01 Желтоқсан, 2011

Халық – қаһарман

757 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Мен биыл өзімнің 90 жылдығымды атап өттім. Өзім ғана емес-ау, елім атап өтті десем де болады. Дос-жарандарым ғана емес, түрлі мекемелер, ұйымдар, қайраткерлер құт­тықтады. Сондағы үлкен қуанышым, мерейімді тасытқаны – мені еліміздің басшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев құт­тықтап, өзінің қабылдауына шақы­рып, құрмет көрсеткені. Бұл оқиға маған ұмытылмастай әсер қалдырды. Менің осынау жасым маған еліміз­дің біраз өміріне куә болуға мүмкіндік берді. Куә болып қана қойғаным жоқ, сол елімнің өміріндегі оқиғаларға белсене араластым. Біраз уақыт жоғары пар­тиялық қызметте, сегіз жыл сауда министрі, 15 жыл республика Үкіметі төрағасының орынбасары болдым. Жоға­рыда айтқандай, мерейтойымды елім атап өтті дегенде, ол менің сол ел өміріне белсене араласуымның, азын-аулақ еңбегімнің арқасы. Біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын тойлағалы отырмыз. Ол өміріміздегі айтулы оқиға болмақ. Оның шын мәнін жете түсіну үшін оны өткен өмірімізбен салыстыруымыз керек. Күні кеше біз КСРО дейтін үлкен державаның құра­мында болдық. Басқалармен тереземіз тең болды десек те, сол Одаққа кірген республикалардың, халықтардың, ұлт­тар­дың тәуелсіздігі, еркіндігі, саяси құқықтары барынша шектеулі еді. Бай­лығымыз, табысымыз ортақ қазанға құ­йылды. Одан алатын үлесіміз аз еді. Көп нәрсе, көп байлық басқа державалармен әскери тайталасқа, жаппай қарулануға жұмсалып жатты. Әрине, әлеуметтік салада қолымыз жеткен жетістіктерді біз ұмытпауымыз керек. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы жетістіктер атап айтуға тұрарлық. Бірақ әр халықтың тарихи арманы – тәуелсіздікке қолы жетпеді. Ең алдымен осынау алып Одаққа біріккен көп халықтың тарихы бұрма­ланды. Халықтардың өміріндегі бел-белестер айтылмады. Тіпті оларда еленетіндей тарих болмағандай, мәдени-рухани байлық жұтаң болғандай көр­сетілді. Әсіресе тілге байланысты ха­лық­тардың қасіреті күшті болды. Үлкен Одақты нығайту мақсатында бір тілді меңгеруге басты назар аударылып, көп­теген халықтардың ана тілдері шет қақ­пайланды. Ұлт тіліндегі мектептер күрт азайды. Менің туған қалам Алматыда бір-ақ қазақ мектебі қалғаны – соның айқын көрінісі. Халық тәуелсіздікті армандады. Ға­сыр­лар бойы армандады. Оған осы жол­дағы халықтың күресі куә. Қазақ халқы да осы жолда талай қан төкті. Арғысын былай қойғанда, соңғы үш ғасыр бойғы Ресей империясы мен кеңестік импе­рияның бо­да­нында болған кезде, қанша­ма көте­рі­ліске шығып, азаттық үшін күресті. Бүгінгі қол жеткен тәуелсізді­гіміз – сол халық­тың күресі мен арма­ны­ның нәтижесі. Қашанда тәуелсіздік дегенде, менің көңілімде халық тұрады. Кешегі Жел­тоқ­сан оқиғасы кезінде жастар бас көтеріп, ерлік көрсетті. Сол жастардың өзі халықтың бір бөлігі екені өз алдына, олар халықтың арман-мүддесін алаңға алып шықты. Бұл арман-мүдде олардың бойына ана сүтімен дарыған. Ондай арман-мүдде ғасырлар бойы халықтың жадында қалыптаспаса, жастардың сондай ерлікке баруы екіталай болар еді. Тарихты қашанда халық жасайды. Оның сол күш-жігерін негізгі арнаға салатын тұлға табылса – оның бақыты. Сонда халықтың арманы жүзеге асады. Ол тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев. Олай дейтінім, елдің, ұлттың болмыс-біті­міндегі жоғарыда айтылған барлық қа­сиет, ерекшелік Нұрсұлтан Әбішұлы­ның бойында бар. Біз соған қуанамыз, соған риза болып, тәубе дейміз. Халық дегенде, халықтың қаһар­ман­дығы дегенде, ең алдымен менің ойыма кешегі екінші дүниежүзілік соғыс, біздің­ше Ұлы Отан соғысы оралады. Менің жастық шағым сол соғыстың от-жалынына оранып өтті. Соғыс басталы­сымен-ақ өз өтіні­шімізбен майданға жіберуді сұрадық. Онда мен универси­теттің екінші курсында оқитынмын. Алматыда жасақталған 100-ші қазақ бригадасының 90 пайызы қазақ жас­тары еді. Мен осының өзінен-ақ қазақ халқының отансүйгіштігін, патриоттық сезімінің күштілігін, азаттықты ерекше қастерлейтінін аңғарамын. Сол соғыста қазақ халқы ерекше қаһар­мандық ерлік көрсетті. Совет халқының ұлы ерлігіне айрықша үлес қосты. Ол жа­йында талай айтылды. Оны әлем мойын­даған. Сол ерлігімен де халқымыз тәуел­сіздік, азаттық үшін аянбай күресетінін дәлелдеді. Қазіргі күнде сол Отан соғысы, ондағы ерлік жайында әртүрлі пікір ай­тылып жатады. Сол соғыс, жеңіс жолын­дағы қантөгіс керек пе еді, деген пікірлер айтылады. Өзіміздің тәуелсіздігімізді шектеген кеңестік империяны біреулер отан деп қабылдағысы жоқ. Бұл ұшқары пікірлер. Жақсы ма, жаман ба, ол біздің ота­нымыз болды. Оны қорғау арға сын еді. Қазақ халқы арын таза ұстады. Тіпті, бір мемлекеттерде болмағандар да жауға қар­сы одақтасып жатады. Сол жолда қанын да төгеді. Ал қазақ халқы өзінің ержүрек­тігі­мен басқаларды мойындатты. Сол соғыста мен халықтың шын қаһарман екенін көзіммен көрдім. Ерлік жеке адамдардың ғана үлесі емес, ол жаппай халықтық сипат алды. Рас, талайлардың ерлігі еленбей қалды. Біреулер атаққа ілінбеді, марапат­талмады. Жауды жеңсек деп барғандар сол жеңіске ортақ болғанына қанағат тұтты. Ерлікті халық болып жасады. Тек соғыста ғана емес, халық өзінің қаһармандығын бейбіт өмірде де көрсетті. Бұл ретте мен республикамызда көптеген алып құрылыстардың бой көтеріп, жаңа қалалардың пайда болғанын айтпақпын. Соларды халық салды. Рас, оған республи­каның ішінен ғана емес, сырттан да адамдар келіп, ырысымызға ортақтасты. Сол алып құрылыстар, сонда орнаған қалалар қазір тәуелсіз еліміздің игілігіне қызмет етіп жатыр. Халық тәуелсіздікті жан-жүрегімен аңсады. Ал соған қолы жеткенде, алғашқы жыл­дардағы алапат қиындыққа халық қа­һар­мандықпен шыдады. Кейінгі ұрпақ болмаса, дүкен сөрелерінің бос тұрғанын, азық-түліктің жетімсіздігін, зейнетақы мен жалақының мардымсыздығын және соның өзінің уақтылы берілмеуін, азын-аулақ малдың бартерге айырбасталғанын жұрт­тың бәрі көзімен көрді. Сондай жағдай басқа уақытта кезіксе, халық оған төзбес еді-ау дейсің. Аңсаған тәуелсіздігіне жеткен халық сол тәуелсіздіктің баяндылығы үшін қиындықтың бәріне төзді. Сол қиындықтан шығудың өзі де ұлы ерлікке пара-пар еді. Сондай қиын кезде республика басшылығында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай тұлғаның болғаны халқымыздың бағы деп білемін. Заман өзгерді, ел де өзгеруге тиіс еді, ескі тәртіпке үйренген халық­тың жаңа өмірге бейімделуі де қиын болды. Нұрсұлтан Назарбаев тә­уелсіздіктің үлкен мүм­кіндігін білгірлікпен пай­далан­ды. Шетелдерден инвестиция тартты. Ха­лық өз Президентін қолдады. Қол­дағанда, Президент ұстан­ған бағытпен, жекешелендіру бағытымен жүріп, өмірге тез бейімделді. Және осы­нау істе үлкен белсенділік көрсетті. Соның арқасында еліміздің эко­номикасы қа­рышты қадаммен өсті. Сол экономика дамуының бір көрсеткіші ішкі жалпы өнім­нің өсімі болса, ол тәуел­сіздік жылдарында 12 есе өскен екен. Мұндай өсім басқа ешбір елде болмаған. Мұны да мен халқы­мыздың қаһар­мандығы дер едім. Жолды таңдау бар, сол жолмен жүру бар. Бір ел баяу, бір ел шапшаң жүреді. Мен өз елімнің жүрісіне тәнтімін, бірлігіне ризамын. Ел болған соң, ішінен қыңыр тартатыны да табы­лады. Бірақ басым халық ел таңдаған жолмен келе жатыр. Және көші түзу. Мен әркез Тәжікстан президенті Эмо­мали Рахмонның Назарбаевтай бас­шысы бар халық бақытты халық деген сөзін еске аламын. Біздің Тәуелсіздікке қолымыз жеткен кезде ел басшылы­ғы­ның тізгінін басқа адам ұстағанда, қалай болар еді деген ой да келеді. Бүгінгі биігімізге көтеріле алар ма едік, жоқ па, кім біледі. Сонда басқа көрші елдерге қарай­сың да, өз еліңнің тағдырына шүкіршілік етесің. Былтыр Нұрсұлтан Назарбаевтың 70 жылдығы қарсаңында «Егемен Қазақ­стан» газетіне берген көлемді сұхба­тымда Тұңғыш Президентіміз туралы ойла­рымды ортаға салдым. Сонда оның сан-салалы қызметін, тыңдырған істерін айта келіп, өзімше ерекше бағалайтын үш жайға кеңірек тоқталғаным бар: «Оның біріншісі – Сарыарқаның төрінен Астана дейтін әсем қала орнаттық... Екіншісі – кезінде тарихтың тәлкегімен жер бетіне тарыдай шашырап кеткен қан­даста­рымыздың тарихи атамекеніне ора­луына барлық жағдай жасалды... Үшін­шісі – ата-бабаларымыздан аман жеткен мемлекеттік шекарамызды барлық ха­лық­­аралық құжаттарға сай бекітіп алдық...». Енді соған еліміздің тарихына айтулы оқиға болып кіретін тағы бір жайды қосқым келеді. Ол – былтырғы жылдың аяғында Астанада өткен Еуропадағы қа­уіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы­ның саммиті. Бұл әлемдік мәні бар оқиға болды және ол Қазақстанның, оның басшысы­ның бастамашылдығымен жү­зеге асты. Бұл еліміздің атын шығарды, басшы­мыздың беделін бұрынғыдан да көтерді. Осының барлығы да Тәуелсізді­гіміз­дің арқасы. Тәуелсіздікке қолымыз жетпесе, жоғарыда аталған жайлардың бірі де жүзеге аспас еді. Кім сенің жаңа астанаң­ды қажет етер еді? Оған рұқсат та етпес еді. Әлемге шашыраған қандаста­рың­ды жинамақ түгілі, бұл жайында әңгіме қоз­ға­саң, оны ұлт­шыл­дыққа балап, басыңа бәле жабар еді. Шекара туралы сөз айтқызар ма еді? Қайта қажет десе, құй­қалы жеріңді кесіп алып, бас­қаға беріп жатты. Қарсы тұра алмадық. Еуропа­ның басын қосқан саммит өт­кізбек түгілі, сол Еуропа Қазақстан дей­тін ел барын, қазақ дейтін халық барын да білмейтін. Бізге Тәуелсіздіктің бергені көп. Ең алдымен, еңсесі биік іргелі ел болдық. Бізде жасалып жатқан іске, халқымыз­дың қаһармандығына әлем тамсанып қарайтын биікке көтерілдік. Астанамыз әлемдік сая­сат­тың бір орталығына ай­нал­ды. Бізге қа­рап басқалар бой түзейтін дәрежеге жеттік. Әрине, өмірде барлық нәрсе ойдағы­дай бола бермейді. Кейде бір саладағы дамуымыздың қарқыны көңілден шық­пай жатады. Сөйтсе де, барымызды баға­лай білгеніміз де жөн шығар. Айталық, қазір тілге байланысты сөз көп. Көбіне, ешнәрсе жасалмай жатқандай сөйлейті­німіз де бар. Ол жөн емес. Сол тілге байланысты қы­руар іс тындырылды. Алматының қарт тұр­ғыны ретінде бір мысал айтайын. Бұры­нырақта қалада қазақтар сирек еді. Кейде адам толы көлікте бір-екі қан­дасымыз кездесер еді. Тіпті кейде көпшілік орында қазақша сөз де естімейтінсің. Қазір қалада қазақтар көпшілікке айналды. Бір кезде қалада бір ғана қазақ мектебі болғанын жұрт біледі. Қазір 50 мектеп бар! Бұл сол тәуелсіз­діктің арқасында болған істер. Шүкір­шілік ететін жай. Өміріміздің барлық саласында осын­дай жетістігіміз бар. Ең бастысы – ұстанған бағытымыз халықтың мүддесі­не сай. Ертеңіміз бүгінгіден әлдеқайда жақсы болатынына көпшіліктің күмәні жоқ. Қаһарман халқымыз сол жарқын болашағымыздың қамымен өмір сүріп жатыр. Мен соған қуанамын. Сұлтан ЖИЕНБАЕВ, соғыс және еңбек ардагері, Алматы қаласының құрметті азаматы.