Негізгісі – «1937-1938 жылдардың қанды науқанында қазақ интеллигенттерін аяусыз қырғынға ұшыратқан басшы, ең болмаса, науқан біткен соң, қатары селдіреп қалған қазақ интеллигенциясына тыным берсейші!» деген жаңсақтық. «Басшы» мақалада қайталап айтыла берген Скворцов Николай Александрович, Қазақстан КП Орталық комитетінің 1 хатшысы. Ол бұл қызметке 1938 жылдың мамыр айында келіп, 1945 жылдың күзіне дейін болды. Яғни оны қазақ зиялыларын «аяусыз қырғанға ұшыратты» деудің жөні жоқ. Ахмет Байтұрсыновтан бастап, барша зиялымызды соттап, атып кеткен жауыз Л.Мирзоян! Ол бізге 1933 жылы келіп, 1938 жылдың мамырына дейін қырғын жасады. Сәкен, Ілияс, Бейімбет ағаларымызды 1937 жылдың ақпан айында аттырғаны туралы құжат бар. Оны кино қайраткеріміз Еркін Рақышев республика Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің құпия мұрағатынан іздеп тауып, көшірмесін алған.
Сөз ыңғайына қарай Мирзоянның 1937 жылы маусым айының 13-і күні И.Сталинге, Саяси бюроға жазған мынау жеделхатына тоқталайын:
«Во время съезда Компартии Казахстана кандидатура председателя Казахского ЦИК тов. Кулумбетова после длительного обсуждения на пленуме съезда тайным голосованием была провалена. Основным мотивом отвода и провала был факт перехода в 1919 г. тов. Кулумбетова с оружием в руках на сторону врага. За последние два месяца после съезда ряд арестованных участников контрреволюционной рыскуловской и нурмаковской организации показывают на Кулумбетова, как на одного из активных участников этой национал-фашистской организации. Возможно, в ближайшие дни следствие покажет необходимость ареста Кулумбетова. Мы считаем совершенно необходимым освободить Кулумбетова от обязанностей председателя ЦИКа и просим ЦК ВКП(б) утвердить наше предложение об освобождении Кулумбетова от обязанностей председателя ЦИКа. Кандидатуру нового председателя ЦИКа внесем на утверждение Политбюро в ближайшие дни».
Алматыдан Мирзоян: «с оружием в руках; контрреволюционная, национал-фашистская организация» деп ышқынып жатса, оған Саяси бюро, И. Сталин қалайша сенбесін?! Саяси бюро оның дабылына құлақ қойып, Ұ.Құлымбетовті орнынан алған, арғы жағы белгілі.
Жалпы бір дерек «халық жауларын әшкерелеуде» Мирзоян 6-орында. 110 мың адамды тұтқындатып, 25 мыңын аттырған. 1-орында «жүгеріші алаяқ көсем» Н. Хрущев. Ол Мәскеудің облыстық және қалалық, Украинаның республикалық партия комиттерінің «құдайы» болған жылдары өзі басқарған «Үштік сотының» қаулысымен жиыны 203,5 мың «халық жауын» тұтқындап, төрттен бірін аттырып тастаған.
Екінші. Құлбек: «...Мұхаң үшін басын бәйгеге тіккен ондай жандар, ілуде бір аузы-мұрны жоқ дерексіз аңыздар болмаса, соның көбі бүгінге нақты, затты жеткен жоқ» депті. Ол тұжырымына біраз таңдандым, себебі: екі жыл бойы ашық қуғынға ұшыраған Мұхаңа, 1953 жылы көкек айының орта шенінде тұтқындалу қаупі төнгенде студент Әнуар Әлімжанов ұстазын Мәскеуге, А.Фадеев досына жасырын аттандырып жіберген. Қайсыбір үлкен шенді саясатшының, жазушының кейінде: «Мұхтар Әуезовті мен құтқардым!», «Мұхтар Әуезовті біз құтқарып, Мәскеуге шығарып салдық!» дегендері – бекершілік. Ақиқат Әлжаппар Әбішевтің «Шерлі шежіре» кітабында айтылған. Мұхаң екеуі сол жылы мамыр айында «Мәскеу» мейманханасында кездескендерінде (Әлжекең іздеп барған) Мұхаң өзін «буржуазияшыл, ұлтшыл...» деп аласұра қиқулаған «дос-жолдастарының» өресіздіктеріне нали ширыға сөйлеп отырып: «Мен үшін басын балтаның астына тосқан Әнуардың азаматтығына тіріде – өзім, өлгенде – топырағым риза!.. Егер ол қашып кетуіме жол таппаса, мен бүйтіп Мәскеудің төрінде емес, Алматының бір түрмесінің түкпірінде отыратын едім» деген екен. Ұстазы шәкіртінің ерлігіне ерекше сүйінген ғой! Иә, сол жолы түрмеге түсіп қалса, одан не мүгедек болып шығар еді, не ажалға жем етілер еді...
Мен сол оқиғалар туралы деректі хикаят жаздым. Оның ықшам нұсқасы Мұхаңның туғанына 100 жыл толар алдында осы «Егемен Қазақстан» газетінде «Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай...» деген атпен (Мәди ақынның өлең тармағы) жарияланды. Кейінде толықтырылып, қазақ, орыс тілдеріндегі әдеби газет-журналдарда сол атымен басылды, «Екі хикаят», «Ғибратты ғұмыр» жинақтарымда шықты. Құлбек бұлардың ешбірін оқымаған, ең болмаса оқыған қаламдас үлкен-кішілерден естімеген-ау... Мәселе хикаят авторы Ғаббас Қабышұлы болғанында емес, мәселе Мұхаңның «Абай жолын» қорғап қалған Бейсекеңнің ерлігі мен Мұхаңның өзін қорғап қалған Әнекеңнің ерлігі газет оқырмандарына бірдей жеткені бәрекелді болатын еді де.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ