Аймақтар • 27 Наурыз, 2018

Өскеменде елімізде тұңғыш рет робот көмегімен операция жасалды

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Өскеменде елімізде тұңғыш рет робот көмегімен операция жасалды. Облыс орталығындағы №1 қалалық аурухананың роботтандырылған хирургия және трансплантация орталығында Өскеменнің 50 жастағы тұрғынының өт жолына жасалған операция Италиядағы Габриэле д’Аннунцио университеті клиникасының профессоры, Миландағы «ТransEnterix» фирмасының хирург кеңесшісі Стефано Джидароның басшылығымен жүргізілді. 

Өскеменде елімізде тұңғыш рет робот көмегімен операция жасалды

Соңғы 8 жылдан бері Еуропада роботтандырылған операция жасаумен шұғылданып келе жатқан білікті маман Қазақстанда алғаш жасалған операциядан соң журналистерге берген сұхбатында операцияның сәтті өткенін айтты. «Мұндай операцияны жүргізу үшін дәрігерлер мен асссистентер білікті болуы керек. Бүгін операцияға қатысқан қазақстандық әріптестеріме, медициналық қызметкерлерге ерекше алғысымды білдіремін. Емханадағы операциялық залдардың қолайлылығын да атап өткім келеді», - деді шет елдік дәрігер.

Операцияға Италиядан келген дәрігермен бірге өскемендік дәрігерлер де қатысты. Соның бірі – Өскемендегі №1 қалалық аурухананың хирургы Нартай Тұраханов. «Бүгінгі күн біз үшін тарихи күн, ерекше күн. Мұндай операция Қазақстанда ғана емес, ТМД елдері ішінде Өскеменде алғаш рет жасалды деуге болады. Мен бұл операцияға асссистент ретінде қатыстым. Операция сәтті өткен секілді. Былтыр Өскеменнің төрт дәрігері Еуропаға барып, робботандырылған операкция жасаудың қыр-сырын меңгеріп қайттық, Германияда, Италияда болдық. Робот көмегімен жасалатын операцияларды көзімізбен көріп қана қоймай өзіміз де операция жасауға қатыстық» деген ол енді осындағы орталықта мұндай операцияны өздері де жасай алатынын жеткізді.

«Шығыс Қазақстанның дәрігерлерімен бірге өзім де Италияға барып, роботтандырылған хирургияны оқып келдім. Біз барған клиникада бір жылда 150 ота жасалған екен. Заманауи технологияның Шығыстағы емханаларға енгізіліп жатқанына қуаныштымын», - дейді Алматы қаласындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының асқазан, өңеш және ішек жолдары бөлімінің меңгерушісі Әділ Адайұлы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың айтуынша, робот көмегімен жасалатын операция дәлдігімен, пациентке қауіпсіз әрі жарақаттанудан сақтайтындығымен ерекшеленеді.Облыс әкімі Даниал Ахметов өңір дәрігерлерін шет елде оқыту жұмыстары жалғасын табатынын,  биыл тағы да екі дәрігер щет елге барып оқитынын тілге тиек етті.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»