Қазақстан • 08 Наурыз, 2018

Шағын несиелендіру 14 мың адамды қамтиды

454 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 

Елбасы биыл қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелеу көлемін 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырғаны белгілі.

Шағын несиелендіру 14 мың адамды қамтиды

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау вице-министрі Нұр­жан Әлтаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Мем­лекет басшысы жариялаған бес әлеуметтік бастаманың ішін­дегі шағын несиелендіру кө­лемін кеңейту мәселесіне арнайы тоқталды. Министрдің орын­басары бес әлеуметтік баста­маның да халықтың ең өзек­ті сұраныстарын қамтып отыр­ғанын, соның бірі шағын несие­лендіруді арттыру жаппай кәсіп­керлікті дамытуға негіз болатынын атап өтті. Вице-министрдің айтуынша, шағын несиелендіруді арттыру ауыл тұрғындарын жаңа табыс көздерімен және жұмыс орындарымен қамтамасыз етпек. Мәселен, микрокредитті кеңейту шаралары биыл 14 мыңнан астам адамды несиемен қамтуға мүмкіндік береді.

Азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларының орындалуы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Былтыр бұл бағдарлама арқылы 7 227 шағын несие берілді. Ауылдық жерлер мен қалаларда шағын несиені алғандар қатары 6 791 адамды құрады. Сонымен қоса кәсіпкерлердің 57 пайыздан астамы стартап жобалары ретінде жеке кәсібін ашты. «Бастау-Бизнес» жобасы шеңберінде 15 мың адам кәсіпкерлік саласында оқытылып, 3 314 адам шағын несие алды. Кредиттің қол­же­тімділігін кеңейту мақсатында кепілдендірілген несие беру механизмі енгізілді. 2017 жылы 420 кепілдемеге келісімшарт жасалды. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының көмегімен былтыр шағын және орта бизнес 3,6 пайызға артты. 2018 жылы аталған бағдарламаны қаржыландыруға 87 миллиард теңге қарастырылған.

«Сонымен бірге микрокредиттеуге 20 миллиард теңге бөлі­ніп, оның 14 миллиард тең­гесі ауылдық жерлерге, 6 мил­лиард теңгесі қалаға бағытта­латын болады. Бұдан басқа мик­ро­кредиттерді беру мөлшері қа­лалар мен ауылдар үшін қайта сараланады», деді вице-ми­нистр. Яғни қалаларда және ауылды елді мекендерде зәкірлік кооперацияларға берілетін микрокредиттің орташа мөлшері 6,5 миллион теңгеден аспайды. Ал ауылдық жерлердегі бас­қа да жобалар үшін бұл шағын несие көлемі 3,5 миллион тең­геден аспайтын болады. Бұған дейін шағын несиелеу ұйым­дары ұсынып келген пайыздық үс­темелер жылына 30-50 пайыз­ды құрағандықтан, ауылды жер­­лерде кәсіп ашуға мүлдем қо­лайсыз еді.

Егер ауыл тұрғыны шағын не­сие алу арқылы жеке кәсібін аш­қысы келсе, жұмыспен қам­ту орталығына, «Атамекен» кәсіп­кер­лер палатасының филиалына немесе әкімдікке хабарласа алады.

«Оның өтінімі бірден жұ­мыс­пен қамту орталығына жіберіледі. Онда оны «Еңбек» ақпараттық жүйесі арқылы тексеріп, өтінім иесінің шын мәнінде жұмыссыз әлде өзін өзі жұмыспен қамтушы екені анықталады. Бұдан кейін оған несиені алу және қажетті құжаттар жөнінде консультация беріледі. Сонан соң «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша оқытуға жіберіледі. Оқыту курсын тәмамдаған соң сертификатқа ие болады да,
5 немесе 7 жылға дейін жылына 6 пайызбен несие алу құқына ие болады», деді Н.Әлтаев.

Әрине жеке кәсібін ашқысы келетін жастар көп. Бірақ ауылды жерлерде олардың несиеге өтініші қанағаттандырылмайды, екінші деңгейлі банктер кепіл­деме ретінде ұсынған мүлкін көбі­несе қабылдамайды. Сон­дық­тан мемлекеттік бағдар­лама кепілге қоятын мүлкі жоқ кәсіп ашушыларға арналған ке­піл­деме жүйесін қарастырады. Егер ол кәсібін енді бастап жат­қан жан болса, несиенің 85 па­йызына мемлекет тарапынан кепілдік беріледі. Бұл кепіл­демені ауылда болса «Қаз­Агро­Гарант» ұйымы, қалада болса «Даму» қоры береді. Егер іс басындағы кәсіпкер ретінде бизнесін кеңейту мақсатында қаржы алғысы келсе, онда жылына 50 пайызына дейін кепілдік беріледі, деді вице-министр.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»