«Қала тұрғындары мен қонақтарына екі күннен бері тегін донер таратылып жатыр» дегенді естіп Мұратбаев пен Гоголь көшесінің қиылысындағы шағын дәмханаға бас сұқтық. Барсақ, айтқандай-ақ тегін тағамнан дәм татсақ деп келгендердің санында есеп жоқ. Ұзын-сонар кезек. Күні кеше ғана ашылған «Дядя Донер» тамақтану орталығының қызметкерлерінің айтуларынша, бұл шара ең алдымен Наурыз мерекесінің құрметіне, сондай-ақ орталықтың ашылуына орай ұйымдастырылып отырған көрінеді. Бірер күннің ішінде екі мыңға тарта тұрғын тіл үйіретін түрік тағамымен тегін тамақтанған. Келушілердің басым бөлігі студент жастар.
«Тағамның дәмі ерекше. Осымен екінші мәрте келіп тегін тамақтандым. Нағыз мереке екені сезіледі. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса, әсіресе, біз сияқты студенттерге үлкен олжа болар еді», дейді Еуразия технологиялық колледжінің студенті Асхат Үсенов.
Орталықтың басшысы жас кәсіпкер Альберт Ерназаров: «Бабаларымыздан келе жатқан Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесінде алматылықтарға тосын сый жасауды ұйғардым. Өйткені Наурыз барлық береке мен молшылықтың бастауы. Науқан үш күн бойы жалғаспақ. Келем деуші кез келген жанға есігіміз ашық. Басты мақсатымыз халықтың ризашылығын алып, төл мерекемізді әспеттеу» дейді.
Бүгінгі таңда бір ғана Алматының өзінде бес мыңнан астам тамақтану орталығы бар. Олардың біразы Альберт сияқты кәсіпкерлерден үлгі алса қайырымдылық шаралары кеңге қанат жайып, Наурыз мейрамының даңқы одан бетер аспандай түсетін еді...
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ