25 Қараша, 2011

Мұнайлы қалада – шырайлы кешен

458 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында атқарылуға тиіс басым бағыттардың бірі ретінде әлеуметтік мәселе айтылады. Өйткені әлеуметтің хал-ахуалы, мұң-мұқтажы түзелмей, қоғам алға баспайды. Маңғыстау түбіндегі қазыналы өлке Жаңаөзен қаласында жыл өткен сайын әлеуметтік жағдай жақсарып келеді. Ырыс пен игіліктің, байлық пен молшылықтың ортасына айналған мұнайшылар қаласының бүгіні мен ертеңі негізінен  мұнай және газ өндіру, оны өңдеумен тікелей байланысты.

Жаңаөзен қаласындағы экономи­калық-әлеуметтік проблемаларды шешу үшін Үкімет қабылдаған арнайы бағдарлама аясында біраз жұмыстар атқарылуда. Жергілікті билік орган­да­ры аталған бағдарламаны іске асыру мақсатында кешенді шаралар жүр­гізу­ді ұйымдастырып келеді. Осы ретте айта кету керек, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-та Жаңаөзен қала­сы­ның дамуына қомақты үлес қосып отыр. Ресми мәліметтерге назар аудар­сақ, мұнай компаниясы келісім-шарт­тық міндеттемелеріне сай Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданының әлеу­меттік инфрақұрылымын дамыту бағ­дарламасы негізінде 2008 жылдан бері жыл сайын 900 млн. теңге бөліп келеді. Маңғыстау облысы әкімдігімен қол қойған аймақтың әлеуметтік жобала­рын қосымша қаржыландыру туралы меморандумға сәйкес, 2009 бен 2010 жылдары 970 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Әрине, мұның бәрі әлеуметтің әл-ауқатын жақсартуда және  халықтың тұрмыс деңгейін көте­руде зор көмек. Сондай көмектің бірі – мұнайшылар қаласында әлеу­мет­тік маңызы бар жоба саналатын балалар лагері мен медициналық сауық­тыру орталығы пайдалануға берілді.

Жаңаөзен қаласынан 64 шақырым жердегі «Кендірлі» демалыс орнында ашылған жаңа медициналық оңалту орталығы «Қазмұнайгаз» Барлау Өнді­ру» АҚ пен «Медикер» ЖШС-нің бірлескен жобасы. Аталмыш екі әлеу­меттік нысан Маңғыстау облысы Жа­ңа­өзен қаласының әлеуметтік-эконо­мика­лық даму мәселелерін кешенді түрде шешу шаралары аясында салын­ды. Медициналық сауықтыру орталы­ғында енді мұнайшылар мен олардың бала­л­а­ры емделеді. Бұл орталықта Пав­лодар облысындағы Мойылды көлі­нен әке­лін­ген емдік батпақ, Катон­қарағайдан жеткізілген бұғы пантасы бар. Мұнда сумен, сүлікпен, парафинмен, өсімдік­тер­мен (фитотерапия), оттегі терапия­сы­мен, дәстүрлі физиотерапиямен емдеу үздіксіз жүргізіледі. Мұнайшыларға 36 күн еңбек дема­лысы берілсе, соның он күнін осында өткізіп, денсаулықтарын тексертуге зор мүмкіндік жасалып отыр. Маусым сайын орталықта 1600 адамның дема­луына жан-жақты жағдай қарасты­рыл­ған.  Медициналық сауық­ты­ру орта­лы­ғы жанынан ашылған диа­гнос­тика­лық орталықта осында келген жан­дардың қандай аурумен ауыра­тын­дығын, қандай ем қолдану қажеттігін уақыт күттірмей анықтап береді. Айта кеткен жөн, жаңаөзендік мұнайшылар бұған дейін жыл сайын Жаңақорған, Сарыағаш шипажайларына барып емделетін. Алла жазса, енді “Кендірлі” демалыс аймағында іске қосылған медициналық-сауықтыру орталығы бұл мәселені түпкілікті шешіп, мұнай­шылардың алысқа бармай-ақ, жақын жерден ем қабылдауына жағдай жаса­мақ. Әлеуметтік бағдарламаға бюджет тарапынан  6 млрд. теңге бөлінген бол­са, соның 3,5 млрд. теңгесі осы сауықтыру орталығын ашуға жұмсал­ған. Кендірлі демалыс кешені аумағы­нан салынған 250 орынды балаларға арналған сауықтыру лагері де заман талабына сай жабдықталған.

Жоба бойынша мұнда балаларға арналған бассейн, спорт залы, асхана, шағын кинотеатр, жазғы сахна салын­ған.  Сонымен бірге футбол, волейбол, теннис ойнауға арналған алаңдар бар. Лагерь аумағы өте кең болғандықтан балалардың еркін ойнап, жақсы дема­луына барлық жағдай қарастырылған. Лагерь айналасына түгелдей бейне­бақылау орнату жоспар бойынша енгізілген. Мұндағы мақсат – балалардың демалыстағы қауіпсіздігін сақтау, қа­дағалау.  Лагерь аумағы абаттанды­ры­лып, шағын мүсіндермен безендірілген.  Лагерде ай сайын  300 бала демалып тұрады.

Қысқасы,  «Кендірлі» демалыс аймағының екінші тынысын ашқан аталмыш әлеуметтік нысандарда  мұнайшылар да, олардың балалары да жайлы демалып, кешенді емделу секілді игілікті істердің жемісін көреді деген сенімі мол.

Мереке ТАҢАТАРОВ.