Сол мақсатта қолға алынған аталмыш жыр кеші өткен сенбіде С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында өз шымылдығын түрді. Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Серік Ақсұңқарұлы бастаған бір топ әдебиетші қауым өкілдері қатысты. Кешке сондай-ақ, Елордамыз Астана қаласынан да жас қаламгерлер қара көрсеткен. Атап айтқанда, Ербол Алшынбай, Алмас Нүсіп, Бағашар Тұрсынбайұлы, Ықылас Шалғынбай, Әлімжан Әлішер, Қайрат Сейтқазы сынды жас ақын-жазушы, сыншы, драматургтер көрікті кештің көкжиегін кеңейтіп кеткен.
Алдымен, кеш жүргізушісі көрермен қауымға Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысындағы филиалының жаңа директоры Серік Сағынтайды таныстырды.
Поэтикалық дуэльдің беташар сөзін Серік Ақсұңқарұлы айтып, жас қаламгерлерге сәттілік тіледі. «Мұндай поэтикалық дуэльдер тарихта болған. Оған атақты Есенин мен Маяковскийді айтсақ та жеткілікті. Сол дәстүрді жаңғыртып, жаңартып тұру керек. Бұл ақындардың өлеңін теңестіру немесе таластыру емес, шын мәніндегі өнер жарысы деп түсінуіміз керек», деді С.Ақсұңқарұлы.
Ерекше форматта өткен жыр додасында ақындар 4 кезең бойынша бақтарын сынады. Сайысқа қатысушы 17-25 жас аралығындағы 14 үміткердің ішінен қарағандылық жас ақын Айдын Байыс «Жыр қағаны» деп танылды. Ереже бойынша жеребе тартылып, тақ сан таңдаған ақындар қарсылас таңдауға мүмкіндік алды.
Әділ бағасын беріп, қазылық еткен ақындар Б.Мүбарак, Қ.Асқар, Ж.Жаңқашұлы, Ж.Әлиман, Ж.Байбұланова бір ауыздан таңдаған дуэль жеңімпазы А.Байыс кеш құрылтайшысы, белгілі білім меценаты Бекзат Алтынбековтің тағайындаған ақшалай сыйлығына қол жеткізді.
Кештің көрікті өтуіне Қарағанды облысының әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы көмек қолын созған.
шара соңында қарағандылық жас ақындар аталмыш эстафетаны тараздық ақындарға жолдады. Оны Қарағанды гуманитарлық колледжінің директоры, Тараз қаласының тумасы Есжан Әміров қабылдап алды.
«Егемен-ақпарат»