Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа Жолдауында қойылған 10 міндеттің 7-сі «Адами капитал-жаңғыру негізі» деп аталуы да тегін емес. «Жаңғыру» деген сөздің өзі жоқтан барды жасау дегенді білдірмесе керек. Бұрын болғанды, бар нәрсені қайтадан қолға алу, одан әрі дамыту, пайдалану дегенді байқатады. Ал «рухани жаңғыру» адами, рухани құндылықтарымызға оралу, ата-бабаларымыз қалдырған рухани мұраларға жаңа тыныс беріп, жандандыру, жалғастыру, күнделікті игілігімізге жарату, қастерлеу, солардан нәр алу, мәңгілік ету дегенді аңғартса керек. Қысқаша айтқанда, өмірге бейімделе әрекет ету үшін, көзқарас, сананы, рухани әлеміңді өзгерту деген сөз. Ол үшін не керек, не істеу керек?
Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай «Рух өлген тұстан, рухани тәуелділікке телінген сәттен бастап адамзат – ақыл парасаттың дербес шешімінен, ұлт – тәуелсіздігінен, тұлға – дара ойлау жүйесінен, талант – танымнан, адам – ар-ождан бостандығынан айырылады. Ал рух еркіндігінің көрінісі – рухани мәдениет, өнер, әдебиет болатын», дейді. Сана сілкінісі уақытты, ұдайы жүйелі жұмысты қажет етеді. Өкінішке қарай, шенеуніктер, мемлекеттік қызметшілер түгіл, жас ұрпақ тәлімгері делінетін мұғалімдер арасында да жаңалыққа жаны құштар, оқуды қажетсініп отыратындар қатары сирек. Заманауи білім беру жүйесі қоғамның рухани жаңғыруының факторы дейтін болсақ, алдымен оқытушының өзгеруі тиістігі дәлелдеуді қажет етпесі анық. Осы арада адамгершілікке тәрбиелеу тұрғысында әрбір педагог нақты нендей қарекет жасап, одан қандай нәтижеге жеткендігі турасында есеп беріп отырса, қалай болар еді деген ой келеді. Бұл ретте тәрбиешілердің өздері білім көздеріне жиірек үңілсе абзал.
Елбасы Н.Назарбаев жоғарыдағы мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», дейді.
Ол тізімде алты алаштың баласы ардақтауы тиіс бабаларымыздың бірі, әрине Ыбырай Алтынсариннің де бар екені сөзсіз. Ақыл-парасат күші кемел, ой-санасы замандастарынан озық, жүз, тіпті мың жылда бір туатын азамат дерлік ұлы ағартушымыз сонау ХІХ ғасырда адам санасына сәуле түсіретін күш-білімде екенін түйсініп, туған халқын оқуға, өнер-білім бар жұрттар қатарына қосылуға үндеді емес пе?
Елбасы мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп жазды. Демек, қай кезде болсын, қай елді болсын алға жетелейтін баға жеткісіз құдіретті құндылық ол – білім. Сонау замандағы сірескен сананы сілкінту қаншалықты ауыр, азапты болғанымен, Ыбырай бабамыз білім саласындағы сан салалы қызметке тыңнан түрен салып, жалғыз өзі осы жолда өмірінің соңына дейін арпалысып бақты. Оған маза бермеген өзінің озық ақыл-ойы, туған елге қолдан келгенінше пайда тигізуге деген ерен ұмтылысы еді. Рухы мықты, рухани әлеуеті терең тұлға қойған мақсатына жетіп, тарихта мәңгі қалды. Ұлы ағартушының асыл мұрасына терең бойламай-ақ, оның бүгінгі ұрпақтарының санасын жаңғыртуда өнеге боларлық кейбір қырларына жеңіл шолу жасап көрелік.
Жиырмадан енді ғана асқан жас Ыбырай сөздерін қайталап оқи отырып, оның ынта-жігер, талпынысына, халқы үшін қайткенде пайдалы болуға деген ерен ұмтылысы таңғалдырады. Мәселен, 1962 жылы Н.Ильминскийге жолдаған хатында «Егер тірі болсам, бар рухани күшімді жинап, «Балалар дүниесінен» бірер мақаланы аударып көремін де, көріп шығу үшін Сізге жіберемін» деген сөзі бар екен. Ыбырайдың әу бастан халықтың ұлы болуға бел буғандығын айғақтайтын сөздерін түрлі жылдары жазылған әр хатынан оқуға болады. Бұған дәлел ретінде бірер сөйлем келтірсек жеткілікті болар.
«Қырғыздардың ескі тарихынан бір нәрселер жинадым, әлі де жинап жүрмін, бұларды бір кезде Сізге жібермекпін. Қазір қырғыздардың (қазақтардың) әртүрлі әдет-ғұрыптарын зерттеумен көбірек шұғылданып жүрмін. Олардың адамгершілігіне де ықпал ету үшін, келешекте олардың парақор болып кетпеуі үшін бар күшімді салып, әрекет етудемін. Балаларға рухани тарихтан білетінімді айтамын», «Менің жан сала талаптанатын себебім: қайткенмен де пайдалы адам болсам деуші ем, ал енді осы мақсатқа жетіп келемін деген ой мені барлық жағынан да жұбатқандай».
Ұлы ағартушы бабалардан жеткен рухани мұраларды жинастырып, зерделеп, өзі де қазақтың әдеп-ғұрып, салт дәстүрлеріне қатысты еңбектер жазып, әйгілі «Қазақ хрестоматиясы» оқулығына халық ауыз әдебиетінен әңгімелер енгізгені белгілі. Осының өзінен-ақ Ы.Алтынсарин сынды ұлы тұлға тағылымының жастарға рухани-адамгершілік тәрбие берудегі маңызы зор екенін көреміз.
Пиалаш СҮЙІНКИНА
Қостанай