Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы 1997 жылғы 11 сәуірдегі Табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.
2016 жылғы 16 наурызда Минскіде қол қойылған Хаттама салық төлеуден жалтаруға жол бермеу және қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы екі елдің салықтық құрылымдарының ынтымақтастығын кеңейтуді көздейді. Құжатпен «Қазақстан» деген терминге өзгеріс енгізілді, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес Келісім қолданылатын салықтардың атаулары нақтыланды.
Сондай-ақ «тұрақты мекеме» деген термин барлау жүргізудің бірінші күнінен бастап табиғи ресурстарды барлаудан түсетін табыстарға салық салуға мүмкіндік беретін мәтінде жазылды. Одан басқа, еліміздің экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында акцияларды, қатысу үлестерін өткізу кезінде жекелеген табыстарға пайыздар, роялти, құн өсімі бөлігінде салық салу мәселелерін қайта қарауға байланысты өзгерістер енгізілді. Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.