Қазақстан • 08 Наурыз, 2018

«Аналарға тағзым» – айрықша жоба

714 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген даналық сөз бар. Мұның өзі аналардың отбасы мен қоғам алдындағы рөлі өте жоғары әрі парызы мен арқалайтын жүгі салмақты екенін көрсетеді. Табиғат-ананың көктемде бүр жарып, жапырақ жаятыны секілді, әйел-анасыз адамзат баласы бала сүйіп, ұрпақ өсіріп, табиғи демографиялық өсімге қол жеткізе алмайды. 

«Аналарға тағзым» – айрықша жоба

Өмірдің мәні де, сәні де – Ана. Анасыз дүние – тұл. Сондықтан да дана халқымыз орынды айтқандай қамшының сабындай қысқа ғұмырда аналарға құрмет көрсетіп, өмірден өткен мұндай ғазиз жандардың рухына тағзым ету – үлкеннің де, кішінің де, басшының да, қосшының да айнымас парызы. Осындай мақсатта Ақтөбе аймағында «Аналарға тағзым» атты елімізде баламасы жоқ бірегей жоба жасақталу үстінде. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында осыған орай Ақтөбе жұртшылығының өкілдері газет тілшісіне өз ой-пікірлерін былайша жеткізді.

Камалхан ҚУАН,

білім беру саласының ардагері, Қазақстанның оқу ісінің үздігі:

– Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызынан құтыла алмайсың деген қасиет­ті қағида бар. Мұның өзі ана алдындағы бо­рыш пен парыздың өте терең екенін танытады. Өңірде бой көтерген «Аналарға тағ­зым» орталығы аналар алдын­дағы парызды өтеудің бір белгісі мен көрінісі іспеттес. Ана өз перзенті үшін түн ұйқысын төрт бөлетін мейірімі мол жанашыр жан. Отбасы мен шаңырақтың алтын қазығы. Осы орайда облыста қолға алынған «Аналарға тағзым» жобасының маңызы мен рөлі жоғары деп санаймын. Анасын аялап, құрметтей алатын кез келген азамат оған  өз үлесін қоса алады. Бұл жоба келешек ұрпақтың бойында биік адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына сүбелі үлесін қоса алады деген ойдамын.

Гүлмейрам СРАЖОВА,

Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының атқарушы директоры:

– Қоғамымыздағы мүм­­кін­дігі шектеулі қыз-келіншектер мен әйел-ана­­­лар­­дың тағ­ды­­ры­­на се­л­­қос, енжар қа­рай ал­ма­сақ керек. Бұл тұрғыда облыс әкімінің кеңесшісі Құралай Байменова мүгедек аналарға қол­дау мен қамқорлық көрсету мәсе­ле­лерін ұдайы көтеріп келе­ді. Ашығын айт­­қанда, мү­гедек қыз бала­лар­дың да отбасын құрып, ана атануына толық моральдық құқы бар. Мұн­дай кез­­­д­е олар бірқатар кедергілер мен қиыншы­­лық­тарға кезігетіні айтпаса да белгілі. Осы орайда аталған әлеуметтік проблема «Аналарға тағзым» жобасы аясынан тыс қалмайды деп сенім артқымыз келеді. Мүм­­кіндігі шектеулі қыз балалардың ана атануы – оның өмірінің бақыты. Осыны ұмытпасақ екен.

Алмагүл САРЫБАЙ,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі,  «Шолпан» қыздар клубының жетекшісі:

– Қазіргі кезде қыз балалардың тәрбие­сі­не қоғам мен көпшілік тарапынан ойда­ғыдай көңіл бөлініп жүрмеген секілді. Ме­ні осы мәселе алаңдатады. Бүгінгі күні қыз­дардың арасында ерте жүкті болу немесе «кәрі қыз» атану көріністері жиі кез­де­сіп қалып жүр. Осы орайда жаңа жоба бұл әлеуметтік түйіннің тінін тарқатуға жә­не қыздардың тәрбиесін жолға қоюға сеп­тігін тигізе білгенін қалаймыз. Бұл бағытта «Шолпан» қыздар клубы игі бас-
таманы бірауыздан қолдайды. Біз бәріміз қыз балалардың алдында ел мен ұлттың болашағы тұрғанын түйсіне білуге тиіспіз. Сондықтан да олардың халқымыздың ежелгі озық салт-дәстүрлеріне сай бой жетуіне ықпал етуді басты парызымыз деп білеміз.

Валентина ДЫННИК,

«Олеся» белорус этномәдени бірлестігінің төрайымы:

– Сұрапыл соғыс жылдарында әйел­дер­дің көрмеген қиындығы мен тарт­па­­ған тауқыметі жоқ. Соған қарамастан олар жеңіске деген сенімін жоғалтпай, жан­­­қияр­лық­пен еңбек етті. Бүгінгі күні де ерен еңбек­тің үлгісін көрсетіп жүрген әйел-ана­лар жеткілікті. Осы орайда «Аналарға тағ­зым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу ор­та­лығы еңбек жөніндегі дәстүрлердің сабақ­тас­тығына көңіл бөлсе – бұдан еш ұтылмас еді. Бұл бастаманың орны бөлек, қызметі айырықша. Ал аталған орталық ғимараты Ақтө­бенің ажарын одан әрі аша түсетіні қандай ғанибет.

Ильман ЮСУПОВ,
«Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

– «Аналарға тағзым» Мемлекет басшы­сы­ның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынып жатқан келе жатқан келісті кешен. Оның елімізде ешқандай теңдесі жоқ. Мұндағы жасақталатын экспозиция залында қазақ халқының тарихында айырықша із қалдырған тұлғалар, ерлігі мен еңбегінің және қайталанбас бітім-болмысының арқасында ел аузында қалған қазақ қыздары Бопай ханым, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, Аққағаз Досжанова, Нұрсұлу Тапалова, Роза Жамановалардың өмір жолдарынан мол деректер қойылмақ. Оның келешек ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу ісіне тигізетін ықпалы мол бола­тыны кәміл. Қазақ халқы секілді Қазақ­стандағы шешен халқының өкілдері де аналар мен әйелдерге ерекше құрметпен қарай біледі. Біз облыста аналарға тағзым ету мақсатында құрылған жарқын жобаға айырықша тәнтіміз.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»