Аймақтар • 26 Наурыз, 2018

Наурыз мерекесін челябілік қандастар дүрілдетіп өткізді

463 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Наурыз мерекесін Ресейдің  Қостанай облысымен іргелес жатқан Челябі облысындағы қандастарымыз да дүрілдетіп атап өтті. Челябі қаласының орталығындағы «ЧТЗ» театрының атшаптырым фойесінде Наурыз мерекесіне арналған көрме өтті. Оған  Челябі облысында  тұрып жатқан түркі халықтарының өкілдерімен бірге Нағайбақ, Агапов, Чесма аудандары мен Пласт қаласы секілді он алты муниципалды аудандары мен қалаларынан қандастарымыз келіп қатысып,  халқымыздың дәстүр-салтын, өнерін көрсетті.

Наурыз мерекесін челябілік қандастар дүрілдетіп өткізді

Наурызды өткізуді Челябі облыстық Халықтар достығы үйі ұйымдастырыпты, оған  «Жақсылық» қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігі де атсалысты. 

«Біз облыста тұратын  40 мың қаралы қандастарымыздың ана тіліміз бен ұлттық дәстүрлерімізді ұмытпауы, өгейсімеуі үшін жыл бойына  жұмыс  жүргіземіз. Бұл орайда фестивальдер мен түрлі байқаулардың алатын орны ерекше, жарыс сипатында өткізген шаралар  ұлттық намысты қамшылауға  ықпал етеді, алыста отырған ағайынды ұлттық құндылықтарға  құлшындырады» дейді «Жақсылық» қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Юлит Байдәулетова.

Қостанай облыстық әкімшілігі Челябі облысымен экономикалық және мәдени байланыстар орнатқан. Облыстық Тілдерді дамыту басқармасының Тіл үйрету орталығы  ресейлік қазақтар үшін жыл сайын қазақ тілін оқыту бағдарламасын жасап береді,  мұғалімдерге арнап семинар өткізеді.

«Челябі облысын жайлаған ағайындарымыз біздің мамандар жасаған бағдарламамен бірнеше жыл қатарынан ана тілін үйреніп келеді. Мақтанғанымыз емес, тілдік ортадан шет жүрген  ағайынға ықшамдалған, мұндай жеңілдетілген бағдарлама жасап беріп, онымен сырттағы қазақтардың тіл үйренуін қадағалап,  қоғамдық негізде  тіл үйретумен айналысатын мұғалімдер үшін семинарлар өткізіп, олардың біліктілігін көтеріп отырған жұмыстар біздің облыстық Тілдерді дамыту басқармасында жүргізіледі. Мұндай бағдарламаны біздің облыстағы Тіл үйрету орталығының мамандары ғана жасады, оның республиканың басқа облыстарында баламасы жоқ» дейді  Қостанай облыстық Тілдерді  дамыту басқармасының бөлім меңгерушісі Бақытгүл Сүлейменова.  

Челябіде өткен Наурыз мерекесіне башқұрт, татар,  азербайжан секілді халықтармен қатар қазақтар да белсене қатысады екен. Олар әкелген ұлттық тағамның түр-түрі өзгелердің де  назарын аударды, өнерге   жастарды баулып отыр.

Наурыз мерекесі  Челябі  облысындағы қазақтар шоғырланып отырған аудандардағы елді мекендерде де өткізілді. Троицк ауданындағы Санарка селосындағы  500 үйдің 50 түтіні қазақтар. Олар биыл Наурыз мейрамын өткізді. Оған қандастарымыз Троицк, Чесма аудандары мен  Пласт қаласынан келіп, халықтың дәстүрі мен өнерін көрсетті. Осы мерекені ұйымдастырған Санарка ауылының ақсақалы, «Мұрагер» қазақ ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Диқан Мусин жастарға, балаларға ана тілін, халқымыздың өнерін жалықпай үйретумен келеді.

«Мектеп оқушыларына   домбыра, ән үйретемін. Сол арқылы қазақ тіліне ықыласы оянады. Бірақ соңғы уақытта бала саны азайып кетті, жастар селода қалмайды. Осы селода бұрын мен қазақ баласының барлығына домбыра ұстауды үйреткен едім, олар оны өскенде де ұмытпайды. Сосын аралас-құралас тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне қазақ әндерін үйретемін» дейді Диқан ағай. Наурыз мерекесінде Санарка селосының тұрғындары –орыстар, украиндар, татарлар мен башқұрттар  қазақ әндерін шырқады.

Жалпы биылғы Наурыз мерекелеріне облыстың 16 ауданы мен қаласында тұрып жатқан қазақ ағайындар атсалысты.

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Челябі-Троицк-Қостанай