Бір адам норма бойынша жылына кемі 14 кило балық өнімін тұтынуы тиіс болса, бұл көрсеткіш елімізде едәуір төмен. Балық шаруашылығын қалыптағыдай дамытуға мүмкіндік жеткілікті болғанына қарамастан, ішкі әлеует ұтымды пайдаланылмай жатқанын өнімдердің сырттан үздіксіз тасымалданатынынан-ақ аңғаруға болады. Бұл саламен айналысуға мүдделілер жетіп-артылса да оған қолдау көрсетілмейтіні түсініксіз. Осындай немкетті көзқарастан кейін дүкен сөрелері шетел өнімдеріне толы болмағанда қайтеді?! Олардың бағасы қолжетімді болғандықтан тұтынушылардың таласа-тармаса сатып алатынын көріп жүрміз. Мұндай өнімді ұсынушылар сапа жағына бас ауыртып жатпайды, өнімнің басым бөлігі көрші Ресейден жеткізіледі.
Көзін таба білгенге балық шаруашылығы да табысты, өтімді сала екенін жекелеген кәсіпкерлер тәжірибесінен білуге болады. Бірақ ауланған олжаны өңдейтін кәсіпорындардың жоқтығы, заңсыз балық аулаушылардың азаймай отырғаны, тағы басқа себептер салдарынан экспорт түгілі жергілікті нарық толық қамтамасыз етілмеуі тиісті орындарды ойландырса керек.
Өңірде балық шаруашылығын дамытуға барлық қажетті алғышарттар болғанымен, есептегі 1328 су айдынының 426-сы ғана пайдаланылады екен. Оларды кәсіпкерлер ұзақ мерзімге жалға алса, 167-сі әлі күнге дейін резервтік қордың есебінде тұрғаны түсініксіз. Былтыр бар-жоғы мың тоннаға жуық балық және басқа су жануарлары ауланыпты. Өңірдегі өзен-көлдерді жиырмаға тарта жергілікті және жерсіндірілген балық түрлері мекендейді. Олардың ішінде мөңке, алабұға, табан, шортан, шабақ, тұқы және тағы басқа балық түрлері үлкен сұранысқа ие. Алайда, шаруашылықты дамыту жоспарлары қағаз жүзінде түзілгенімен, ғылыми-зерттеу, техникалық және технологиялық жабдықтау жұмыстары талапқа сай атқарыла бермейді. Балық шаруашылығын дамытып, кәсіпкерлерді көптеп тартып, өндіріс көлемін арттыру үшін 2017-2019 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде өзен-көлдерге 44 миллион дана тұқы және сиг дернәсілдері жіберілген болатын. Мемлекеттік тапсырыс бойынша Петропавл балық тәлімбағы қазынадан бөлінген қаржыға Сергеев пен Петропавл су қоймаларына 95 миллион шабақ жіберген. Алайда, бұл шаралар аздық етеді, кешенді шаралар қолға алынуы керек. Жыл сайынғы жетістіктер жіпке тізгендей алға тартылса да түйінді мәселелер жетіп-артылады. Мәселен, браконьерлікпен айналысушылардың қатары сейілер емес. Әсіресе, омыртқасыз су жәндігі – артемияны заңсыз аулаушылар қатары көбейіп барады. Фармацевтикалық өнеркәсіпте баға жетпес биологиялық өнім ретінде пайдаланылатын артемияны пайдалануға шектеу мен квота белгіленбек түгілі, аулауға да рұқсат жоқ. Соған қарамастан артемия заңды белден басушылардың көз құртына айналғалы қашан! Тұзды көл өнімінің зор пайдасын білетіндер оны жасырын жолдармен экспортқа шығарып, ен пайданың қызығын көріп жүр. Мамлют, Тайынша, Уәлиханов аудандары аумақтарында орналасқан көлдерде оннан астам заңсыз балық аулау оқиғасы тіркеліп, қылмыстық істер қозғалған. Керісінше ресейліктер артемияны қайта өңдеуде озық технологияларды кеңінен қолданады. Мысалы, Алтай өлкесінің билігі үлкен кәсіпорын ашып, жыл сайын 3,5 миллиард теңге табыс алып отыр.
Қазақстандағы көлдердің 40 пайыздайы Қызылжар өңірінде орналасқан. Біз осы әлеуетімізді толық пайдалана алмай келеміз. Балық шаруашылығын дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға, қосымша кіріс көздерін табуға болады. Бұл салада небәрі 180 солтүстікқазақтандық еңбек етеді. Салық түсімі аз. Біраз көлдер иесіз қалған. Сондықтан жергілікті тұрғындарды осы салаға тарта отырып жұмыспен қамту мәселесін шешуге болады. Бір сөзбен айтқанда, тауарлы балық шаруашылығын өркендетудің ішкі мүмкіндіктері көп.
Өңделмеген балық пен артемияны сыртқа шығармаудың, браконьерлікке тосқауыл қоюдың барлық жолдарын қарастырған жөн, деген еді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов әкімдіктің бір отырысында. Көрші ел тәжірибесін зерттеп, үлгі алуға шақырған. Шаян тәріздес құрттарды жасанды жолмен өсіруге басымдық беру қажеттігін атап көрсеткен.
Иә, облыста балық шаруашылығын қолдау тетіктері қалыптасып жатқанымен, бұл салада әлі ілгерілеу байқалмайды. Балықшылардың жергілікті саны мен нарықтағы өнімнің үлесі мардымсыз. Қалдықсыз өңдеуден гөрі табиғаттың есепсіз байлығын аулаумен ғана шектелу секілді тұтынушылық психология басым. Соңғы бес жылда ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің мөлшері өспеген.
Артемия салинаның бір тоннасы 3,5 миллион теңге тұратынын ескерсек, балық та байлық көзі екенін тіпті ұғынғандай боласың. Айтқандай, Қытай демекші, Аспанасты елінің алпауыт қаржыгерлері инвестиция құю арқылы өңірде балық кәсіпорнын салуға ниетті. Осылайша ырғалып-жырғалып жүргенде есепсіз ен байлық өзгелердің қанжығасында кетіп қалмасын делік.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы