Жиында 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі 2015-2017 жылдардағы іс-шаралар жоспарының орындалу нәтижелері, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдарындағы жемқорлыққа қарсы әрекет бағытында қабылданып жатқан шаралар қаралды.
Отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жемқорлықтың алдын алу күресі жалғаса беретіні туралы айтқан сөзін атап өтті. Мемлекеттік органдардағы үдерістерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады.
«Жалпы алғанда, қабылданған шаралар Transparency International-дың сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстанның тоғызыншы орынға көтерілуіне мүмкіндік береді», деді Мемлекеттік хатшы.
Г.Әбдіқалықованың айтуынша, өткен үш жылда әкімшілік кедергілерді айтарлықтай азайтуға, тұрмыстық сипаттағы сыбайлас жемқорлықты бәсеңдетуге, мемлекеттік органдар ашықтығын арттыруға қол жеткізілді.
Сонымен қатар жиында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік пен Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің баяндамалары тыңдалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру бағытындағы 2015-2017 жылдардағы іс-шаралар жоспары бойынша 63 іс-шара атқарылды. Соның ішінде 4 жаңа заң, 20 нормативтік-құқықтық акт әзірленіп, 8 ақпараттық жүйе іске қосылды. Бұдан бөлек, 36 ұйымдастыру іс-шарасы өткізілді. Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспары ескеріле отырып әзірленген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру бағытындағы 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілу кезеңінде.
Комиссия отырысының қорытындысында Мемлекеттік кірістер комитетінің ішкі қауіпсіздік бөлімшелерінің жұмысын жандандыру, қарауындағы қызметкерлерінің жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылығы үшін басшылардың жауапкершілігін арттыру, жемқорлық қатерін азайту үшін цифрлы технологияларды енгізу жөнінде тапсырмалар берілді.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»