Театр • 28 Наурыз, 2018

Астанада І «Алтын шымылдық» театр жүлдесі табысталды

552 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласының сахна майталмандары Халықаралық театр күнін тойлады. Биылғы өнер мерекесінің ерекшелігі сол – елорданың үздік театрларына І «Алтын шымылдық» театр жүлдесі табысталды. Аталған байқау Астананың 20 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырылып отыр.

Астанада І «Алтын шымылдық» театр жүлдесі табысталды

Мерекелік кеш Жастар театры­ның ғимаратында елорда актерлері мен режиссерлерінің қызыл кі­лемнен өту салтанатымен басталып, сахналық қуыршақтардың театрландырылған қызықты қойылымына ұласты. Бір айта кетерлігі, астаналық театр ұжым­дарының кәсіби мейрамдарын тойлау дәстүрі ерекше. Мерекелік іс-шараға жауапты театрлар арнайы таңдап алынып, әр жыл сайын сол өнер ошағы кезегімен эстафета бойынша салтанатты кешті ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болады. Биыл Астананың 20 жыл­дығы аясындағы театр күнін ұйымдастыру кезегі М.Горь­кий атындағы Мемлекеттік ака­де­миялық орыс драма театрына беріл­ді. Ұжым дәстүрлі шараның фор­маты мен мазмұнына бірқа­тар жаңашылдық енгізіпті. Оның негізгісі – әртістердің қызыл кілемнен өту шарасы мен үздік­терге құрмет көрсету Red Carpet Оскар жүлдесі форматын­да өтуінде болды. Тірі стендтер мен әуендер, аты аңызға айнал­ған Элвис Пресли, заманға сай Bullet Time фотосурет түсі­ру қондырғысы келген мейман­дар­дың көңілін көтеріп, мерекелік кештің шырайын кіргізді.

Бұл – салтанатты шараның бірінші бөлімі. Ал екінші бөлім сахнада өткізілді. Мұнда мерекелік бағдарламаны М.Горький атын­дағы академиялық орыс драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры, Жастар театры, «Наз» би театры және Астана қаласы Қуыршақ театры ұжымдары дайындаған театрландырылған көріністер қо­нақтар назарына ұсынылып, Ас­тананың 20 жылдық мерейтойы аясында І «Алтын шымылдық» театр жүлдесі үздіктерге табыс етілді. 

Қалалық мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен өт­кен мерекелік жиынның шы­мыл­дығын Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашып, сахна майталмандарын төл мерекесімен құттықтады. Сал­­та­натты кеш одан әрі «Алтын шымыл­дық» иегерлерін марапаттау рәсіміне ұласты. Тәуелсіз театр сарапшыларының шешімі бойынша «Жыл энергиясы» номинациясы бойынша Астана қаласы Жастар театрының «Жасауыл» әфса­насы (авторы – Жаныш Құлмам­бетов, режиссері – Бекбо­лат Құрманғожаев) І «Алтын шы­мылдық» театр жүлдесімен марапатталды. 

«Жыл қимылы» аталымындағы сыйлық Астана қаласы Қуыршақ театрына Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» қойылымы үшін (режиссері – Құралай Ешмұратова) табыс етілді. «Жыл көзқарасы» номи­на­циясында Қ.Қуанышбаев атын­дағы Қазақ музыкалық драма театры ұжымы Серік Тұрғын­бекұлының «Шәмші» элегиясы үшін (режиссері – Болат Ұзақов) үздік деп танылды. «Жыл әрекеті» жүлдесі «Наз» би театрына берілсе, М.Горький атындағы академиялық орыс драма театры А.Пушкиннің «Евгений Онегин» қойылымы үшін (режиссері – Юрий Квятковский) «Алтын шымылдық» сыйлығының иегері атанды. 

Сахна майталмандарының кәсіби мерекесі осылайша өз мәресіне жетті. Ал «Алтын шымылдық » І театр жүлдесі осы жылдан бастап кәсіби мереке сайын Астана театрлары үшін үздік қойылымдарына дәстүрлі түрде жыл сайын тағайындалып, маусым жаңалығына айналған қойылымдар бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.

Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»