Жылдағы дәстүрге сәйкес түрлі жоғары оқу орындарынан келген сайысқа қатысушыларды консерватория ректоры Жәния Әубәкірова құттықтау сөзімен қанаттандырып, сәтті өнер көрсетуге шақырды. Қазақстанның халық әртісі әрбір қатысушының жеңіске лайық екеніне сендірді. Себебі ерекше қабілеттілерді ғана таңдап алатын музыкалық оқу ордасының студенті атану үшін олар мектеп қабырғасынан бастап өте көп іріктеу сындарынан өтті. «Алда сіздерді, жас музыканттарды, қызықты әрі өте маңызды сынақ күтіп тұр. Біріңіздің бағыңыз жанып, жеңіске жетесіз. Ал екіншіңіз құнды тәжірибе жинайтын боласыздар. Кей жандарға осы сайыс шабыт береді. Кәсіби музыкант ретінде қалыптасып, әрі қарай шыңдалуға құлшыныс сыйлайды», деді Жәния Әубәкірова.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының Алматы қаласындағы өкілі Сергей Тохтаров сайыстың шарттары қиын екендігін, алайда бұл олимпиада өнердің, сұлулықтың, нағыз таланттың айқындалатын, классикалық музыканың құдіреті рухани серпіліс сыйлайтын бәйге болып қалыптасқанына қуанатынын жеткізді. «Жас сайыскерлерге бұл байқау не береді? Қатысушылардың өзіне, өз талантына сенім, әділ қазыларға қайталанбас әсер, ал көрермендерге Отанымыздың келешек жарық жұлдыздарымен таныстық сыйлайтынына еш күмән келтірмеймін», дейді С.Тохтаров.
Салтанатты кеш соңы әдеттегідей концертке ұласты. Бірінші болып сахнада «Халық әні» факультетінің студенттері өнер көрсетті. Ерғали Айдаров, Айдос Тұрар, Біржан Айтахметов пен Әйгерім Құлжарасованың орындауында кең таралған халық әндерінен попурри орындалды.
Қос фортепианоның орындауына арналған француз композиторы Дариус Мийоның «Скарамуш» атты тамаша туындысын Динара Тоқмырзиева мен Айнұр Әбдікерованың дуэті кәсіби деңгейде орындап шықты. Жетігенші қыздардан құралған «Кәусар» тобы Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйімен көрермендерді қуантты. Залда жиналған қауым Педро Итьюральденің «Чардашын» сызылтқан саксофоншыларды ерекше ықыласпен шығарып алды. Артынша «Халық әні» факультеті студенттерінің орындауында күй-тартыс болды.
Мерекелік кешті Ян Рудковский басқарған консерваторияның аралас хоры аяқтады. Музыкалық ұжым халық әні «Назқоңырды» орындады. Туынды Ғалымжан Берекешев пен бразилиялық Barbatuques «Voce chegou» тобының өзгеше әрлеуімен ұсынылды.
Студент сайыскерлердің арасындағы бұл жарыс 21 сәуірге дейін жалғасады. Бір айға жуық өтетін музыкалық сайыста жоғары оқу орындарының студенттері «Аспаптық орындаушылық», «Дирижерлік», «Ән айту шеберлігі», «Ұлттық музыкалық өнер», «Композиция», «Арт-менеджмент», «Музыкалық білім» секілді жеті бағыт бойынша бақ сынасады. Бұл 500 адамның басын біріктірген олимпиаданың басты мақсаты – студенттердің оқу ордасынан алған білімін тәжірибе жүзінде көрсетудің кең мүмкіндігін ұсыну, биік деңгейдегі бәйгелерге дайындау, өзін-өзі кәсіби шыңдай түсуге, келешекте мықты маман болып қалыптасуына бейімдеу.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ