Қаржы • 06 Наурыз, 2018

Криптовалюта: оған бүгінгі көзқарас қандай?

707 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен жылы дүние жүзінің сарапшылары Алматыда бірнеше рет бас қосты. Олардың пайымдауынша, криптовалюта ұғымын көпшілік кәдімгі электронды ақшамен шатастырып, онсыз да бұлыңғыр түсінікті одан сайын тұмшалап жіберген.   

Криптовалюта: оған бүгінгі көзқарас қандай?

Қаржыгер сарапшылардың айтуынша, дамыған елдердің криптовалютаға қызығып отыр­ғаны бірінші кезекте оның жария­лылығымен байланысты. Яғни, бұл теория бойынша барды жасыру мен жоқты асырып көрсету мүмкін емес екен. Криптовалюта тақырыбының біздің БАҚ-та бәсі басым бол­ғанымен, банктер, шетелдік және отандық инвес­торлар оған салқынқандылық танытып отыр. АҚШ, Еуроодаққа мүше елдер де асығыстық таныт­пай отыр екен. Қаржылық жү­йесі бізбен салыстырғанда әлде­­қай­да дамыған елдердің аяқ тар­туының өзіндік себебі бар. Миллиардер һәм филантроп Уоррен Баффет өткен жылдың аяғында оның абстрактілі сенім­ге емес, спекуляциялық құрал­ға негіз­делгенін айтып салды. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев криптовалютаның нақты активтерге негізделуі тиіс екендігін алдын-ала ескерткенін тілге тиек ете кетейік.

Ұлттық банк биылғы жылдың басында криптовалюталарды сатып алу мақсатында қолма-қол ақша енгізу жолымен және қолма-қол ақшасыз тәртіппен интернет желісі арқылы бағдарламаларға қатысуды ұсынып жатқан компаниялар бар екенін айтқан-ды. Бір сөзбен жеткізер болсақ, елде тіркелген және криптовалютамен пайда табуды көздейтін компа­ниялардың қызметінде қаржы пирамидаларының элемент­тері байқалады екен.

Таяуда Алматыда өткен халық­аралық криптоконференция­да осы өзекті мәселе кезекті мәрте тал­қыланды. Шара басталардан бірер күн бұрын «Expert Update» алаңында бас қосқан қаржыгерлер Қазақстанның криптовалюта нарығындағы жағдайды ортаға салған болатын. Қаржыгерлердің пайымдауынша, банк секторына IT технологияларды жеделдетіп енгізу керек, бірақ криптовалютаны заңмен реттейтін тетік­тер­ді қолданысқа енгізуге асығу­дың реті жоқ. Ұлттық банк төраға­сы­­ның кеңесшісі Айдархан Құ­сайыновтың сөзіне қарағанда, кө­п­теген елдерде бұл мәселе әлі талқылану деңгейінде.

– Олар талқылаудан кейін нақты тетіктерді қолға ала ма, әлде сонымен тоқтап қала ма, ол жағы уақыттың еншісінде. Сон­ды­қтан асығыс шешім қабыл­дамайық. Тұрғындарды және кәсіби емес инвесторларды түп-төркіні күмәнді активтер­ден қор­ғау керек,– дейді Айдархан Құсайынов.

Қазақстан қаржыгерлер қауым­­дастығы қаржылық техно­логия және инновацияны дамыту орталығының директоры Константин Пак криптовалюта туралы түсініктің өзі алдап-арбаудан тұратынын, оның валюта, төлем құралы емес екенін, тіпті криптовалюталардың қаржы­лық құны мен салмағы туралы ешкім білмейтінін айтады. Соған қарамастан, өткен жылы крип­товалюталардың әлемдік капиталдануы 673 млрд АҚШ долларына жетіпті. Тіпті оның ең жоғары көрсеткішін 5 трлн доллар дейтіндер аз емес.

Елімізде 2017 жылдың қазан айында өткен ICO жиынында Қазақстанның блокчейн қауым­дастығы құрылған-ды. Сол жиын­да ұлттық криптобиржа құр­маққа да талпыныс жасалды. Қазақстандағы криптовалюта және блокчейн қауымдастығының төрағасы Есет Бутин блокчейн технологиясының Қазақстан эко­но­микасына бейім тұстарын зерт­­теумен айналысатын сарап­шы­лар кеңесі ашылатынын, жан-жақты зерттеп болған соң инвесторларға қаржы салу немесе салмау туралы кеңес берілетінін айтты. Е.Бутиннің пайымдауынша, криптовалютаны сатып алу­ға шамасы келетін топ емес, ша­масы келмейтін кедей топ криптонарықта мәсе­лені қиын­датуы мүмкін. Себебі олар кәсіби қатысушы болма­ған­дық­тан, қажетті қаржы жиналған күн­нің өзінде нарыққа дербес шыға алмайды екен.

Қазақстан қаржыгерлер қауым­­дастығының өкілі Конс­тан­тин Пак болса криптовалюталар на­рығы түп негізі, аты-жөні белгісіз бір тұлға ойлап тапқан ба­ғдар­ламаның бір бөлігі болып шығуы да әбден мүмкін екенін айтады.

– Қаржылық жағынан реттелмеген және заңдық тұрғыда белгілі бір тәртіпке бағынбайтын, білім-ғылымның шеңберіне сыймайтын механизм біреулердің ақшасын қабылдап алады, айналымға салады. Криптобиржалардағы жа­рия­ланған баға да объективті емес. Капиталдануды есептеу ал­го­ритмі де түсініксіз,–дейді ол.

Е.Бутин жиын барысында Қазақстанда брокерлер мен дилерлерге активтерінің 1 пайызын криптовалютада сақтауға мүмкіндік беретін «light-меха­низмін» қалыптастыру туралы ұсынысын айтты. Бұл қазақ­стан­дықтарға кәсіби қатысушылардың көмегімен қор нарығына шығуға мүмкіндік береді.

Сарапшы Алексей Сидоров­тың айтуынша, криптонарықты заңмен реттеу дәл қазір мүмкін емес.

– Әлемде криптовалюта ин­дустриясын заңмен ретте­ген бірде-бір мемлекет жоқ. Себебі оның құрылымында орта­лық­сыз­дандыру және транзакцияны екінші адамның қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкіндігі қарас­ты­рылған. Ал Қазақстан эконо­микасы әлеуметтік бағытқа н­е­гізделген. Ұлттық банктің кри­­п­то­валютаға шектеу қойған себе­бі сол. Мұндай шектеулерді кәс­і­би емес қатысушыларының мүд­десін қорғау үшін біраз елдер қол­данады, – дейді ол.

Әлемдегі ең ірі блокчейн плат­формасын құрған Талғат Тас­қожаев та мұндай технологияны Қазақстанда құруға ешбір кедергінің жоқ екенін, дегенмен сақтану қажет екенін жеткізді.

– Бізде мамандар легі қалып­тасып келеді. Олардың әлеуеті америкалық әріптестерінен кем емес. Біз өз мамандарымыз­ды дайындап алмасақ, бұл мәсе­лемен ертең шетелдік мамандар айналысады– дейді ол.

Ұлттық банк ұсынған дерек­тер бізге криптовалюта керек еке­­нін айтады. Бұл – «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасын алға жыл­жытатын қозғаушы күш. Бірақ бізде бұл мәселе тек ин­вес­ти­ци­ялық қызметтер ұсынатын қор жұмысы, ол виртуалды дең­гейде дами бастады. Мамандар болса Жапония немесе Оңтүстік Корея елдеріндегі виртуалды валюта біздің экономикамыздың менталитетіне жақын дейді. Егер олардың технологиясын өзімізде енгізе алсақ, қолма-қол ақша массасын азайтып, көлеңкелі эконо­миканың ықпалын әлсіретуге болады. Ол үшін бірінші кезекте экономикалық-қаржылық сауаттылық керек.

«Asia Blockchain» ком­мер­ция­лық қауымдастығының бас­­шысы, трейдер Т.Тмуслим крип­­товалюта инвестиция емес, тіпті оның экономикалық-қар­жылық сипаты айқындалма­ған деп санайды. Т.Тмуслим хал­қы­мыздың басым көпшілі­гі­нің қаржылық сауатының тө­мен екендігіне қынжылатынын жасырмады. Мұндай жағдайда, әсіресе алғашқы кезеңдерде сақ­тық шаралары тығырықтан алып шығатын бірден-бір жол екен.

– Криптовалюта туралы шала сауаты бар салымшылар ақш­а­сын салып, тезірек пайда тапқы­сы ке­ле­ді. Олар бұған тек маркетинг немесе айсбергтің ұшар шыңы деп қарайды. Механизмін түсінгісі келмейді. 18 млн халық­қа бір мезгілде қаржылық сауат­ты­лық курсын жүргізу, жүргізген күн­нің өзінде оның бірден нәти­желі болуы мүмкін емес,– дейді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанда кедей адамдар өте көп. Бұл ин­вес­торлардың биткойн немесе криптовалютаға инвестиция салуына кедергі келтіреді. Егер қазақ­стандықтардың кем дегенде 60 пайызының тұрмыс деңгейі орта класты топтан жоғары тұрса, криптовалютаның кері зардабына ешкім назар аудармас еді.

 

Гүлбаршын САБАЕВА

АЛМАТЫ