Екі тараптың өзара уағдаластығы бойынша индустриялық парк құрылып, сегіз жоба шеңберінде пестицидтер мен тыңайтқыштар, машина жасау зауыттары, логистикалық орталық, тағы басқа өндірістік ошақтар салынатын болады. Ол үшін Қызылжар ауданы аумағынан 400 гектар жер телімі бөлінген. Қағаз-целлюлоза комбинаты мен темір жолдың екі желісінің құрылысы биыл басталады. Қаржылық жағынан қамтамасыз етуді көршілес елдің инвесторлары өз міндетіне алған. 1,5 мың жұмыс орындары құрылады деп жобалануда.
Жуырда компанияның бас директоры Жанг Ксиуминг бастаған делегация өңірге келген жұмыс сапарында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің басшылығымен кездесіп, білікті кадрлар дайындау жайы қызу талқыланды. Келешекте инженер, агроном, энергетик, биотехнолог мамандықтарына сұраныстың артатыны ескеріліп, оларды тәжірибеден өткізудің, бәсекелестікке қарымдылығын арттырудың, жұмысқа орналастырудың нақты қадамдары атап көрсетілді. Университеттің ректоры Серік Өмірбаев өз сөзінде Қытай компаниясы салатын өндіріс орындарын жергілікті кадрлармен толықтыруға әзір екендіктерін, материалдық-техникалық базаны жаңарту, профессор-оқытушылар құрамын іріктеу жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Қытайлық компания өкілдері ұсынысты қабыл алып, жұмыс күші зәрулігі бірігіп шешілетініне, барлық қажетті жағдайлар жасалатынына сендірді. Оларды еңселі оқу орнының ауылшаруашылық және техникалық әлеуеті де қызықтырды. Ауқымды жобалар үш кезеңнен тұрады. Алғашқысы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Осылайша өзара келісіммен бекітілген меморандум шеңберінде ірі қара малға арналған жем-шөп өндірісі, агрохимия және ауыр өнеркәсіп саласындағы қолданбалы ғылыми-зерттеулер кешенді түрде іске асырылады. Бұған қоса алдағы уақытта жергілікті студенттер қытайлық озық кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, инвестициялық бағдарламалар бойынша салынатын зауыттарда еңбек ете алады.
– «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде атап өтілгендей, өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие жаңа мамандар даярлау – басты талаптардың бірі. Меморандум негізінде жол картасы жасалып, жылына 10-15 студент Қытайда біліктіліктері мен шеберліктерін шыңдап қайтады. Көршілес елде тұрып жатқан этностық қазақтарды қызметке шақырудың жолдары ойластырылған», деді халықаралық стратегия және ынтымақтастық мәселелері жөніндегі проректор Айдос Мұқатаев.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы