Аймақтар • 15 Наурыз, 2018

БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы Президенттің үндеуін талқылады

609 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы 16 этно-мәдени бірлестік өкілдері, құрылымдық бөлімдер басшылары «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін талқылады.

БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы Президенттің үндеуін талқылады

- Елбасының бес әлеуметтік бастама туралы үндеуін талқылау Батыс Қазақстан өңірінде де қызу жүріп жатыр. Жұртшылық бұл пікірталастарға белсене қатысуда. Өйткені бұл бес бағыттың халыққа берері көп. Батысқазақстандықтар Елбасы ұсынған бастаманы толығымен қолдайды, - дейді Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің басшысы Медғат Хамбетов.

Батыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақовтың жетекшілігімен өткен кеңейтілген отырысқа қатысушылар да бірауыздан бұл бастамалардың маңызы зор екенін айтты.

- Бұл бес бағыттың әрбір қазақстандыққа қатысы бар. Мысалы, студентті жатақханамен қамтудың өзі – оқимын деген жасқа қолдау ғана емес, оның ауылдағы ата-анасына да көмек. Мысалы, баласын ақылы оқытып, жылына біраз қаржы жұмсап отырған адам әрі пәтер жалдап шығынданатын. Елбасы тапсырмасына сәйкес Қазақстанда студенттік жатақхана мәселесі 2020 жылға дейін шешілуі керек, - деді өз сөзінде Ғайса Қапақов.

Кеңейтілген отырыста сөз алған шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данилбек Саратов, Орал қаласы шағын аудандары қоғамдық келісім кеңестерінің мүшесі Самиғолла Әдиев өз ойын ортаға салды. Еділ-Жайық қазақ қауымдастығының төрағасы Аманжол Зейнуллин әсіресе шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне аға буын, ұлттық бірлестіктер өкілдері де атсалысу қажеттігіне тоқталды.

- Президент үндеуінде жалақысы төмен азаматтардың салығын азайту, шағын кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдауды артыру туралы айтылған. Бұлар – бірімен бірі байланысты, өте өзекті мәселелер. Бұл бастамаларды мемлекет тарапынан қаржылай қамту да нақты көрсетілген, енді қоғамның өзі қозғалуы керек. Жасыратыны жоқ, бідің халықта жалқаулық, марғаулық бар. Жас буынның болашағы үшін кәсіпкерлік дағдыны дамыту, бәсекелестікке ұмтылу туралы жатпай-тұрмай айтуымыз керек. Ойлап қараңызшы, бүгінде Қазақстанда 1 бөлмелі пәтердің бағасы 7 млн теңгедей болады екен. Оны «7-20-25» бағдарламасына сәйкес 25 жылға бөлгеннің өзінде айына 50 мың теңге төлеуі тиіс. Аз жалақылы, 60 мың теңге жалақы алатын адамның пәтер алу мүмкіндігі бәрібір шектеулі. Өз ойымша, халық шағын кәсіпкерлікке беріліп жатқан несиені пайдалануы керек. Елімізде құрылыс қарқынды, бірақ бұранда, шеге шығаратын цех жоқ. Ал оны бөлменің бір бұрышында тұратын шағын станокпен де жасауға болады. Міне, осындай істерді неге көбірек қолға алмасқа, – дейді Аманжол Зейноллаұлы.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Орал