19 Наурыз, 2018

Өскеменде «Жандауа» драмасы сахналанды

309 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өскемендегі облыстық драма театрда «Жандауа» психологиялық драмасы сахналанды. Қойылымға ауылдан қалаға оқуға келіп, нашақорлық дертіне шалдыққан қазақ жігітінің өксікті өмірі өзек етілген.

Өскеменде «Жандауа» драмасы сахналанды

Ағасының соңынан оқуға түскен қарындасы кейін ауылдағы таяққа сүйенген ата-анасын қалаға көшіріп әкеледі. Алайда қамқор әке-шеше нашақор баласынан көрмеген құқайды көреді. Зейнетақыларын бергені өз алдына үйдегі қымбат бұйым, құнды заттарының барлығынан айрылады. Қарызға белшесінен батып, есірткіге есірген ұлдары шыр-пыр болған әкесінің «Қасиет деген сөзді ұқтыра алмадым-ау саған» деген сөзіне қарамастан шаңырақтарының төрінде тұратын күмістелген ертоқымды да саудаға салады. Қос қария тас қаладан, шулы шаһардың безбүйрек тұрғындарынан әбден түңіледі. Ауылдың ақпейіл адамдарын аңсайды. Дегенмен де драма соңы жақсылықпен түйінделеді. Қыр баласын қызыққа батырам деп есірткі сатқандар милицияның құрығына түседі. Бабадан жеткен құнды мұра – күмістелген ертоқым да шаңырақ төріне оралады. Ал жатса-тұрса да дархан даланы аңсайтын жігіттің әке-шешесі «Ауылда ат үстінде жүрсең мұндай болмас едің-ау, қарағым! Жүр, ауылға қайтайық. Ауылдың жұпар ауасы мен бал қымызынан артық ем жоқ» деп ұлын алып туған ауылына тартады.

Психологиялық драманың авторы - Болат Ұзақов. Қоюшы режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеев. Туындыны өскемендік зиялы қауым өкілдерімен бірге тамашалаған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова жас ұрпаққа берер тағылымы мол осындай қойылымдарды студенттер мен мектеп оқушыларына көрсету қажеттігін атап өтті. Қойылымда негізгі кейіпкерлердің бірі нашақор жігіттің әкесінің рөлін сомдаған актер Қанат Ниязбеков бұл драма кезінде сахналағанымен, режиссер басқа тұрғыдан келгенін, оқиғаны тамаша шиеленістіре білгенін айтты. «Бізге баға беретін көрермен қауым ғой. Мәселен, мен өз рөліме көңілім толды деп айта алмаймын. Әлі де шикі тұстары бар. Мұндай қойылымдар 4-5 рет емес, 10-15 мәрте қойылуы керек. Сол кезде барып актер ашылады. Олқы тұстар түзеледі», - дейді актер. Драманың қоюшы режиссері Сахан Әкелеев қойылымда ғасыр дертінің зардабынан бөлек ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, өткенімізді ұмытпау мәселесіне ерекше назар аударылғанын жеткізді. Қойылымды сахналамас бұрын бұл тақырыпты мұқият зерттегенін, Өскемен қаласындағы нашақорлар диспансеріне барып, есірткіге елтіген жастардың мінез-құлқын бақылағанын тілге тиек етті. «Сенесіз бе, сенбейсіз бе, қаладағы жастардың 70-75 пайызы нашақор.
Олардың басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері болса, бір-екі пайызы өзіміздің қаракөздер. Тіпті қазіргі уақытта нашақорлық дерті мектептерге де жетіп жатыр. Есірткіні әдемі конфет қағазына орап, оқушыларға ұсынып, оларды нашақорлыққа тартып жатқандар бар. Бұл - өте қауіпті. Біздің негізгі қаруымыз - өнер ғой. Мен азамат ретіндегі, режиссер ретіндегі ұстанған позициямды жұртшылыққа осы қойылым арқылы жеткізуге тырыстым. Байқасаңыз, сахнада алты құрлықтың суреті тұр. Осы арқылы нашақорлықтың ғаламдық қасірет екендігін де көрсеткіміз келді. Қазақтың салт-дәстүрін, халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерді сақтаудың қаншалықты маңыздылығын көрерменге ұғындыруға талпындық. Айтар ойымызды көрермен қауым түсінді деп ойлаймын. Ерекше тебіреніп, көзіне жас алып, қойылымнан кейін келіп, пікірлерін айтып жатқан адамдар аз емес. 100 көрерменнің 10-ы ойланып қайтса біздің мақсатымыздың орындалғаны. Алдағы уақытта облыс әкімі Даниал Ахметов пен Мәдениет басқармасының қолдауымен осы драмамен өңіріміздің барлық аудандарын араласақ па деген жоспарымыз бар», - дейді театрдың көркемдік жетекшісі.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН