйақы берілмек. Оған қоса паролимпиада ойындарында 4-орын алған спортшығы 30 мың, 5-орынға 10 мың, 6-орынға 5 мың АҚШ доллары көлемінде қомақты сыйақы табысталатын болады.
– Басқа мемлекеттермен салыстырсақ Қазақстанда паролимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшері едәуір көп. Бұл қарсыластарын ғана емес, басындағы ауыр дертін жеңуге талпынған жарымжан спортшыларға жасалған үлкен қолдау деп түсінуге болады. Артылған сенім мен алға қойылған мақсат орындалады деп сенеміз, – дейді Алексей Крюков.
Бізде өз кезегінде газетіміздің қалың оқырмандарының атынан спортшыларымыздың жеңіспен оралуына тілектестік білдіреміз.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ