Қазақстан • 08 Наурыз, 2018

Қызметте де, отбасында да дипломат

989 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

 

Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттің сыртқы саясаты стратегиялық бағыттардың бірі ретінде ерекше маңызға ие екені белгілі. Бүгінгі таңда осындай жауапты салада қызмет етіп жүрген әйелдер де баршылық. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Егемен Қазақстан» газеті сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметімен бірлесе отырып дипломат әйелдер арасында сауалдама жүргізіп, бірнеше сұраққа жауап алған болатын.

Қызметте де, отбасында да дипломат

Негізінен дипломатия ерлердің жұ­мысы екені жиі айтылады. Бұл пікірмен келі­сесіз бе?

2. Неліктен дипломатиялық қыз­мет­ті таңдадыңыз?

3. Әйелдерге тән қасиеттердің дипло­ма­­тиялық қызметте көмектескен кез­де­рі болды ма?

4. Жауапты қызмет пен отбасын қатар алып жүру қиын ба?

Раушан ЕСБОЛАТОВА,
Қазақстанның Таиланд Король­ді­гін­дегі Төтенше және өкілетті елшісі

1.Расымен, дипломатия ғасырлар бойы ерлер мамандығының қатарына жат­қызылды. Дегенмен, бүгінде дип­ло­мат­тар қатарында әйелдердің саны артуда. Мы­салы, Нью-Йоркте бас консул әйелдер саны 27-ге жетті. Ал Таиландта 12 елші әйел аккредиттелген. Менің ойымша, қа­зір­­гі таңда бұл саланы тек ер азаматтарға ғана тән деп кесіп айтуға болмайды.

2. Бұл қызмет арқылы Елбасы маған үлкен сенім артты деп ойлаймын. Сонымен қатар дипломат өзінің кәсібилігін, интел­ле­ктуалды капиталын, әлеуметтік бай­ланыстарын пайдалана отырып Қазақ­стан­ның дамуы мен ел игілігі үшін өз Ота­нынан алыс жерде жұмыс істейді. Бұл да үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық.

3. Менің ойымша, патриотизм, елі­не деген сүйіспеншілік, мемлекеттің жетістіктерін мақтан тұту адамның жынысына тәуелді емес. Ал дипломат жұмыс барысында кез кел­ген адаммен тіл табысуы керек. Бұл әйел адамдарға тән қасиеттердің бірі деп ойлай­мын. Сонымен қатар біз жергілікті әйелдер қау­ымымен тығыз қарым-қатынаста бо­ла­мыз. Бұл да қызметімізге пайдасын ти­гізбей қоймайды.

4. Отбасы да дипломатияға негізделген кі­шігірім мемлекет екені сөзсіз. Ұлым ме­нің жауапты жұмыс істейтінімді тү­сінеді. Ал мен онымен уақыт өткізу үшін әр мүм­кіндікті пайдалануға тырысамын. Та­­ңертең 5-те тұрып, таңғы ас әзірлеп, мек­теп­ке шығарып саламын. Жұмыс қан­ша­лықты маңызды болғанымен, отба­сын­дағы тәртіпті сақтауға, бала тәрбие­­сіне уақыт бөлу керек.

 

Мәдина ЖАРБОСЫНОВА,
ЕҚЫҰ Адам саудасына қарсы күрес жөнін­дегі арнайы өкілі және үйлес­ті­ру­шісі

1.Шынында да дипломатия ер-аза­маттарға тән сала ретінде мойындалған. Мен дипломатиялық қыз­метке енді кел­генде көп жұмыс істеуге, кәсі­би дең­гейде ерлермен тең немесе кей­бір жер­лерде жоғары болуға лайық екенім­ді дәлелдеуге мәжбүр болдым. Кейін Нью-Йоркте «Көп­теген жетістіктерге қол жеткізе білген әйел­ге» деген жазумен Әлем­­дік ескерткіш таң­баны алдым. Бұл ме­­ні жігерлендіре түс­ті. Қазіргі таңда бұл сала­­да әйелдер ер-аза­маттарымыздан кем жұ­­мыс істемейді.

2. Мен дипломат болуды мектеп қа­быр­ғасынан бастап армандадым. Алай­да, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткіз­геннен кейін ғана арманым жүзеге асты.

3. Барлық әйелдердің бойында болатын жауапкершілік, жұмысқа қабілеттілік және жинақылық маған да тән қасиеттердің бірі. Сондай-ақ жұмысымызда әйелдің бей­бітшілікті сақтауға деген ұмтылысы да көп көмегін тигізеді. Қарсыласымды сендіру үшін эмоцияға жүгінген кезім де аз емес. Мысалы, БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннан 2002 жылдың қазан айына Орта­лық Азия елдеріне сапарын жос­пар­лады. Мен ол кезде Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі едім. Сол кез­де Бас хатшының сапары Ирактағы жағ­дай­дың нашарлауына байланысты кейін­ге қалдырылатыны хабарланды. Кофи Аннан ауызша түсініктеме беру және мем­лекет басшыларына кешірім хаттарын жол­дау үшін Орталық Азия елдері мен Моңғолия елшілерін кез­десуге шақырды. Жарты сағатқа со­зылған кездесуде ер-азаматтар бұл са­пардың болмайтыны тура­лы хабар­ла­маны жеңіл қабылдады. Ал мен эмоцияларымды шектей алмадым. Кез­десуден кейін Кофи Аннан са­пар­дың кей­інге қалдырылғаны туралы хат­­тарды тарат­пады. Үш сағаттан кейін осы кабинеттің бас­тығы Икбал Риза теле­фон соғып, Бас хатшы сапарға бару ту­ра­лы шешім қабылдағанын айтты. Ол ма­ған: «Елші ханым, эмоционалды тұр­ғы­да сендіре білдіңіз, себебі Бас хатшы ал­ғаш рет халықаралық бұқаралық ақпарат құ­ралдарына таратылған шешімін жоққа шы­ғарды», деді. БҰҰ Бас хатшысының Қазақстанға алғашқы сапары 2002 жыл­­ғы 18 қазанда өтті. Осылайша мен Елба­сының тапсырмасын орындадым.

4.Отбасың мен жұмысыңды қатар алып жүру сырт көзге оңай көрінгенімен, іс жүзінде бірқатар қиындықтар бар. Бірақ отбасында да дипломат бола білу керек. Әйел – отбасының ұйытқысы бол­ған­дық­тан, кейде өз мүдделеріңді шек­теуге тура келеді.

 

Жұлдыз АҚЫШЕВА,
БҰҰ-ның Оңтүстік Африкадағы есір­т­кі және қылмыс жөніндегі басқар­ма­сы­ның аймақтық өкілі

1.Менің ойымша, дипломатия – ген­дерлік белгіге негізделмеген кәсіби сала. Ол басқа мамандықтар сияқты білім, кәсіби дайындық, тәжірибе мен икемділікті қажет етеді. Табысқа қол жеткізу үшін жұмысты үлкен ынтамен істеу керек. Алайда, көп­теген іссапарлар мен тұрақсыз жұмыс кү­ні сияқты ерек­ше­ліктерге байланысты әйел­дерде бір­қатар қиындық туындайды. Кә­сіби тұр­ғы­да даму мен отбасылық мін­дет­терді орын­дауды қатар алып жүру оңай емес.

2. Ме­нің барлық кәсіби қызметім БҰҰ-мен тығыз байланысты. Ресей Сыртқы іс­тер министрлігінің Дипломатиялық ака­де­мия­сының студенті бола отырып, Ресейдің Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде тағылымдамадан өттім, одан кейін Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілеттігінің дипломаты ретінде жұмыс атқардым. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің Орталық аппаратына қайта оралып, БҰҰ мен халықаралық ұйым­дар басқармасы басшысының лау­азымына тағайындалдым. 18 жыл бойы Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасында, алғашында Венадағы штаб-пәтерінде, қазір Оңтүстік Африкадағы аймақтық кеңседе жұмыс істеп жүрмін. Бір сөзбен айтқанда, мамандыққа келгенде таңдау көп болған жоқ.

3. Қазіргі таңда арулардың бойынан шы­дамдылықты да, табандылықты да кө­руге болады. Бұл қасиеттер кез келген жұ­мыста көмектеседі деп ойлаймын.

4. Отбасы мен қызметті қатар алып жүру өте қиын. Жиі іссапарларға байланыс­ты уақытым тығыз, алайда бос уақытымды отбасыммен өткізуге тырысамын. Кейде ұлы­ма үй тапсырмасын орындауға Skype арқылы көмектесуге тура келеді. Алайда, мұндайда бос уақытты, отбасылық құнды­лық­тарды бағалай бастайсың.

Дайындаған

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»