Аймақтар • 28 Ақпан, 2018

Жарма ауданында 124 миллион теңгенің меморандумына қол қойылды

574 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жарма ауданының орталығы – Қалбатау ауылында кәсіпкерлік және өнеркәсіп форумы өтті. Форум барысында аудан кәсіпкерлері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жалпы құны 124 миллион теңгені құрайтын ынтымақтастық меморандумына қол қойды. 

Жарма ауданында 124 миллион теңгенің меморандумына қол қойылды

Бір ғана «Бақыршық» кен орны бұл күні меморандум аясында ауданның әлеуметтік саласына 102 миллион теңге қаржы бөлуге дайын екендіктерін жеткізді. Салтанатты шара кезінде Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов ауданның үздік кәсіпкерлерін 9 аталым бойынша марапаттап, 100 мың теңгенің сертификаттарын табыс етті.

«Экономиканың қозғаушы күші – инвестиция. Былтыр ауданымызға 65 миллиард теңге инвестиция құйылды. Бұл – облыс көлемінде Өскемен қаласынан кейінгі көрсеткіш. Инвестиция құюшылардың дені – кен орындары. Игерілмей жатқан «Бақыршық» кен орнына Ресейдің «Полиметалл» комбинаты үлкен инвестиция салып, құрылыс жұмыстарын жүргізді. «Бөке», «Ақжал» кеніштеріне де инвестиция салынып, кен байыту комбинаты бой көтерді. Қазір Жарма ауданының төрт жағынан жол құрылысы басталып жатыр. Облыста балама қуат көздеріне арналған 6 жоба болса, соның үшеуі Жарма ауданында. Испан компаниясы 17 миллиард  теңге қаржыға күн электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Барлық құжат жұмыстары аяқталды, құрылысты бастауға рұқсат алды. Бүгінгі форумға келсек, мұндай форум жыл сайын өткізіледі. Кәсіпкерлерді аталымдар бойынша марапаттаймыз. Биыл меморандум аясында ауданға бөлінетін қаржы былтырғымен салыстырғанда екі есеге ұлғайды. Тағы бір жағымды жаңалық, биыл «Бақыршық» кен орны іске қосылуға тиіс. Бұл аудан, облыс емес, республика көлемінде маңызды оқиға ретінде қалары сөзсіз», дейді аудан әкімі.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Жарма ауданы