Қазақстан • 06 Наурыз, 2018

Абайды алғаш насихаттаған Зейнелғабиден

1357 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи – (ол өз шығармаларына осылай арабша мәнерде қол қоятын болған) бұл Зейнелғабиден Әміреұлы, жа­уар руынан, Омбы қаласынан шыққан дегенді білдіреді. Де­генмен, шын­дығына келсек көш­пелі рудың жағ­рафиялық ау­м­а­­ғы бұдан әлде­қайда кең еді: яғни тек Омбы төңірегіне ғана емес, бұрынғы Көк­шетау об­лы­­­сының аума­ғы­на дейін ұласа­тындықтан, ең оң­­түстігіндегі қо­ныстарының бірі Сиыршы ауылы болатын. Бұл ауылдың орны қазіргі Дәуіт стансасы тұрған жер, Зейнел­ғабиден де осында мәңгілік мекен тапқан.

Абайды алғаш насихаттаған Зейнелғабиден

Зейнелғабиден әл-Жауари Уфа қаласындағы «Ғалия» жоға­ры діни оқу орнында білім ала­ды. Сол кезеңде Ресейде бұл медресе мұсылмандарға ар­нал­­ған ең беделді оқу орны бо­ла­тын, мұнда ислам рухына тәрбиелеумен қатар, өзге дү­­ния­уи білімге: физикаға, фи­ло­софияға және басқа да ғы­лымдарға мән беретін еді.

Медресені бітірген соң 1916­ жылы Зейнелғабиден өз қар­жысына туған ауылы Сиыр­шыда мектеп ашады, ондағы оқу қазақ және орыс тілдерінде жүргендіктен, казақ-орыс мек­тебі деп атала­ды.­ Бұл да «Ға­лия» медре­се­­­сін бітіруші түлек­тердің дәс­­түрі еді. Орыс тілін оқып үйренуді ол қазақтардың әлем­дік өрке­ниетке кірі­гу­ құралы деп са­нап, басым ба­ғыт ретінде мән береді.

Мектеп н­е­­­бә­рі төрт жыл­ ғана өмір сүр­­геніне қа­ра­­мастан, осы­ өңір­дегі ха­лық­қа білім беру ісінде айқын із қалдырды. Белгілі қоғам және саясат қайраткері Смағұл Сә­дуақасовтың 1916 жылы осы мек­тептің мұғалімі болуы да қызықты дерек. Зейнелғабиден әл-Жауаридің ағартушылық ісі нағыз самғау шағында кілт үзілді, 1920 жылы шығармашылық қарымы тебіндеген 37 жасында ол өмірден өтті (жалғыз баласы Ануар соғыстан қайтпады).

Зейнелғабиден әл-Жауаридің ең маңызды туындысы – 1909 жылы Уфа қаласында басылған «Насихат Қазақия» кітабы. Еңбекте автор қазақ халқының идео­логиялық, педагогикалық және әлеуметтік проблемаларын ашып көрсете отырып, бір жағынан, өз білімінің энци­клопедиялық сипатын танытады, ал екінші жағынан, әрбір баяндалатын тақырып ауқымының кәсіби білімдік маңызын да көрсетеді. Ол сонымен қатар сол замандағы озық ойлы қай­рат­­керлердің басты мінбері сана­латын қазақтың алғашқы қо­ғамдық-саяси журналы «Ай­қаптың» (1911-1915 жылдары Троицк қаласында шығып тұр­ған) белсенді тілшілерінің бірі болды. Оның тағы бірнеше туындыларын қуғын-сүргін жылдары, туыстары темір сандыққа салып, қабірінің жанына, турасын айтқанда, «жерлеген» екен. Бұл жәдігер заттар қазіргі күнге дейін табылмай отыр.

Зейнелғабиденнің әкесі Әмі­ре қажы Қазақстанның сол­түстік өңіріне белгілі тұлға, бо­­­­лыс болған әрі өз тұсындағы дәу­­­­летті адамдардың бірі екен. Өз руының жерін басып өте­тін Батыс Сібір темір жолы құ­ры­лысын салу ісіне үлкен үлес қосқан. Әміре қажы мұсыл­ман­дар үшін қасиетті орынға екі рет сапарлайды, алайда тағдыр оған екінші сапарынан аман-есен оралуды жазбаған екен, Мекке қаласында дүниеден өтіп, сонда жерленеді. Ол тура­лы жарқын естеліктер күні бү­гін­ге дейін сақталған: Омбы облысындағы Москален ауданында «Әміре сайы» («Балка Амре») атты жер бар.

Зейнелғабиденнің кітабын оқи отырып, осы бір тұлғаның ішкі еркіндігіне, тіпті сол за­ман­ның жаһандық проблемаларын беделді тұлғалар алдында ешқандай бүгежектеп қорқусыз қарастырған өжет­тігіне қайран қаласың. Ондағы сараптауларының тереңдігі, ұсыныстарының барынша уа­қы­тылы қойылуы, ойлау ауқы­мының кеңдігі және де өз хал­қының қайғы-қасіреті мен тағ­дыры үшін жауапкершілігіне разы боласың. Сол толғамдардың авторы әлі отызға да толмаған жас екендігін білгенде бұл таң­­даныс бұрынғыдан да арта түсетіні анық.

Тіпті ақыр соңында, автор­дың тілі, жазу стилінің өзі сұ­­­лу­лығымен, байлығымен, әсер­­­лілігі және бейнелілігімен таң­ғалдырады. Арада қаншама жыл­­дар өтсе де осы бір біртуар адам­ның ізгілікті мақсаты бәз-бая­ғы қалпымен жү­рекке тура же­тетіндей. Сон­дық­­тан да бұл­ ең­бектің оқыр­ман­ды бейжай қал­дыруы, игі әсер­ етпеуі мүм­кін ­емес.

Әйгілі түркі­та­ну­шы ғалым М.Мыр­­­­­­­­захметов Зе­­й­­­­­­нел­­ғабиден әл­­Жа­­уаридің Абай тұл­ғасын за­­­­ма­­­­нының ұлы ойшылы ретінде тану ісіне қандай баға жеткісіз үлес қосқанын атап көрсеткен бола­тын. Мұхтар Әуезовтің өзі­ де «Насихат Қаза­қия» кіта­бы­на оң пікір берген. Ұлы адам­­дар­дың ғылым, өнер, жалпы мәдениеттің қай саласында болсын, қандай бір ұлы іс тын­дырғанынан гөрі, әдетте, оны сондай дәрежеде мойындатып танытуға қол жеткізудегі жо­лының барынша күрделі болатынына тарих куә.

Зейнелғабиден әл-Жауари өз кітабында сол кезең үшін бі­лім алуды өзекті міндет ре­тін­де қарастыра отырып, мектеп­те оқу-тәрбие үдерісін ұйым­дастыруға барынша көңіл бөледі. Мұнымен қа­тар, қазіргі күні көпке белгілі, ол кез үшін өзекті бол­ған сыныптық сабақ жүйесін ұйым­дас­тыру сияқты дидак­тиканың бастауларын насихаттайды, оның еңбектерінде классикалық пе­да­­гогикалық ұс­та­нымдарды тия­нақтап бекітетін көп­теген идеялар кез­деседі және олар қазіргі күнде де өте өзекті болып се­зіледі. Мысалы, ол былай деп жазады: «Бала табиғатын ескерместен, өзі­нің орашолақ әрекет­терімен жеті-сегіз жастағы баланың әлі жетіле қоймаған жанын іс жүзінде зорлыққа ұшыратады». Бұл неге табиғатқа икемділік қағидаты болмасқа? Оның тілдерді оқыту жөніндегі ұсынысы да біздің тілдерді оқыту бойынша қазіргі саясатымызбен сәйкес келеді. Алайда біз бұл жағдайға тек ХХІ ғасыр шегінде ғана жетсек, ол бұл идея­ны ХХ ғасырдың басында-ақ айтқан екен.

Мектепте оқытуды ұйым­дас­тыру бойынша оның өз­ге де өсиеттері мен насихат­та­ры, мұғалім тұлғасына деген көз­қарасы, балаларға деген құр­метіне қарап біз Зейнел­ғабиден әл-Жауари шын мәні­сіндегі ұлы гуманист, патриот және ағартушы болды деп айта алсақ керек.

Оның сөздері Абай және Ы.Алтынсарин сөздерімен үн­дес. Бұл, мүмкін, олардың бір дәуірде өмір сүріп, өз дәуірі­нің көкейкесті мәселесіне үн қатуларына, ең бастысы, олар­дың терең мазмұнды болуына байланысты болса керек. Оның тілді оқытуға қатысты пайымы да таңдандырады, мұнда ол осы заманғы дидактикалық жағ­дайды алдын ала болжап қана қоймай, сонымен бірге бұларды этникалық сипаттағы проблемалармен қоса интернационализм рухында алып қарастыра алған. Автор саяси құрылысқа және демократиялық институтқа қатысты сұрақтарға да бірегей ойларын білдіреді.

Зейнелғабиден әл-Жауаридің шығар­малары туралы ұзақ уа­қыт бойы жақ ашпауға тура кел­ді. Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауаридің орысша-қазақша мектебі әлдеқашан жоғалған, Сиыршы ауылы да жер бетінен өшкен, тек көне зират қана бұл жерде бір заманда ауыл болғанын еске салып тұр.

Бірақ оның кітаптары қал­ды, ұрпақтан ұрпаққа толқын­дай ұласып игілікті ықпал жасаушы ізгілікті істері қалды. Қазақ КСР Жұмысшы-ша­руа­лар инспекциясының алғаш­қы басшыларының бірі бол­ған, 1937 жылы ату жазасына ұшыраған Хабиболла Әм­рин, Қазақ КСР Ғылым академия­сының корреспондент-мүше­сі Ғайнетдин Мұсабаев, халық­қа білім берудің негізін қалау­шылардың бірі, Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мұғалім Сабыр Мәліковтер сияқты, өзінің ұлы ұстазының адамгершілігі мен ісіне деген жауапкершілігін лайықты деңгейде жалғастырған шәкірттері қалды.

 

Тұрсынбек МӘЛІКОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің физика және математика кафедрасының профессоры