Алуан-алуан құбылысқа лайық бейнелерді етене ашу арқылы өмір болмысын тұтас қамти алған ұлт назарының аршын-аумағын дәл аңғартып өткендей. Кірпияз талғамды інілердің бірі сол кезде: «жүздеген көрсеткіш, орасан көп сан, қазақ романын шындап іріктеп қарасаң онға жеткізудің өзі қиынға соғады» деп өктем айтқан кесімі күні бүгінге дейін көкейден өшкен емес.
Жиырмасыншы ғасырдағы қазақтың үздік он әңгімесін өз бетінше анықтап, жеке кітап етіп бастырып шығарған Қытайдағы әдебиетші қандасымыздың әрекетіне не деп үн қату керектігін ойланбаппыз да. Төте жазу таңбасын айырып оқи алмаған соң оған кімдерді таңдап, қандай өлшемді басшылыққа алғанынан мүлде хабарсызбыз. Әңгімелер мен повестердің таңдаулыларын шығару дәстүрі бізде кезінде нық орныққандай көрінетін. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары повестерден топтастырылған «Беласқан», әңгімелерден тұратын «Жүздесу» кітаптары шыққанда кәдімгідей елең қағып, елеулі жаңалықтай қабылдағанымыз есімізде. Осынау екі кітап шын мәнінде қазір жәдігерге айналып үлгергеннен сау емес.
Жиырма бірінші ғасырдың бір ширегін дөңгелектеуге таяу қалған кезең үстінде қазақ жазушыларының қолтаңбасына еріксіз көз жүгіртіп, бүгінгінің кәдесіне жарайтынын, жарамайтынын кесіп-пішіп айтудың қиындығын желеу қылудан әсте танған емеспіз. Уақыттың ымырасыз сынына төтеп бере алатын тәжірибеге жүгіну арқылы қарағанда өткеннен бүгінге саусақпен санарлықтай ғана дүниелер жеткеніне амалсыз ден қоясың. Бір кездері ақсақал мәртебесін иеленіп, төр орны тиесілі тұлғалар мұрасына оралған сайын өз уағының талап үдесінің бояуы бұзылмаған қалпы сақталғанына тап боласың. Өз ісіне қатты берілген бейнелердің адалдығы айнытады деп екіұшты кетпесек те, көркемдік талдау үстемдік алмаған жерде қолдан жасаудың қалып үлгісінің барын аңғарасың. Тірісінде зор тұтып келіп, аруаққа айналған бетте қор тұтудың мың-сан мысалынан аяқ алып жүре алмайтын жағдайға кезігетінің хақ. Кемшілігі көріне тұра мақтаудың кесірі шығарманың өрбу желісіндегі тін арқауының селкеулігін ескертпестен жауырды жаба тоқудың кеселіне ұрындырып тынған. Қарақылды қақ жаратын әділет сезімінің мәдениетінен жұрдай айырылған бүгінгі қалпымыз пысақай пенделер ырқының құйын екпініне төтеп бере алмастан түбірімен жұлынып әкетіліп жатқан томарларды еске салады. Ізденістегі өмірлік материал яғни шикізат көркемдік шындыққа айналу үдерісінің қисын орайын табу қиғылығында күллі дүние мойындаған туындылар жаратылымының жарасым тапқан үлгілеріне үңілу арқылы көз жеткізе түсетініміз анық. Шығармашылық лаборатория аталатын мұндай барлау бізде жоқ десек – ауызды қу шөппен сүрткенмен бірдей. М. Әуезов жинаған материалдарының бір бөлігін ғана «Абай жолы» эпопеясына іріктеп енгізгенінен құлақдармыз. Бұл ұстанымның ең әуелгі артықшылығы шығарманың өмірлік шындық кернеуінің жоғарылығында. Бұл кәдімгі магнит өрісі секілді шетіне жақындасаң бітті өзіне қарай тартып әкетеді. Осынау ерекшеліктердің түпкі сырына үңіліп, құпиясын ақтару жұмырбасты пенделердің бәрінің бірдей маңдайына жазыла бермейтін бөлекше дүние. Мәскеулік жазушы Алексин бе екен, Алматыдағы мінбеден сөйлеген кезде қазақ балалар әдебиетінің қыстаудан жайлауға қарай қой айдап келе жатқан шопандардың арасынан міндетті түрде бала кейіпкер кезігетініне тоқталып өтіп еді. Мін ғып таққан осы ғадет қазақ ұлтының көшпенді дәстүрмен қоштасуының қиынға соққанын көрсететін жағдаят. Басқалар мұны қайдан біле қойсын. Қойшы тағдыры қазақ ойының орысша ораммен айтқанда орталық тақырыбы. Боранда адасқан отар иесімен ыққан бойы бір қияннан шыққаннан гөрі Оралхан Бөкейдің «Құм мінезі» хикаятында қатардағы қойшының өз уағының элитасына ұмтылған әрекеті қазақ көркем ойының жаңаша бейнесі. Уақыт сынына төтеп бере алатын көркемдік өлшемнің шымыр шешіміне қайтып оралған кезде бастапқы сүйсініс ізім-ғайым жоғалғанына өз-өзіңнен абдырап таңырқайтының бар. Қайтып оқуға беттеткізбейтін себептердің бұл бір парасы ғана. Ғалымдардың сойынан саналатын тағы өзінің жазушылығы тәп-тәуір Бекен Ыбырайым соңғы кезде дүниеге кеңінен мәлім туындыларды қайтып оқып шыққандағы әсерімен бөлісуге үйірсектеніп жүр. Қанша дегенмен ғалым деген аты бар, қолтаңба иелерінің көркем талдауындағы шеберліктерін тап басып танып тұрып, кей сәттердің далия жайылып кеткен себебін өз уақытының талабынан шыға алмағанның салдарына жатқызады. Атағынан ат үркетіндей аруақтардың назасынан қорықпастан көріне тұр-ау кемшілікке ұйғарған мұндайды бір жыл бұрын дүниеден өткен әдебиетші Рафат Әбдіғұлов кесек шығармалардың өн бойынан кездесетін артық-ауыс баяндауларды есепке алуды суқаны сүймейтін.
Қалай болған күнде де классика өкілдерінің кез келгенін оқып шығып, өзіңмен-өзің оңаша отырған кезде жаман ойлардан арылып, айнала төңірегіңе мейірімің оянатын қызық құбылысты бастан өткеретінің бар. Жазылу деңгейі әрқилы дүниелерден көркемдік іздеуден бұрын философиялық түйін тауып ала салып, жалғанға жария қылатындардың әрекет қылығы сыйымсыздау көрінетінін несіне жасырамыз. Кейде әулие дәрежесінде саналатын жазушының айтқан сәуегейлігі мен жасаған байламына сенер-сенбесіңді білмей дағдаратының бар. Тургеневтің жазушылық ғұмыры сегіз-ақ жылға созылып, әрі қарай ешкім оқымайды деген Чехов болжамы шындыққа жанаспақ түгілі «Әкелер мен балалар» тұжырымына адамзат баласы әлсін-әлі оралып жатқан жоқ па. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің көңіл хошы соққан уақытта әңгіме дүкенін баяу ағыта бастайтын әдеті екен. Бозғылт ажарына қызғылт рең болымсыз араласып, қоңыр сарынды дауыс әуені үй ішін тарсынғандай кернеп бара жатты. «Қан мен тердің» бірінші кітабын туған жерімде жазып бітіріп, Алматыға оралған бетіміз сол еді, есік қоңырауы шырыл қаққаны. Тахауи Ахтанов пен Зейнолла Қабдолов екеуі амандаспақ мезіретін жасамаққа кіріп келе жатты. Ананы-мынаны әңгіме қылып отырып, Зекең кенет: «Жазғаныңды оқысаңшы, тыңдап көрелік те» дегені. Іздегенге сұраған, қараймын ба, оқуға кіріскенде екеуі бірнеше сағат бойы тапжылмаған күйі отырды. Ақырында Зекең әлсін-әлі тамсанып, қоштасып сыртқа шыққанға дейін разылық кейпін риясыз байқатып бақты. Келесі күні таңертеңгісін есік қоңырауы тағы да шырылдады. Қарасақ – Тахауи. Жайғасқан бетте: «Кеше үндемей кеткеніме ренжіп қалған жоқсың ба, сол Қәленді, сол Судыр Ахметті, сол Еламанды бала жасымнан мен де естіген жоқ па едім. Ештеңе демей кеткенімнің себебі сол» деп ақталғандай болыпты.
Ел ішінде көркем бейнеге өзінен-өзі сұранып тұрған қайран қор болып, ұмытқа айналған әңгіме демеске шараң қайсы. Соларды құнттап кәдеге жаратқан ердің ісін айту парыз екен біле-білген кісіге. Бірде-бір тірі бейне шығара алмастан жазушы атанып жүрген ағайындар арамызда қаншама. Қамшының сабындай қып-қысқа ғұмырда тап осындай сөздерге қазір аттап басып барғың келмейді. Жас ұлғая бастағаннан бөлек – өне бойы құтыңды қашырып, көкейіңді киіп-жара беретін ой баяғы кеңи түсу керектігінің кебі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тақағанда сол жазушымын деп жүргендердің Толстойдан қайсысы әулие. Өлер шағының қарсаңында қолына түскен бір кітапты оқи жөнеліп, мынау тәуір жазылған дүние екен деп қараса – өзінің «Анна Каренина» романы болып шығыпты.
Дүниеде жақсыны ажыратудан өткен қиын нәрсе жоқ па дейсің.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»