Төртінші, цифрлы өнеркәсіптік революцияға бейімделу қажеттілігі мен өсудің негізгі қозғаушы күші жаңа технологиялар болатынын Президент Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында айтқан болатын.
Жолдауда көрсетілген міндеттерге сәйкес, алға қойылған мақсатқа қол жеткізіп, әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу үшін халқымыз өзгермелі жағдайларға бейімделіп, әртүрлі салаларға, ең алдымен, өндіріс саласына цифрлы технологияларды енгізу қажет.
Бұл жағдайда қазіргі индустрияландыру бағдарламасы жаңа құралдарды дайындап, апробациядан өткізуге бағытталуы тиіс. Олар өнімдерді экспортқа шығаратын қазақстандық кәсіпорындардың жаңаруына және олардың цифрлы технологияларға көшуіне мүмкіндік беретін болады.
Сондай-ақ Елбасы мүмкін болатын тәуекелдерді да атап өтті, бұл – ең алдымен, экономиканы цифрлы жүйеге келтіргеннен кейін жұмыс орындарының босап қалуы, сондай-ақ кәсіпорындардың энергияны тиімді пайдалануы мен энергия үнемдеуді дамыту қажеттілігі.
«ҚазТрансОйл» АҚ Мемлекет басшысы белгілеген міндеттердің барлығын жүзеге асыруда. Цифрлы технологияға көшу енді қолға алына бастаған кезде-ақ компания бұл үдерісті іске қосқан болатын.
Былтыр желтоқсан айында компания мұнай тасымалдау ісінде диспетчерлік басқаруды орталықтандыру бойынша ірі жобаны аяқтады. Батыс және Шығыс филиалдарының Атырау мен Павлодарда орналасқан диспетчерлік қызметі «Астана» бас диспетчерлік басқармасына (БДБ) берілді. Бүгінде компания орталық кеңседе отырып, еліміздің 11 облысындағы мұнай тасымалын тікелей басқарып отыр.
Компания диспетчерлік бақылау жүйесі мен SCADA жүк тасымалын басқаруды енді ендіре бастаған сәттен-ақ бұл жобаның бастау алғанын атап айту керек. Жоба мәні мынада – «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай құбырларының барлық бөліктерінде мұнайды қабылдау мен тапсыруды бақылау, мұнайды Ақтау портына, темір жол эстакадаларына құюды бір орталықтан жүргізу. Қазір мұндай орталық «ҚазТрансОйл» АҚ-тың «Астана» бас диспетчерлік басқармасы болып отыр. Мұнда барлық операцияларды бақылау мен басқару онлайн режімде жүргізіледі.
«ҚазТрансОйл» АҚ басқарма басшысы Димаш Досановтың айтуынша, диспетчерлеудің біртұтас заманауи пунктін енгізу әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді және мұнай ағымын басқаруда компанияға сапалы жаңа деңгейге жетуге мүмкіндік береді. «Өндірістік қуатты автоматтандыру және мұнай тасымалын басқаруды аймақтардан «Астана» бас диспетчерлік басқармасына ауыстыру – «ҚазТрансОйл» АҚ магистральды құбыр желісінің тұрақты да қауіпсіз жұмыс істеуінің қазақстандық жүйесін сәтті орындау», деп атап өтті ол.
Диспетчерлік басқарудың құрылымы да жеңілдетілді. Бұрын ол төрт деңгейде орындалатын: жергілікті диспетчерлік пункттер (ЖДП), аудандық диспетчерлік пункттер, орталық диспетчерлік пункттер және «Астана» бас диспетчерлік басқармасы. Қазір бұл құрылымға ЖДП мен БДБ ғана қатысады.
Әрине, диспетчерлік басқарманы қайта құрудың диспетчер мамандарға да әсері болды. Әйтсе де компания көптеген жұмыс орындарын сақтап қалды. Аймақтық бөлімшелердегі диспетчерлердің біразы «Астана» БДБ-ға ауыстырылды және бүгінде 47 білікті инженер жаңа бөлімшелердегі жұмыстарына толығымен бейімделді.
SCADA жүйесі
Бас диспетчерлік басқарманы іске қосу көп жылдық диспетчерлендіру жобасының соңғы кезеңі болды.
Мұндай ауқымды міндет, яғни мұнай құбырларындағы өндірістік жұмыстарды басқаруды автоматтандыру компания құрылғаннан кейін-ақ 1997 жылы пайда болды. Ол кезеңде КСРО-дан Қазақстанға мұраға қалған магистральды мұнай құбырларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек болды, бүкіл автоматтандыру 1960 жылғы үлгідегі релелік қондырғылар болды, байланыс та сенімсіз болатын және бұл құралдар жиі істен шығып қалатын. Соған қарамастан, мұнай сияқты стратегиялық маңызы бар тауарды үздіксіз экспортқа шығару аса қажет болды.
«ҚазТрансОйлдың» магистральды мұнай құбырларының технологиялық нысандары әр аймақта орналасқандығын ескере келе, қашықтықтан бақылау мен басқару қажеттілігі туындады. Мұнай құбырларының жұмысын басқару үшін әлемде бір-ақ жүйе болғандықтан – ол диспетчерлік бақылау мен басқарудың SCADA жүйесі болатын – 1999 жылы компания мамандары тиісті техникалық тапсырманы дайындай бастады. Жаңа жүйе үшін негізгі үш мақсатты жүзеге асыру керек болды: мұнай құбырларының сенімділігі мен қауіпсіздігі деңгейін жоғарылату, мұнай тасымалдауды басқаруды оңтайландыру, технологиялық құралдар жұмысын қашықтан басқару.
2003 жылдан бастап 2010 жылға дейін «ҚазТрансОйл» SCADA жүйесін біртіндеп барлық мұнай құбырларына енгізді. Басқа бағыттардың пайда болуына орай, бұл жүйе жаңа мұнай құбырларында да қолданыла бастады. Атап айтсақ, олар – бүгінгі Қазақстан-Қытай-Кеңқияқ-Атырау, Кеңқияқ-Құмкөл және Атасу-Алашаңқай магистральды мұнай құбырлары.
SCADA жобасы бірнеше кезеңнен тұрды: бақылау-өлшеуіш құралдарын ауыстыру, жаңа автоматика орнату, диспетчерлік бақылау жүйесін енгізу.
ҚТ-ның көптеген нысандарында SCADA жүйесін енгізу ресми түрде 2006 жылы аяқталған болатын, бірақ жүйені жаңарту бүгінгі күнге дейін аяқталмай отыр. Диспетчерлік бақылауды филиалдардан БДБ-ға ауыстыру бойынша жоба аясында контроллерлердің бір бөлігі жаңартылды, 40 нысанның барлығына SCADA серверлері орнатылып, тиісті бағдарламалармен қамтамасыз етілді.
SCADA ҚТО-ның мұнай айдайтын стансаларындағы және басқа нысандарындағы жұмыс үлгісін айтарлықтай өзгертті. Бұрын адамдар атқаратын күрделі де көп еңбектенуді қажет ететін операцияларды қазір автомат атқарады. Температура, қысым, мұнай деңгейін өлшейтін заманауи құрылғылар – осылардың барлығы апатқа қарсы қорғаныс жүйесімен бірге қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етті және құрылғының автоматты режімде жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
Адам қызметін аз қажет ететін мұнай құбыры жүйесінің жұмыс кестесі автоматты қондырғының қатесіз жұмысының арқасында апатты жағдайдың төмендеуіне, жарақат алудың азаюына, мұнай тасымалы сенімділігінің жоғарылауына әкелді. Енді операторға бір тиектен екіншісіне жүгіруінің керегі жоқ, ол монитордың алдында отырып өз жұмысын қашықтықтан орындайды.
SCADA-ны енгізу нәтижесінде «ҚазТрансОйл» АҚ магистральды мұнай құбырларының барлық нысандарына осы жүйені енгізген алғашқы қазақстандық компания болды. Және ҚазТрансОйлдың диспетчерлік бақылау мен басқару жүйесі әлемдегі ірі жүйелердің бірі болып саналады.
Өндірістік үдерісті басқару жүйесі
ҚТО-ның цифрлы технологияны енгізу бойынша тағы бір ірі жобасы – өндірістік үдерісті басқару жүйесі (ӨҮБЖ). ӨҮБЖ дегеніміз – кәсіпорынның құрал-жабдықтарын жөндеу мен оған техникалық қызмет көрсету үдерісін басқаруды автоматтандыру. Бұл адам еңбегін аз қажет етеді және мұнай тасымалдауды сенімді де қауіпсіз түрде қамтамасыз ете отырып, бірден үш міндетті шешеді: құралдар мен жүйелердің қауіпсіздігі мен сенімділігін барынша қамтамасыз етеді, сорғы құралдарын жөндеуді енгізеді, қолдану, жөндеу және сатып алуға қатысты негізгі бизнес-үдерістерді автоматтандыру деңгейін жоғарылатады.
ҚТО энергия қуатын үнемдеу
Энергия тиімділігін үнемі арттырып отыру – компанияның энергетикалық саясаты анықтаған «ҚазТрансОйл» АҚ-тың көкейкесті міндеттерінің бірі. Бұл құжаттың 2014 жылы кешенді энергетикалық аудиттен кейін қабылданғанын атап айту керек. Ол 2012 жылғы «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заң талаптарына сәйкес жүргізілді. «ҚазТрансОйл» АҚ өткізілген энергетикалық аудит нәтижесі бойынша, «ҚазТрансОйл» АҚ Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша 2015-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары дайындалды. Ондағы негізгі бағыттар мыналар:
- электрмен жабдықтау және жарықтандыру;
- жылумен қамту және жылыту;
- желдету, кондиционерлер орнату, ылғалдандыру;
- технологиялық құралдар;
- есеп пен бақылау аспаптары мен құралдары;
- энергоменеджмент;
- қызметкерлерді қайта дайындау және біліктіліктерін жетілдіру.
«ҚазТрансОйл» АҚ үшін мұндай іс-шаралар аса маңызды, өйткені олар компания бағыттаған ресурстарды босатады, соның ішінде, өзінің материалдық-техникалық базасын жаңарту үшінде. Мәселен, «ҚазТрансОйл» АҚ мынадай инновациялық технологияларды сәтті енгізуде: жиілікпен басқарылатын желілер, электр қозғалтқыштарын бірқалыпты қосу құралдары, реактивті қуаттың орнын толтыру құралдары, магистральды сорғы агрегаттарының синхронды электр қозғалтқыштарын қыздыратын сандық реттеушілер; артық қуаты бар күштік трансформаторларды энергиялық тиімді түріне ауыстыруда.
Электр энергиясын мұнай тасымалдау үшін қолдану және магистральды мұнай құбыры бойымен мұнай ағатын жолды жылыту үшін газды қолдану энергияның маңызды түрлері болып табылады. Электр энергиясы мен газды қолданудың жиынтық үлесі жалпы энергия қолданудың 89%-ын құрайтындықтан, мұнайдың жүк айналым бірлігіне жұмсалатын меншікті тұтыну энергиясын төмендету мақсатында компанияда магистральды мұнай құбырларының жұмыс режімін оңтайландыруды қамтамасыз ету бойынша үнемі жұмыстар жүргізіледі.
Энергияны үнемдеу, энергиялық тиімділікті жоғарылату және мұнай құбыры жұмыс режімдерін тиімді қолдану бойынша жоспарлы түрде жүргізіліп отырған жұмыстардың нәтижесінде 2016 жылғымен салыстырғанда, 2017 жылы энергияның сыбағалы шығысы 4,9%-ға төмендеді және 4,66 тонна шартты отынды/млн тонна*км (2016 жылы 5,48 тонна шартты отын/ млн тонн*км болды) құрады.
Энергия қорларының негізгі түрлерін қолданудың 4,9%-ға төмендеуі мұнай тасымалдау айналымы көлемінің 11%-ға ұлғайған тұсында орын алғанын атап айту керек. Басқаша айтсақ, энергия үнемдеу жүйесі тиімді жұмыс атқаруда.
Энергия тиімділігі мониторингін жүргізу үдерісі көп еңбектенуді қажет етеді және «ҚазТрансОйл» АҚ-тың әрбір құрылымдық бөлімшелерінде ай сайын жүргізіліп отырады. Ағымдағы кезеңдегі энергияны қолданудың көлемі мен оның ақшаға шаққандағы мөлшері өткен жылғы осы кезеңдегімен салыстырылады, энергетикалық мақсаттар мен міндеттер қадағаланады, мұнайды тасымалдаудың жоспарланған технологиялық режімдерін сақтау бағаланады.
2017 жылы қыркүйекте өткізілген кіріктірілген энергоменеджмент жүйесінің инспекциялық аудит нәтижесі бойынша, «ҚазТрансОйл» АҚ ISO 50001 қоса есептегенде, барлық халықаралық стандарт талаптарына сәйкес қызмет етіп жатқанын дәлелдеді.
«Ақылды» жүйелер
Бизнес процестерді оңтайландыру және еңбек шығынын азайту мақсатында 2017 жылдың басында «ҚазТрансОйл» АҚ-та «Энергия үнемдеу» атты энергоменеджменттің ақпараттық басқару жүйесі дайындалған болатын. Ол ақпаратты жинақтау, дайындау және өңдеу үдерісін автоматтандыруға, энергия тиімділігін мониторингілеу бойынша дайын есеп беруді қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Электр қуаты қолданысына талдау жасау мен бақылау, мұнай тасымалдаудағы технологиялық режімдердің энергия тиімділігі көрсеткіштерінің мониторингін «ҚазТрансОйл» АҚ электр қуатын коммерциялық есептеудің автоматтандарылған жүйесі (ЭҚКЕАЖ) көмегімен жүзеге асырады.
Сондай-ақ компания мұнай құбыры бөліктеріндегі жұмыстардың технологиялық режімдерін мониторингілеу, модельдеу және оңтайландыру бойынша Smart Tran отандық бағдарламалар кешенін де қолданады.
Осылайша, «ҚазТрансОйл» компаниясы әлемдік экономикада қандай үлкен өзгерістер жүріп жатқанын және жаңару үшін жаңа цифрлы технологиялар мүмкіндігін пайдаланудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Шығынды азайтып, мұнай айдау тиімділігін арттыра отырып, «ҚазТрансОйл» АҚ еліміздің дамуына өз үлесін қосуда. Және алдағы уақытта көмірсутекті энергия тасымалдаушыларға деген сұраныс бұрынғыдай сақталатын болады.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»