Спикердің айтуынша, министрлік «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» үшінші бастамасын іске асыру бойынша жұмыстарды бастады. Мәселен, аталған міндетті іске асыру механизмдерін айқындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі, ЖОО-лар, Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктер, жеке құрылыс салушылар өкілдерімен кеңестер өткізілді.
«Студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту мәселесін жекеменшік ресурстардың, оның ішінде жоғары оқу орындарының, колледждердің, инвесторлар мен басқа да серіктестердің ресурстары есебінен шешу көзделіп отыр», — деп нақтылады вице-министр.
Аталған механизмнің жоғары оқу орындары, колледждер мен инвесторлар үшін тартымдылығы жатақханалар салуға бағытталған инвестициялардың бір бөлігінің мемлекет тарапынан біртіндеп қайтарылуымен кепілдендіру есебінен ақталатын болады. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының, колледждердің немесе жеке серіктестің жер телімі болмаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды жүргізумен жер телімін бөлетін болады.
Бибігүл Асанова айтып өткендей, қазіргі кезде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту, сонымен қатар жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Жақында ол мүдделі мемлекеттік органдармен келісуге жіберілетін болады.
Жобаны іске асырудың алдын-ала схемасы келесідей:
- ЖОО, колледж немесе жеке серіктес жатақхана жобасын әзірлейді. Одан соң «Қаржы орталығы» АҚ-мен келісімшарт жасалады.
- Екінші кезеңде келісімшарт негізінде банктен несие алып, құрылыс салушыны жалдап, жатақхананы салады. Егер жатақхананы салса, онда ол пайдалануға берілген күннен бастап бір жатын орны үшін ай сайын тиісті соманы алып отыратын болады.
«Банктер, ЖОО-лар мен құрылыс салушылар ұсынылып отырған схемамен алдын-ала келісіп отыр. Екінші деңгейлі банктердің мәліметтері бойынша, теңгенің өтемпаздығы жеткілікті. Сонымен қатар кәсіпкерлердің арзан заемдық ресурстарға, оның ішінде шетелдік қаржы институттарының ресурстарына қолжетімділігі мәселесі қарастырылып жатыр», — деп түйіндеді Б. Асылова.
Журналистердің жаңа жатақханалардың салынуы оқу ақысының көтерілуіне ықпал етпей ме деген сауалдарына жауап бере отырып, Б. Асылова студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету оқу ақысына еш әсерін тигізбейтінін айтты. Бұдан өзге, ҚР БҒМ жатақханалар құрылысы жобаларын арзандату бағытын ұстануды көздеп отыр, себебі бүгінгі таңда ұсынылған жобалардың бағасы біршама көтеріңкі.
Қазіргі таңда еліміздегі ЖОО-ларда 530 мың студент білім алады, оның ішінде 204 мыңы (38%) — басқа қалалардан келген, жатақханаларға мұқтаж студенттер. Президенттің бес әлеуметтік бастамасына сәйкес 2022 жылға қарай студенттер жатақханаларында жаңа 75 мың орын енгізу қамтамасыз етілуі тиіс.