Қазақстан • 08 Наурыз, 2018

Қос қадірлім

1123 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 

Жалпы адал жар, ибалы келін атану да, тіпті балаңа мейірімді ана болу да оңай емесін жүре, көре түсінеді екенсің... Дегенмен, алға нық қадам басып, осындай әдемі күй кешіп жатқаным – өмірде бір сәтте есімнен кетпей, жүрегімнің бір бөлігінен лайықты орын алған абыз аналарымның арқасы.

Қос қадірлім

Мен үшін құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, тас емшегін жібітіп, кең дүние есігін ашып, жарық сәулені сыйлаған анатайымның орны, әрине бөлек. Шешем Үндемес Рахманқызы фашизмге қарсы соғыс басталған жылы туған екен. Сұм соғыс ауыртпалығын, халық жоқшылығын көріп есейгендіктен де болар, ол – нағыз еңбектің адамы-тын.

Таңның атысы, кештің батысы ошағының отын өшірмей еңбектене білген асылым, әлі де көз алдымдасың. Күн шығар-шықпастан оянып, шек-шеті жоқ үйдің шаруасын шаруалап, күн ұясына кіргенде маңдайдағы терін сүртіп, сонда ғана демалатын ардақтым-ай, жанымда жоқ болсаң да, жүрегімдесің. Ділімнің төріндесің! Оң жақтан кетпей еркелеп жүрген шағымда талай келешегіме керек сырыңызды айттыңыз, ешкімнен кем қылмай өсірдіңіз, қыз балаға қажеттінің бәрін уақыт тауып үйреттіңіз, бағып-қақтыңыз. Ұлағатты ұстаз қызметіндегі адал жарыңыз – әкем Далабай Әйкешұлы әрқашан қасыңыздан табылды. Алты ұл мен төрт қыздың санасына ұлттық тәрбие дәнін егіп, «Батыр ана» – «Алтын алқа» иегері атандыңыз. Әуелете шырқаған әндеріңізбен тербете жүріп, өмірдің ағы мен қарасын айыра білуді, тіршіліктің бұралаң жолында адаспай, ел үшін адал қызмет етуді ескерткен де, тапсырған да нақ өзіңіз болатынсыз, жанашыр анашым!

 Анамның берген өнегесін, баулыған тәрбиесін бойыма сіңіріп, табиғаттың заңымен, дәстүр соқпағымен туған ұямнан ұшып, Құдай қосқан қосағымның алтын босағасын аттадым. Иә, өзіңізбенен бірге тең көретін құрметтімнің бірі – оң аяқпен табалдырығын келін болып аттағанда, ақ батасын беріп, құшағын жая қарсы алған, перзентінің таңдауын өз таңдауындай көрген асыл жан – енем Ырысбала Тоғымқызы болатын. «Ене» деп айтсам, арадағы қарым-қатынас алыстап кететіндей ішкі жан дүниемнің қабылдауымен «Анашым» деп айтуға бел будым. Бұл ойым әсте қате болмады.

Кешегі күннің аналарының қайсысы болсын ойлары балаларының келешегі, ұя-әулетінің қамы, отбасының берекесі еді. Құдай қосқан асыл жарымның анасы да күнделікті үй шаруасынан шаршамайтын, қажымайтын. Ырысбала енем атына заты сай, ырыс пен берекенің өшпес шамшырағы еді.

Өмір ағымы – таным ағымы. Адал келін болуды мақсат қойып, салмақты да сабырлы енеммен де он жеті жыл сырлас болып, ол кісінің өмірге керекті бай тәжірибесін, адами дүниетанымын бойыма сіңірдім. Ол кісі – бағыма бұйырған аяулы жан еді.

Қарап отырсам, қос анамының ұқсас жақтары да көп екен. Көз шырымының не екендігін сезінбей, ақ таңмен жарыса тұрып, кеш батқанша шаруа соңында жүрулері, қонақ келсе бала демей, үлкен демей бәйек болып күте білулері, бар дәм­дісін кісіге тосатындары, төрт түлік малға деген өзгеше қамқорлықтары – тізе берсем таусылмас үйлесімдер екен, шіркін!

Келін мен ене арасындағы байланыс­тың мықты көпір болып қалануына жан анашымның да әсері бар. Соның бір дәлелі ретінде анамның үнемі айтып отыратын мына бір сөзі әрдайым есіме түседі: «Бес баланы әкесіз өсіріп, оқытып, тәлім-тәрбиемен алдын профессор деңгейіне жеткізген асылдардың бірі. Бүкіл ел сыйлайтын Наурызхандай әкеміздің жоғын жоқтатпай, отын өшірмей, балаларын өз күшімен қатарға қосқан жақсының жақсысы. Жетімін желеп, жесірін елеген қазақпыз. Қолұшын созар туғандары мен Құдай қосқан көршісі, жанашыр ағайыны, ауылдас замандасы болса да барлық ауыртпалықты бір өзі көтерген жан. Қиындық пен небір сынаққа төзімді болудың өзі екінінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондай өмірдің ащысы мен тұщысын басынан өткізген ел анасына келін болудың өзі саған үлкен бақыт емес пе, құлыным!». Бұл – ана сөзі ғана емес, дәстүрді ойлаған дана сөзі еді. Бұл – құдай сыйлаған құдағиының қадірін білген жанның шүкірі еді.

 Анам жарықтық жылы да аялы алақанымен басымнан сипап, енем және қайын жұртым туралы тағылымды әңгіме айтқанда, әрі қуанып, әрі жылайтынмын.

Аналардың баға жетпес ерліктерін кітап бетінен оқып танысқан біздер үшін мұндай ізгі жайттарды өмірден оқып-тоқу зор мәртебе боп қала бермек.

Солай, менің ойымда, жадымда анам мен енем нәзік егіздерімдей біте қайнасып, табиғи үйлесіп кеткен. Күйбең тіршілікпен өтіп жатқан мына өмірде атқарған әр игі жұмысым нәтиже беріп жатса, ол – жаныма сая болған бәйте­ректерімнің арқасы. Олардың көрсетіп кеткен тура жолы әлі қажетімізге жетерлік жерге апаратынына кәміл сенемін.

Әлия ДАЛАБАЙҚЫЗЫ,
Еуразия гуманитарлық институты колледжінің оқытушысы