19 Наурыз, 2018

Қылмыс шынымен көп пе? Жеті жасар баланың тағдырынан кейін туған ой

396 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Итің жаман десе, өлгенім-ай» дейтін қазақтың біріміз. Жеті жасар балаға қатысты оқиға және оның маңайында өрбіген өткен аптадан бергі дабыра мен дүрлігу бізге көп ой салған еді. Істің ақ-қарасы анықталып, кінәлілер тиісті жазасын алар. Жауапты орындар кемшіліктен қорытынды шығарып, қайталанбауына жұмыс істері және анық. Баланы қорғаштап, әжесін қолдаған қауым әзірге ескере қоймаған мәселелер де зерттеліп-зерделенер. Десек те, осы оқиға, әсіресе жалпы қазақты жамандаса намысы келетін, жүйкесі жұқаратын оңтүстіктің тұрғындарына ауыр тиді. Қанша ауыр болса да шындықтың көзіне тіке қарап үйренуіміз де қажет.

Қылмыс шынымен көп пе? Жеті жасар баланың тағдырынан кейін туған ой

Өкінішке қарай, осындай және осы сынды қазаққа жат қылмыс еліміздің өзге өңірлерінде де орын алып жатады. Яғни ел болып қылмысты болдырмауға, алдын алуға жұмыс істеу маңызды. Ақыл-кеңес айтқалы отырған жоқпыз. Оңтүстікке көлеңке түсіргендей болған кешегі оқиғаның дабыра болғанына көптігіміз «кінәлі» болып көрінеді, кейде маған. Иә, Оңтүстікте үш миллионға жуық халық тұрады. Кешегі оқиға орын алған Сарыағаш ауданы мен оған көрші Мақтаарал ауданының тұрғындары санын қоссақ, Солтүстік Қазақстан облысында тұратын халықтың санынан асып түсіп, Батыс Қазақстанның халқына жете жығылады екен. Облыс халқының көптігі мен тығыз орналасуы өңірдің жақсы немесе жаман аты шығуына да септігін тигізіп жатқаны мәлім. Естіп жүрсіздер, «не шықса да, Шымкенттен шығады» деген сөзді осы күні Алтайдан Атырауға дейінгі жұрт жаттап та, жадына сақтап та алған.

Бұл арада «не шықса да» деген тіркес жақсы мен жаманға да ортақ. Қалай десек те, еліміздегі ең танымал өңір – Оңтүстік Қазақстан облысы. Тамыры терең тарихи өлке. Ықылым заманды былай қойғанда, берісінде Ұлы Жібек жолы қиып өтетін оңтүстік экономиканың да, мәдениеттің де мәйегіне ерте қаныққан, қашанда тіршілік қазаны қайнап жататын, табиғаты да тартымды, қай жағынан болсын дамудың соны соқпағына түскен өңір. Халқының көптігі мен қонақжайлығы қара пиардың өріс­теуіне де көбіне-көп «кінәлі» болып жататыны және рас. Онда да өз­ге емес, осы оңтүстіктен шыққан «Шан­шар», «Нысана», «Шымкент-шоу», «Алдараспан» сияқты әзіл-сықақ театр­ларының, КВН әзілкештерінің өздері Шымкентті бір түйремей өтпейді. Кей­де олар елді күлдіреміз деп, әсіре де ар­зан әзілге баратыны жасырын емес. Он­дайда жүрегі жұмсақ жұрт «іштен шық­қан шұбар жыланға» кешіріммен қарайды. Иә, оңтүстікте халықтың көбе­юіне демо­гра­фиялық өсімінің жо­ға­ры бо­луы ықпал етіп жатқаны мәлім.

Күні кешегі халықаралық әйелдер мере­кесі қарсаңында Мемлекет басшы­сы­ның Жарлығымен «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларымен мара­патталған аналардың 766-сы Оңтүстік Қазақстан облысынан. Олардың 167-сі «Алтын алқа», 599-ы «Күміс алқа» иегері атанды. Жыл сайын 80 мыңға жуық бала немесе әрбір 5-ші сәби Оңтүстік өңірінде дүниеге келеді. «Балалы үйдің ұрлығы жатпас» деген мақалдың шығуына да ойындағысын жасырмайтын ашық мінезді, өтірік айта алмайтын көпбалалы отбасындағы тір­шілік негіз болған шығар. Осы ой­ды бүгінгі жағдайға бейімдей жал­ғастырсақ, халқы көп оңтүстіктің ты­ныс-тіршілігі де жариялы, ашық, яғни елімізде ең көп бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген өңір. Жеті жасар балаға қатысты оқиғаның тез арада таралуына және барлық әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында талқылануына да осы көптігіміз «кінәлі» секілді. Әйтпесе, жүзден астам отбасыны баспанасыз қалдырған Аягөздегі топан су туралы хабар оңтүстіктегі оқиғаның көлеңкесінде қалмас еді. Көз тимесін, көбейе берейік. Дегенмен, «жел тұрғанда түйені шайқал­тса,­ еш­кіні көктен ізде» демекші, бү­гін­­де дабырасы басыла қоймаған оқи­ға­ны кей­біреу­лердің оңтүстікті жаманатты етіп көрсетуге пайдаланып жат­қаны қынжыл­тады.

Қылмысы көп­ өңір етіп көрсеткісі келетін іш­тар­­­лық та байқалады. Әйтпесе, Оң­түстік Қазақстан облысында жан ба­сына шаға есептегенде қылмыс са­ны, өзге өңірлерге қарағанда төмен. Мысалы, ресми мәліметтерге жүгінсек, өткен жылы 2 938 279 тұрғыны бар Оңтүстік Қазақстан облысында зорлау қылмысы бойынша 119 факті тіркелген. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2 017 638 тұрғыны бар Алматы облысында – 220, ал 1 801 713 тұрғыны бар Алматы қаласында – 141, тұрғындар саны 1 380 280 Қарағанды облысында 117 факті тіркеліпті. Қылмыс санын 10 000 тұрғынға шаққанда Оңтүстік (0,4) тізімнің соңынан санағанда екінші, яғни 15-ші орында. Ал көш басында Алматы облысы (1,1), Астана қаласы (1,0), Ақмола облысы (09) келеді. Басқа қылмыстар саны бойынша да Оңтүстіктің көрсеткіші төмен. Мысалы, өткен жылы Қарағанды облысында кісі өлтіру бойынша 124 факті тіркелсе, 1 383 557 тұрғыны бар Шығыс Қазақстан облысында 119 факті тіркелген. Бұл көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысында – 75. Қылмыс санын 10 000 тұрғынға шаққанда Оңтүстік Қазақстан облысы (0,3) ең соңғы орында. Қорқытып алушылық, ұрлық, алаяқтық, қарақшылық қылмыстар саны бойынша да оңтүстік еліміздің өзге облыс, қалаларының ішін­де көш соңындағылардың қатарында. Облыс­тық Ішкі істер департаменті Мем­ле­кеттік тіл және ақпарат басқармасының бас­шы­сы, полиция пол­ковнигі Салтанат Қара­көзованың айтуын­ша, Оңтүстікте жиі кездесетін қылмыс – ұрлық. «Әсі­ре­се, пәтер ұрлығы, мал ұрлығы.

Осы­ған байланысты қоғамда «ойбай, Оңтүс­тікте қылмыс өршіп барады. Кім жаман? Оңтүстік жаман» деген түсінік қалыптасып қалған. Бірақ басқа облыстармен салыстырғанда, адам санына шаққанда, бұл қылмыс бізде аз. Сондықтан да, бізде қылмыс өршіп барады деп айтуға болмайды», дейді С.Қаракөзова. Расында да ұрлық бойынша қылмыс санын 10 000 тұрғынға шаққанда Оңтүстік Қазақстан облысы (62,0) 14-ші орында. Көш басында Алматы (256,9), Астана (195,0) қалалары және Қостанай (119,6), Батыс Қазақстан (113,7) облыстары. Мұндай мысалдарды барлық қылмыс түрлері бойынша тізіп шығуға да болар. Жалпы, барлық қылмыстар бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі 16 қала-облыстардың арасында 14-ші орында. Алайда бұл оңтүстікте бәрі жақсы дегенді білдірмейтіні мәлім. Тағы бір мысал, сарапшылардың есебінше, Оңтүстік Қазақстан – алкогольді сусындарды ең аз ішетін өңір. Мұндағы арақ ішуден көрсеткіш көш басындағы өңірден 20 есе аз екен. Саламатты өмір салтын ұстанатын елді мекендер саны бүгінде артып келеді.

Міне осындай оң нәтижелер кеше­гі оқиғаға қатысты құқық қорғау орын­­дары жіберген кемшіліктер кесі­рі­нен көлеңкеде қалып отыр. Ал ел на­зарындағы оқиғаға қатысты қыл­мыстық істің тергелу барысы бүгінде Бас прокуратураның бақылауында. Осын­дай қатыгез де тосын жайтқа тап болған баланың жанынан табылмаған ата-анасы кім және қандай жандар? Қандай ортада өсіп келеді, әже тәрбиесі қаншалықты толыққанды? Жалпы, оңтүстік ғана емес, бүкіл елді бейжай қалдырмаған бұл оқиғаға қатыс­ты барлық сұрақтардың жауабын естір күн де алыс емес. Әзірге Бас проку­ратура кәмелетке толмағандардың құқықтарының құпиялылығын сақтау қажеттігін ескертуде.

Ғалымжан Елшібай,

«Егемен Қазақстан»