Citigroup сарапшылары Brent маркалы мұнайдың бағасы бірінші тоқсанда барреліне 65 доллар болса, екінші тоқсанда 58 долларға дейін төмендеуі мүмкін деген-ді. Бұл межені қор қысқа мерзімді уақытқа жоспарлап отырғандығын Bloomberg агенттігі қостайды. Ал BMI таратқан ақпаратта ағымдағы жылы мұнай бағасы 65-57 доллар аралығында сақталатындығы айтылған.
Goldman Sachs сарапшыларының болжамына сенсек, ұзақ мерзімді келісімшарттардың азаюы алпауыт мұнай өндірушілердің көлемді шектен тыс ұлғайтуымен байланысты. Bloomberg агенттігі 2018 жылдың мұнай бағасына тікелей әсер ететін факторды да атап көрсетті. Агенттік алдымен АҚШ бұл жолы тақтатас мұнайын жеткізуде рекордтық көрсеткіш орнатып, таңғалдырарлық өсім көрсетуі бек мүмкін екендігін назарға алды.
Айта кетерлігі, Ливиядағы құбыр жарылысынан кейін Brent маркалы мұнай бағасы 66 доллардан асып жығылса, бұл ретте, техастық WTI маркалы мұнай 60 доллардан төмен болып отыр. Агенттік екі марканың арасындағы айырмашылық екі жылға жалғасуы мүмкін дейді. Лондондық Matilda Capital хедж-фондының негізін қалаушы Ричард Фаллартон болса биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында тақтатас мұнайы мен канадалық мұнайдың үлесі артса, ОПЕК өндірісті қыстартуы ықтимал деп санайды. Соңғы үш жылда мұнай бағасы ең төменгі деңгейге дейін құлдырады. Ал биылға ОПЕК-тің болжамы мен пайымының етек-жеңі екшеленіп қойылған.
Соңғы уақытта геосаяси жағдайға байланысты шикізат бағасының құбылуынан пайда көру мақсатында қорлар құнды қағаз (опцион) сатып алумен айналысуда. Жыл басындағы Brent маркалы мұнайына опциондар 100 доллардан келген. Агенттік бұл жолы да Венесуэла, Иран және Сауд Арабиясы мұнай бағасына тікелей әсер ететін елдер екендігін жазыпты. Биыл әлем бойынша мұнайға деген сұраныс тәулігіне 98,63 млн баррель болуы ықтимал. Оның ішінде ОПЕК мемлекеттері тәулігіне 30 мың баррель шикізат өндірсе, ұйымға мүше емес мемлекеттер қара алтынға деген сұранысты тәулігіне 59,53 млн баррельге дейін арттырмақ. Негізгі сұраныс Қытай, Үндістан, Азия елдері мен Оңтүстік және Солтүстік Америка тарапынан болып отыр.
Айта кетерлігі, Barclays сарапшылары Венесуэлада өндіріс тәулігіне 1,6 млн баррельге дейін кемитіндігін, тіпті жыл соңында бұл баға 1 млн-ға дейін төмендейтіндігін жеткізген еді.
Своптық жүйенің түйткілі де бар
Осыдан үш жыл бұрын мұнай бағасы күрт арзандап кеткен тұста ОПЕК пен басқа да мұнай экспорттаушы мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан да мұнай өндіру көлемін шектегені белгілі. Ал былтыр «Қашаған» кен орны іске қосылғаннан кейін Қазақстан мұнай өндіру көлемін біршама арттырмақ. Осындай жағдайда, яғни өндіру көлемінің артуы кезеңінде, мұнай экспорттаудың дәстүрлі жолдарымен қатар, жаңа баламалы жолдар да қарастырылуы шарт. Осы жерде Қазақстан үшін Иран мемлекетінің мұнайды шикізат алмасу, яғни своп жолымен экспорттау мүмкіндігін қайта бастау ұсынысы маңызды болып тұр.
Айта кетерлігі, сегіз жылдық үзілістен кейін Иран своп жүйесі арқылы Каспий теңізіндегі мұнай саудасын қайта бастаған. Бүгінде Каспий маңы елдері – Түрікменстан мен Қазақстаннан мұнай жеткізілуде. Атап өтілгендей, Иран көрші елдермен мұнай бойынша своп-операцияларды қайта жаңғыртқан 2017 жылдың тамызынан бері своп арқылы 2,2 млн баррель мұнай алған. Қара алтын Нека қаласындағы Солтүстік терминалынан жеткізілген. Иран мұнай терминалдары компаниясы Каспий теңізімен алған шикізатты Тегеран мен Тебриздегі мұнай өңдеу зауыттарына жөнелтеді.
Своптық жүйе арқылы қандай ұтымды тұстарды басшылыққа алуға болады? Иранға бұл тұста қандай пайда бар? Осы сынды белі бүкір сұрақтардың жауабын экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Досжанұлы айқындап берді.
– Қазақстан Республикасының валюталық ресурстарының негізігі бөлігі мұнай-газ өнімдерінің экспортынан түседі. Жалпы, экспорттық әлеуеттің 60-65 пайызын мұнай-газ өнімдері құрайды. Соңғы жылдардағы шикізат өндірудің ең жоғары көрсеткіші ретінде 2014 жылғы көрсетілген 82 млн тонна деп есептесек, осы көлемнің тек 14 млн тоннаға жуығын ғана өзімізде қайта өңдеп, ал 67-68 млн тонна мұнайды таза экспорттаймыз. Ал өндірісті арттыруда своптық жүйенің ұтымды тұстары баршылық.
Иран мемлекетінің ұсынысының мазмұны мынадай, Қазақстан мұнайды танкерлермен Каспий теңізі арқылы Иранның солтүстігінде орналасқан Нека портына жеткізеді. Ол жерден мұнай Тегеран және Тебризге, яғни Иранның солтүстігінде орналасқан мұнайды қайта өңдеу зауыттарына жіберіледі. Ал Қазақстанға Иранның мұнай кеніштері орналасқан Парсы шығанағында өндірілген мұнай беріледі. Бұл мұнайды Қазақстан Үндістан және Африканың шығыс жағында орналасқан мемлекеттерге экспорттауына мүмкіндік туады,– дейді экономист С.Досжанұлы.
Бұл ұсыныстың Қазақстан үшін тиімділігін ол ең алдымен мұнай экспорттаудың жаңа бағытының ашылуымен түсіндіреді. Яғни тасымалдауды әртараптандыру саясатын қолдану мүмкін болып отыр.
– Қазіргі таңда Қазақстан дәстүрлі экспорттау жолдарын қолданып келеді. Біріншіден, Ресейдің Новороссийск қаласы, екіншіден, Қытай және Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты. Түркияда орналасқан Джейхан порты арқылы Еуропаға мұнайды экспорттау жақсы бағыт болғанымен, үш мемлекет арқылы өткен құбыр жолының өзіндік қиындықтары да бар. Бұл ретте танкерге бір рет жүктеу орнына Бакуде бір, Джейханда екі рет жүктеу шығындары да бар. Ал Новороссийск мен Қытай бағыты сенімді экспорттау жолы болып отыр.
Мұнай свопының тағы да бір тиімділігі – тасымалдау шығындарының азаюы. Біздің теңіз және мұхит тасымалдау жолдарынан алыс, географиялық тиімсіз орналасқандығымыздан, Иран тікелей Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік береді.
Иранмен своп арқылы мұнай экспорттаудың өзіндік қиыншылықтары да жоқ емес. Біріншіден, Иран да Ресей сияқты АҚШ пен Еуропа елдерінің санкциясы астында. Ал біздегі негізгі мұнай өндірушілер Батыс компаниялары. Олар Иран арқылы жұмыс істеуге оншалықты құлықты болмауы да мүмкін. Екіншіден, Қазақстанда өндіріліп жатқан мұнайға инвестиция жасаған компаниялар, негізінен өз елдеріне экспорт жасайды. Яғни сатып алушылары жеткілікті. Ал тек «ҚазМұнайГаз» АҚ өндіріп жатқан мұнайды Иранға экспорттағаннан, өз мұнайымызды қайта өңдеу зауытына шикізат ретінде пайдалану тиімді болмақ. Үшіншіден, Парсы шығанағындағы өте шиленіскен геосаяси жағдай мен бәсекелестікті де ескеру керек болады. Бұл баға саясатына қиындық тудыруы мүмкін. Мәселен, экспортты сақтандыру шығынының ұлғаюы ықтимал, – деді экономист.
Жалпы, своп операциялары әлемде кең қоланылғанымен, көп жағдайларда бұл геосаяси шешімдердің құралына айналып тұрғандығын айтқан Сапарбай Досжанұлы бұл мәселені біздегі жағдаймен сәйкестендірді. Қазақстан үшін Павлодар МӨЗ-іне Ресей мұнайын қолданған тиімді. Дегенмен ұзақ стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін біз бұл зауытқа өз мұнайымызды жеткізу жолын қарастыруды ұмытпауымыз керек. Бұл мәселе газбен солтүстік өңірлерді қамтамасыз ету кезінде айқын байқалды. Астанаға Орынбор газын алып келу экономикалық жағынан тиімді болатын, бірақ баға мен сенімді қамтамасыз ету мәселесі басқа ел қолында болады. Украина мысалы көптің көзін ашты. Қаншалық шығынды болмасын, бәрібір өз газымызды Астанаға және басқа да солтүстік өңірлерге жеткізу қажеттігін түсіндік. Дәл солай Иранмен мұнай алмасу үрдісін де терең талдаулар жасай отырып шешім қабылдау қажет, деді сарапшы.
Биылғы меже – 87 млн тонна
Таяуда Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанда 2018 жылғы мұнай өндіру көлемі 87 млн тонна болатындыған айтқан. Өткен жылы 86,2 млн тонна мұнай өндіріліп, өсім 2016 жылғы деңгейден 105 пайызға жоғарылаған. 2017 жылдың мұнай өндіру көлемінің өсімі «Қашаған», «Теңіз» және «Қарашығанақ» кен орындарындағы тұрақты еселенумен тығыз байланысты. Ал биылғы жылы да негізгі өсім «Қашаған» есебінен болады деп күтілуде. «Қашағаннан» мұнай өндіру жоспары 11 млн тоннаны құрайды. Есесіне Қызылорда мен Ақтөбе облыстарындағы кеніштерде өндіріс көлемі төмендеуі мүмкін. Оған аталған кен орындарының табиғи тозуы мен әзірлемелер кезеңінің кеш басталуы себеп. Айта кетерлігі, 2017 жылы Қазақстан 26,6 млрд долларға мұнай сатқан. Шетелдерге сатылған мұнай көлемі 2016 жылмен салыстырғанда былтыр 37,8 пайызға өскен.
Статистика комитеті мәліметтері бойынша, бүгінде Қазақстан мұнайын ең көп сатып алушы Италия болып отыр. Бұл ел өткен жылы Қазақстаннан 8,4 млрд долларға мұнай алған және Италияға экспорт бір жылда 21,3 пайызға өскен. Бұл тізімнің қатарында Голландия (3,6 млрд доллар), Швейцария (2,6 млрд доллар), Франция (2,8 млрд доллар), Испания (1,4 млрд доллар), Грекия (799,6 млн доллар), Румыния (878,7 млн доллар), Қытай (853,4 млн доллар), Португалия (595,9 млн доллар), Хорватия (288,7 млн доллар), Корея (955,9 млн доллар) және Үндістан (619 млн доллар) бар.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты мәселе пысықталып жатыр. Энергетика министрлігінің басшылығымен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2018 жылдың екінші жартыжылдығында төртінші мұнай өңдеу зауытының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлемек. Сол уақытта құрылыстың жүргізілу мүмкіндігі, орналасатын орны және зауыттың қуаты туралы нақты шешім қабылданады. Арнайы жүргізілген сараптаманың қорытындысы бойынша, бензинге 2021-2023 жылдар аралығында, дизель отынына 2023 жылы және авиакеросинге 2026 жылдан кейін тапшылық болмайды деп күтілуде.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»