19 Наурыз, 2018

Текедегі тұңғыш қойылым

5058 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тарихқа көз салсақ, қазақ топырағындағы тұңғыш театр 1860 жылы Орал қаласында ұйым­дастырылған екен. Ал жалпы ұлттық театр өнерінің дамуына қазақ даласының іргесінде 1765 жылы ашылған Омбы қалалық театры мен 1869 жылдан қызмет еткен Орынбор кәсіби театрының ықпалы мол болыпты...

Текедегі тұңғыш қойылым

«Қазақ театрының тарихы» (жауапты шығарушы Б.Құндақбаев, Алматы, «Ғылым», 1975) кітабында 1890 жылдардан бастап Қазақстан аумағындағы қалаларда ашылған халық үйлерінде («народный дом») жергілікті сауыққойлар ұйымдастырған труппалар жаппай пайда бола бастағаны айтылады. Бұл қазақтың театр өнерінің тууына да себеп болғаны рас.

Текедегі талабалар ақшамы

ХХ ғасырдың басында Теке шаһарында (Орал қаласын қа­зақ­тар Теке деп атаған) мұсыл­ман татар диаспорасының бел­сен­ділігі өте күшті еді. Қала­ның «татар слабодасы» атал­ған аумағында, «Қазан» қонақ­үйінің акт залында апта сайын сту­дент­тік кештер өтетін. 1906 жыл­дың көктемінен жүйелі қолға алын­ған мұндай сауық кеш­тері тура­лы хабарландыру «Фи­кер» («Пі­кір»), «Уральский днев­ник», «Уральский листок» газет­терін­де тұрақты жарияланып тұрған.

Бір қызығы, «Фикер» газеті мен «Әл-ғасыр әл-жәдит» журналы Оралда шыққанымен, күл­лі Ресей мұсылмандарына, со­ның ішінде қазақ арасына да кең тарап, танымал болған. Бұл басылымдардың шығарушысы – Камил Тухфатуллин. Алғашқы нөмірі 1905 жылы 27 қарашада шыққан «Фикер» газетін татар зерттеушілерінің өзі «татар-қазақ басылымы» деп атайды. Оның себебі де бар: газет Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының органы қызметін атқарған. «Фикердің» алғашқы саны шыққан соң арада 5 күн өткенде Оралда Қазақ консти­ту­циялық-демократиялық пар­тия­сының құрылтай съезі өтіп, оған Ә.Бөкейхан, М.Ду­­латов, Б.Қаратаев, А.Бірім­жанов, Х.Дос­мұхамедов, М.Тыныш­паев­тар қатысты делінеді. Газет бе­тінде Қазақ кадет партия­сының жетекшісі Бақытжан Қара­таевтың қазақ, татар халқына үндеулері, «Конституциялық демо­кратиялық партияның мақса­ты нешік?» деген мақаласы ба­сылған. Сондай-ақ Ғұбайдолла Бер­диевтің, Алаша қажы Нұ­ғы­манның, Ж.Арғыновтың, Х.Дос­мұхамедовтің мақалалары жария­ланған. Осы газеттің №2 санында жарық көрген Күсепқалиевтің шаруа бастықтары (крестьянский начальник) туралы мақаласы цензура тарапынан «қазақтарды билікке бағынбауға шақырған аса қауіпті үндеу» деп бағаланған кезде, Бақытжан Қаратаев «Фикер» газетінің қазақ бөлімінің меңгерушісі ретінде вице-губернатордың алдына шақырылып, жауапталған екен. Осының барлығы ХХ ғасырдың басында Текедегі қазақ жұрты да оянып, қоғамдық-саяси оқиғаларға белсене араласа бастағанын көрсетеді. Бұл оқиғалардың бел ортасында сол кезде Оралда оқып жүрген қазақ студенттері де жүрген еді.

Әңгімеден сәл ауытқып кеттік, жоғарыда аталған жастар­дың сауық кештерінде татар хал­қының белсенді жастары Камил Тух­фатуллин, әйгілі ақын Ғаб­дол­ла Тоқайлармен бірге, сол кезде Оралда білім алып жүр­ген Нұрғали Ипмағамбетов, Есен­ғали Қасаболатов, Ғұбай­долла ­Бердиевтер де жүр­ген еді. Бұл қазақ-татар жас­тарының тұңғыш рет ресми ұйым­дас­тырған мәдени шарала­ры болатын.

Тәй-тәй қадамдар

Дәл осы кезеңде татар аға­йын­дар арасында жылжымалы театр труппалары пайда бо­ла бастаған екен. Татар тілін­дегі тұңғыш спектакль «Жа­рық пен түнек» 1907 жылы Орын­бор қаласында Ілияс-бек Ба­тырғараұлы Кудашев-Ашка­зарский ұйымдастырған сауық­қойлар үйірмесінің орындауын­да қойылған. Ал бұл үйірме 1907 жылдың басында Орал қала­сында құрылған болатын. Жыл бойы Мәскеу, Рязань, Қасы­мов қалаларын аралап гастроль­де жүрген осы труппаның режис­серлік жұмысын 1908 жылдың басында тағы бір оралдық татар Абдолла Кариев қолға алып, топқа «Сайяр» («Көшпелі жұлдыз») деген атау беріпті. Бүгінде татар ұлттық театр тарихы осы труппадан басталады.

1908 жылы 12 қаңтарда Орал қаласында Ғалиасқар Камалдың «Бақытсыз бозбала» қойылымын ерекше табыспен сахналаған «Са­йяр» труппасы тағы да ұзақ гас­трольге шығып, Қырым мен Кав­казды, ішкі Ресейді, тұтас Түр­кістанды шарлайды. Таш­кент, Самарқан, Бұқара, Қоқан, На­­ман­ған, Атбасар, Павлодар, Қоста­най, Ор, Семей, Еділ мен Жа­йық бойын аралайды. Сөй­тіп 1911 жылы Қазанға жетіп орны­ғады...

Бұл кезде қазақ даласы да сахна өнерінен там-тұм хабар ала бастаған. «Қазақ тілінде бірін­ші рет шыққан театр кітабы­ның» авторы – бөкейлік Ишан­ғали Меңдіханов болды. 1872 жылы Ішкі ордалықтың Қалмақ қисымында дүниеге келген Ишанғали Меңдіханов Хан ордасындағы бастауыш мек­тепті, екі басқышты оқу орнын, 1891 жылы Орынбор мұға­лімдер мектебін бітірген, өз за­манының сауатты, алдыңғы қатар­лы адамы еді. «Дұрыстық жолы» газетінің 1919 жылғы 22 нау­рыздағы №3 санында шық­қан некролог мақалада И.Мең­діхановтың 1912 жылы «Мал­дыбай», 1913 жылы «Сор­лылар», «Үйшік-үйшік», 1917 жылы «Ғылым иелері», 1918 жы­лы «Тамырлар» атты театр кі­тап­тарын жазғанын санап айтады.

«Қазақ әдебиетіне еткен қыз­меті арқылы болсын, жалпы халықты тура жолға бастап, жөн сілтеуі арқылы болсын, Ишан­ғали сирек ұшырайтын кісі­лердің біреуі еді. Марқұмның артында шиеттей көп жан үй-іші қалып отыр. Ішкі ордалық қазақ жастары жақын арада Ишан­ғалидың барлық театр кітап­тарын тамашаға қоймақшы һәм осыдан түскен ақшаны Ішкі ор­далық зиялылар атынан марқұм­ның үй-ішіне жәрдем ретінде жібермекші» делінген «Ардақ­ты азамат Ишанғали Меңді­ха­новтың басынан озғандары. 1872-1919 жыл» атты мақалада.

Әрине, пьесаның жазылуы мен сахнаға қойылуы – бірімен- бірі байланыса жүретін үрдіс. Бұл шығармалардың дәл қай жерде, қандай жағдайда сахналанғаны туралы нақты дерек қолымызда жоқ. Сейітқали Меңдешевтің жазбаларында 1911-1913 жылдары Орда мен Оралда шыққан «Қазақстан» газетіне баспахана алу үшін Бөкейлікте сауық кештері арқылы ел-жұрттан, бай­лардан ақша жиналғаны баян­далады. Бұл жұмыстарды ұйым­дастырушы астыртын ұйым­ның атауы – «Жігер» немесе «Ұлт қауымы» болғанын зерт­теуші Мақсат Тәжімұрат «Ғұмар Қараш» еңбегінде жазған еді.

Афиша ашқан ақтаңдақ

Қазақ ұлттық мемлекеттік театрының алғашқы қойылымы 1926 жылдың 13 қаңтары күні сол кездегі ел астанасы – Қы­зыл­орда қаласында қойылған деп есе­п­теледі. Сол күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік ұлт театры­ның ашылу мерекесі болып, театр
әртістері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнаған.

Ал Орал қаласында қазақ театрының тарихы 1934 жылдан басталады. Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1933 жылғы 8 қыркүйектегі «Ұлт өнерін да­мыту шаралары жайында» қаулысына сәйкес, 1934 жы­лы Шымкент, Семей, Орал қала­ларында облыстық қазақ драма театрлары құрылған екен.

Бірақ Орал қаласында 1934 жылдан әлдеқайда бұрын толыққанды театр қойылым­дары қойылған болып шықты. Оны кездейсоқ табылған театр афишаларынан бір-ақ білдік. Баспаханалық мәліметтеріне қарағанда 30-ақ данамен шық­қан бұл афишалардың бүгінге дейін сақталып келуі – шынында да ғажап нәрсе! 

Сонымен сарғайған плакат былай дейді:

«Небывалая новость Дво­рец Труда. Каревтің нар үйі. 1923 жыл, дүйсенбі, 15 ғинуар­дың кешіне қазақша сауық ке­ші болады. Тамашаға қойыла­ды: І. «Сылаң қыз» бір перде­лі күл­діргі. ІІ. «Алым жию» бір пер­делі. Дикломация, ән һәм басқа түрлі тамаша болмақшы. Ойынға қаладағы қазақ жастарының бәрі қатысады. Ойын басталады кешкі сағат 8-де. Билет бәсі орташа. Билеттер ойын болатын үйде сатылады. Режиссер Әл­жанов. Администратор Исаев». В понедельник 15 января 1923 г. Ставится первый раз в Ура­льске силами местных киргиз Кир­гизский спектакль-концерт. На­чало в 8 часов вечера. Режиссер Б.Альжанов, Администратор У.Исаев».

Келесі афишаға көз салайық:

«Дворец труда, Каревтің нар үйінде. Теке қаласында қа­зақ­­тың жетімханадағы балалар пайдасы үшін 14 хұт, сәр­сенбі күннің кешіне қазақ­ша са­уық кеші болады. Тама­шаға қойы­латын: І. «Бидің жауыз­дығы». ІІ. «Надандық жазасы». ІІІ. «Ай­лакер шал». Ойынға қа­ладағы қазақ жастарының бәрі қосы­лады. Ойын басталады кешкі сағат 8-де. Билетті ойын­нан бұ­рын Аймағамбетов жол­дастан алуға болады. Ойын күні сағат 2-ден ойын біткенше билет ойын үйінде сатылады. Сыншы Әлжанов, басқарушы Исаев».

1923 жылдың қаңтарынан басталған қойылымдар бірте-бірте күрделеніп, әртістердің де шеберлігі арта түскендей.

«Шапай бақшасы. Шілденің 17-сі, сейсенбінің кешіне Теке қаласындағы қазақ жігіттерінің қатынасыменен газет пайдасына қазақша сауық кеші (спектакль) болады. Тамашаға қойылады М.Дулатовтың «Балқия» атты 4 перделі драмасы. Ойын артынан үлгілі тақпақ сөздер сөйленіп, қазақша әндер салынады. Билет Шапай бақшасында сейсенбі күні сағат 5-тен ойын біткенше сатылады. Хақы 4 сомнан 20 сомға дейін. Режиссер А.Байділдин. Басқарушы Ә.Ипмағамбетов». Көріп отырғаныңыздай, қазақ жастары 4 бөлімді, толыққанды қойылымды халыққа ұсынып отыр екен.

Бір өкініштісі, бұл қойы­лым­дарға нақты кімдер қатысты, кім қандай рөл ойнады деген дерек әзірге қолымызға түспей отыр. Бірақ афишада аты-жөні айтылған азаматтар туралы айта кетуге болады.

Алғашқы хабарландырудағы Батырбек Әлжанов – Орал гу­бер­ниялық партия комитетінің органы болған «Қызыл ту» газе­тінің редакторы. Әкімгер Ораз Исаев та бұл кезде Орал губер­ниялық партия комитетінде қыз­мет етіп жүрген кезі. Кейін екеуі де репрессияға ұшы­­рады, Б.Әлжанов 10 жылға сот­та­лып, түрмеде қаза тапса, О.Иса­ев 1939 жылы атылып кетті. Соң­ғы афишадағы Абдрах­ман Бай­ділдин де Орал губер­ниясында үгіт-насихат бөлімінің мең­герушісі, «Қызыл ту» газетінің редакторы еді. Саяси қуғын-сүр­гіннің алдыңғы легіне ілініп, 1931 жылы Мәс­кеуде атылды. Айтпақшы, бұл Аб­драхман Байділдин – 1921-1922 жылдары Орынборда «Ең­бекші қазақ», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің де редакторы болған еді.

P.S. Міне, Ақ Жайық өңірінде ұлттық театр өнерінің терең тарихы бар. Тек жүйелі зерттеу қажет-ақ. Халықаралық театр күні қарсаңында осыдан 95 жыл бұрынғы жәдігер – қойылым афишаларын оқырман назарына ұсынып, қазақ өнерін қалыптастырған арыстардың рухына тағзым еткенді жөн көрдік.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Орал

Суреттерді түсірген автор