25 Қараша, 2011

Алда – асқаралы асулар

446 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс ХІV съезі өтеді.    

СЪЕЗД ЖҰМЫСЫ БІЗДІ ЖАҢА ТАБЫСТАРҒА ЖІГЕРЛЕНДІРЕДІ

Біздің делегаттар партия съезіне үлкен табыстармен келіп отыр. Өңіріміздің өсу мен өркендеу жолындағы бұл жетістіктеріне, әрине, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қо­сып отырған үлесі де мол. Со­ның нәтижесінде облыста өнеркәсіп өнімін өндіруде соң­ғы жылдары оң ырғақ қалып­тас­ты. Оның көлемі 2009 жыл­мен салыстырғанда 14,0%-ға өсіп, 124,7 млрд. теңгені құрады.

Елбасының негізгі тапсыр­ма­ларының бірі – индус­трия­лық-инновациялық даму қарқы­нын бәсеңдетпеу.  Осыған орай, об­лыста үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағдар­ла­масы бойынша құны 665,5 млрд. теңге болатын 22 жоба жос­парланған болса, өткен жылы соның 52,7 млрд. теңге көле­мін­дегі 7 жобасы іске қосылды. Сөйтіп 2,5 мың­нан астам жұмыс орны ашылды. Мы­са­лы, «Аль Ба­сар» ЖШС-нің гранит өң­деу және гранит бұй­ым­да­рын шығару цехы, «Жа­ңа­тас» метал­лур­­гия­лық ком­би­на­ты» ЖШС-нің болат балқыту өн­ді­рісі, «Мыңарал Тас Компании» ЖШС-нің цемент зауытының құрылысы, «Тараз метал­лур­гия­лық зауыты» ЖШС-нің фер­ро­қо­рытпа өндірісін кеңейту мен жетілдіру, «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС-нің шикі мұнайды қайта өңдеу зауытының құрылысы және «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС-нің топс өндірісі, «Жас­ұлан және К» ЖШС-нің өнд­і­рістік негізде гүл өсіру кешені бү­гінде өңір эко­номикасына жа­ңа­ша сипат беруде. Сонымен бірге, Қаратаудағы «ЕуроХим-Удобрения» зауыты, Шу қала­сын­дағы құс фабикасы және «Қаз­фос­фат» компаниясының 12 млрд. теңге тұратын күкірт қыш­қылын шығаратын цехын іске қосу жобалары да бар.

Ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы табыстарымыз да аз емес. Атап айтсақ, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, қой-еш­кінің, жылқының, түйенің, шош­қаның саны 1-3%, ал ет, сүт, жүн және жұмыртқа өндіру 1-3%-ға артты. Ал теңгеге шаққанда өт­кен жылдың 9 айында өндірілген мал өнімдерінің жалпы көлемі 26, 5 миллиард теңге болса, ол биылғы дәл осы кезеңде 32, 2 миллиард теңгеге жеткен.

Тәуелсіздік мерекесі қарса­ңын­да өткелі отырған партия съезі бізді бұдан да зор табыс­тарға жетелеп, рухани тұрғыдан жігерлендіре түсері сөзсіз. Съез­де партияның алдағы бес жылға арналған «Қазақстан. 2017 мақ­саттары. Ұлттық іс-қимыл жос­па­ры» атты сайлауалды тұғыр­на­масының жоспары талқыланып, бекітілмек. Бұл саяси бағдар­лама­ны туған елімізді өркен­де­туге сүбелі үлес қосатын жасампаз жаңа құжат деп санаймын. Өйткені, жаңа парламенттік мерзімге арналған саяси тұғыр­нама жобасы Президент Н. Назарбаев белгілеп берген «2020 Страте­гия­сын» іске асырудың жарасымды жалғасы және адас­қандарға жол көрсетер темір­қа­зық жұлдыз ретінде бағалаймын.

 Қанат БОЗЫМБАЕВ, Жамбыл облысының әкімі,«Нұр Отан» ХДП Жамбыл облыстық  филиалының төрағасы.

Жамбыл облысы.

_____________

АЛДАҒЫ КҮНДЕРДЕН ЖАҚСЫЛЫҚ КҮТЕМІН

Мен  съездегі ең ма­ңызды мәселелер қата­рында  мерзімінен бұ­рын таратылған Мәжі­лі­стің жұмыстарына баға берілетін шығар деп ой­лай­мын. Соны­мен бірге, әрине, «Нұр Отан» ХДП-дан сайланатын кандидаттар тізімі де көптеген адамдарды, олардың отбасы мү­шелері мен тамыр-таныстарын, қалаберді бүкіл елді елеңдетіп отыр. Мен партия тізіміне нағыз лайықты, білімді де тәжірибелі, халыққа аса қажетті, еліміздің дамуына, экономикамыздың еңсе­лене беруіне ықпал ететін тиімді заңдар қабылдауға қа­білетті мамандар мен тәжі­ри­белі адамдар өтер деген сенімдемін.

Әрине, съезд ба­рысында партияның алға қойған міндет­терінің қалай орын­да­лып жатқаны туралы да есеп берілері сөз­сіз. Халық оның қа­лай орындалып жатқанын көріп отырса да, тиісті адамдардың айтқан деректері жұрттың бә­ріне қажет. Меніңше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлау өткізуді дұрыс мезгілге белгіледі. Өйткені, қыстыгүні ха­лық­тың сайлау үдерісіне қатысу белсенділігі күштірек болады. Съезден тек жақсылық күтемін.

Жеңіс НҰРҒАЛИЕВ, сенатор. ________________________

Назарда ұстайтын жайлар бар

«Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс ХІV съезіне делегат болып келдім. Партияның бұл құрылтайы ерекше болғалы тұр. Парламент Мәжілісін көп пар­тиялы етіп жасақтау міндеті қой­ылғандықтан, оған өт­кісі келетін саяси күштердің де пәрмені ерекше. Олай болса партиялар арасындағы бәсеке де қызатыны белгілі.

 «Нұр Отан» ХДП өзін жақсы жағынан танытып келеді. Сай­лау­алды тұғырнамада көзделген көп­теген міндеттер толығымен орын­далды және жүзеге аса да береді. Бұрын «басым көпшілік»  деп келсе, ендігі кезекте «тың­дай­тын көпшілік» деген пікір қалыптасайын деп тұр. Яғни, партия өзгелердің де пікірін естуге, солармен бірлесе әрекет етуге ұм­тылып отыр. Демократияның бас­ты тетіктері осында деп есептесек, құралтай сол бағытқа бет бұ­ра­тынын қазірден болжауға болады.

«Нұр Отан» партиясының тұғырнамасы қандай болуы керек дегенде, оның басқа партия­лар­дың пікіріне құлақ асатын және де солармен қоян-қолтық бірлесе әрекет ететін міндеттермен қамтылады деп ой­лаймын. Егер партия құжатында ха­лықтың талап-ары­зы ескерілмейтін болса, онда оның беделіне нұқсан келеді. Сон­дықтан ха­лықтың пікіріне құлақ тү­ріп, оның мұң-мұқ­тажын ескеретін деңгейде әңгіме бо­ларына еш күмәнім жоқ. Қызыл кеңір­дектерден емес, халықтың алдына шыға алатын, солардың сөзін сөйлейтін, мәсе­лелерін шеше білетін адамдардан депутаттар сайлануы тиіс.

Қазіргі таңда әлем таныған елге айналып келеміз. Олай болса, біз шикізаттық елден өндірісі дамыған өркениетті елдер сана­ты­на өтуіміз керек. Мен ойлай­мын, партия осы бағыттағы мін­дет­тердің әрі қарай да жүзеге асуына барынша қолдау көр­се­тетін болады деп. Қазіргі таңда ғылым мен білімге қыруар қаржы бөлінуде. Алайда сол қаржы­лар­дың тиімді жұмсалуын жүзеге асыратын тетіктер әлі де жетіспейді. Бұрындары ғылым сала­сы­мен айналысып жүрген азамат­тарға өз күндеріңді өздерің кө­рін­дер деп келдік. Қазір талап өз­герді. Үкімет тарапынан сол ғы­лыми салада жүргендерге қаржы бөлінуде. Білім және ғылым министрі ғылым саласына қанша қаржы керек, соны бөлуді қа­растырамыз дегенді айтты. Ендігі мәселе ғалымдар өз басын­дағы проблема емес, эконо­микадағы проблемаларды шешумен айна­лысуы тиіс. Ал эконо­мика өз кезегінде ғалымдардың алдына жаңа міндеттер қоя білуі керек.

Қазір қарап отырсақ, ин­но­ва­цияға бөлінген қаржылардың 80 пайызын кәсіпорындар өзде­рі жұмсайды екен. Ал ғылым мен білім өздері ақша бөлдіріп, өз­де­рінше күй кешуде. Ал ұштасатын жер қайда? Міне, осы жерде Үкімет өзі тарапы­нан талап қой­ға­ны жөн. Мы­салы, ауыл шаруа­шы­лығында нендей мәселе шешілмей жатса, сол бағытта туын­даған про­б­лемалардың шешімін ғалым­дар іздеуі керек емес пе? Кә­сіпорындар бюджетке салық төлесе, мемлекет сол ғалым­дар­ды қаржыландырып отыр. Сон­дықтан жан-жақты ой­лас­тырыл­ған болашақты мең­зейтін идеялармен қару­лануы­мыз керек.

Қорыта айтқанда, «Жалғыз­дың шаңы шықпайды» дегендей, еліміз жеке-дара ештеңе істей алмасы анық. Қазақтың байлығы біреудің көз құрты болуы да заңды. Біреулерге қорған болсақ, өзіміз де сол қорғаннан пайда табатындай жағдай үнемі назарда тұруы – уақыт талабы. «Нұр Отан» ХДП осындай міндеттерді шеше алатын  бірден-бір партия деп білемін.

Рахман АЛШАНОВ, «Тұран» университетінің ректоры.

Алматы.

________________

Оң өзгерістер өміршең болсын

«Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде кезектен тыс өтетін партия құрылтайына көптеген үмітімізді арқалап келіп отырмыз. Алдымызда Мәжіліс сайлауы тұр. Сол сайлауға бірнеше партия қатысады. Әрине, халық арасында беделі басым, халықтың дауысын биік ұстаған саяси күш қана жеңімпаз болары белгілі.

Өзім сайлаушылармен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, «Нұр Отан» партиясы беделінің жоғары екенін байқап та, көріп те жүрмін. Шығыс Қазақстан облысында болып жатқан көптеген оң өзгерістер «Нұр Отанның» ықпалының арқасында,  тіпті бастамасымен де жасалып жатыр. Партияның сайлауалды тұғырнамасында медицина саласы ерекше қарастырылған. Біріккен медицина жүйе­сінің міндеті – медициналық көмекті қарапайым халыққа, соның ішінде ауыл тұрғындарына жеткізе білу.

Бұрын көптеген республикалық медицина орта­лықтарына ауылдықтардың қолы жете бермейтін. Осы жүйе қосылғаннан бері олар кезекке тұрып, қалаған медициналық мекемелеріне барып, дәрігерлік қызмет ала алады. Бұл – жақсы жаңалық. Оның енгізілгеніне де бір жылдай болды. Медицина қызметкерлерінің «Нұр Отан» партиясы мүшелерімен бірлесе отырып, осы бағытты әлі де дамытуымыз керек.

Медицина саласында қызмет істейтін дәрігерлердің, медбикелердің және өзгелерінің ең­бекақысы аз деп жатамыз. Қазір дифференциалды ақы төлеу көзделген. Керемет операцияны жедел әрі сапалы жасайтын, жаңалықтарды енгізіп келе жатқан хирургтерді ұстау үшін және олардың әрі қарай да дамуын өрістету мақсатында осы ақы төлеу жүйесін енгізген ұтымды. Бұл «Нұр Отан» партиясының тұғырнамасында бар. Маған да бұл ақы төлеу тетігі ұнайды. Осы екі өзгерістің өзі қарапайым халыққа медицина саласы бойынша көмек көрсетуді жақсартатындығына мен кәміл сенемін.

Рая РАХИМОВА, «Ана мен бала» орталығының бас дәрігері.

Шығыс Қазақстан облысы.

 __________________

Жұмыс қашанда қауырт

Облысымыздағы Хромтау ауданы баршаға танымал десем, артық айтқандық емес. Сол өңірден «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс ХІV съезіне келіп отырмыз. Сайлау күні белгіленгеннен кейін өңірлерде жұмыс қауырт баста­лып та кетті. Менің пайымымша, халық өзі тарапынан сайлауға ерекше ықылас танытуда. Себебі, бұл сайлау бірнеше партия ара­сын­да бәсекелі де тартысты өте­тін­дігімен ерекшеленетіні байқалады.

Қазіргі таңда елдің әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайы жаман емес. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына  біз көптеген жетістіктермен келіп отырмыз. Мы­са­лы, Хромтау қаласында тұр­ғын­дарға қажетті бар­лық жағ­дай жа­сал­ған. Қазіргі таң­да ауыл­дық жерлерге газ желісі мен су құ­бы­ры тартылып жа­тыр. Тек биыл­дың өзін­де екі үл­кен ауылға газ және су жеткізілді. Келесі жылы да осы межеден шығамыз ба деген ойдамыз.

Ауданның биылғы бюджеті 4,5 миллиард теңгені құрайды. Бізде сонымен бірге «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша орал­мандарға 300 пәтерлі баспана да салынуда. Өңірімізде мыс өндірілетін болғандықтан, олар сонда жұмыс жасайды. Өзге салаларда жұмыс істейтін орал­ман­дарға да барлық жағдайды туғызуға ұмтылудамыз.

Аязбай УСМАНҒАЛИЕВ, Ақтөбе облысындағы Хромтау ауданының әкімі.

_____________________________________________________________

Жаңа міндеттер жүктейтіні күмәнсіз

«Нұр Отан» ХДП өзінің Ха­лық­тық тұ­ғыр­­на­ма­сын толық­тай орындап келеді. Осы тұғырнамаға сәйкес жыл сайын Елбасы Жол­дауы жасалып, ондағы көрсетілген шаралар толықтай орындалды деп айтуға болады. Әсіресе, Қазақстан эко­номикасын индус­трияландыру – инновацияланды­ру бағдар­ла­ма­сы  игі нәти­же­лерін беруде. Елі­міз­дің барлық аймақтарында жаңа кәсіп­орын­дар ашылып, эко­­но­миканың көмірсутегі ре­сурс­та­рына тәуел­ділігін жою бағы­тын­да көптеген жұмыс атқарылды.

Біздің солтүстік ай­мақтарда ауыл шаруа­шылығы өнім­дерін өңдеу сала­сында ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізілді. Съезде біздің табыс­тарымызды баянды ету, сөйтіп, ел­дің  эконо­ми­калық пози­циясын ны­ғайту бағы­тын­да алдағы он­жыл­дыққа жаңа міндеттер жүк­телетін шығар деп ой­лаймын. Өйткені, біздің еліміз қазір алыс перспективадағы жаңа жоба­ларды игеруге машықтанып келеді. Мұның өзі экономиканың тұрақтануына берік іргетас бо­лары сөзсіз. Сонымен бірге, халқымызды бір мақсаттағы іске жұмылдыруға оң ықпал ететін болады.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ, сенатор.

_______________________

Қазақстандықтарды топтастырушы партия

«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының атауының өзінде сайлаушы­лар­ға деген жақындық жа­тыр. Жалпы халықты топ­тас­тырушы партия деуге әбден болады. Өйткені, мұнда қо­ғамның барлық тап өкілдері шо­ғырланған. Партия съезінде алдағы бағыт-міндеттерді белгілеп, еліміздің дамуын алға қарай жылжытатын басымдықтар қа­ра­лады деп есептеймін.

Осы орайда алдағы өтетін Пар­ламент Мәжілісі мен мәсли­хат­тар сайлауы демократиялық жағдайда орын аларына еш кү­мән жоқ. Оның басты себебі, жо­ғарғы заң шығарушы органның төменгі палатасы көп партиялы болсын деген та­лапқа сай  сол орын­дарға таласа­тын саяси күштер де қарап қал­май­тын сияқ­ты. Олай болса жария­лы­лық орын алады деген сөз. Әр партия өзінің алға қой­ған міндеттерін жариялай отырып, ашық кү­ре­сетін болады.

Қазақстан үде­мелі индус­трия­лық-инновация­лық бағ­дар­лама­ны жүзеге асы­ра оты­рып, эко­номикада ай­тар­лықтай табысты қадамдар жасауда. Мы­салы, Исатай ауда­нын­да көп­теген мәсе­ле­лер шешімін табуда. Ауданда 25 800 тұрғын болса, соның 12 мыңы белсенді өмір кешуде. Жұмыссыздық 4,9 пайызға дейін төмендеген. Республика бойынша бұл өте жақсы көрсеткіш.

Тоқберген ҚАРАБАЕВ, Атырау облысындағы Исатай ауданының әкімі.

___________________________________________________________

Алдағы жиыннан көп нәрсе күтемін

Мен  кезектен тыс өтетін съезден көп нәрсе күтемін. Менің естуімше, партия отырысында алдағы бес жыл­ға арналған саяси тұғырнама қа­былдануы тиіс. Партияның алдындағы сай­лау­алды тұғырнамасында көрсетілген мін­дет­тердің барлығы да орындалғаны белгілі, олай болса, жаңа құжатта да маңызды қадамдар жасала ма деген үміт бар. Өйткені, алдын-ала жасалған жоба­лық құжатта елдің әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайын айтарлықтай жақ­сартатын ұстанымдар көрініс тап­қан-тын. Сондықтан да сай­лаушылар «Нұр Отан» ХДП тара­пынан үлкен жетістіктерге бастай­тын жаңа бастамалар мен міндеттер күтеді. Біз сол үдеден шығуға барымызды салатын боламыз.

Партияның Орталық аппаратынан бастап, өңірлердегі бастауыш партия ұйымдарына дейін сайлауға тас түйін дайын. Посткеңестік кеңістікте көптеген елдер Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне қызыға да қызғана қарап отыр десем, артық айтқандық емес. Павлодар облысы өндірісті өлке саналған­дықтан, жыл сайын көптеген нысандар салынуда. Соның нәтижесінде жыл сайын 5-6 мыңға тарта жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұл – үлкен жетістік.

Владимир БЕРКОВСКИЙ, Павлодар облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар басқармасының бастығы.

------------------------------------------

Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.