Қазақстан • 09 Сәуір, 2018

Газдандыру – өңірді жандандыру

82 реткөрсетілді

Мемлекет басшысының наурыз айының басында жария болған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуіндегі «Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистралды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек», деген сөзін Арқа жұрты қуанышпен қабыл алды. Олай, болатын да жөні бар: жоғарыда аталған газ құбыры іске қосылғанда Қарағанды облысының алты ірі қаласы мен жүзден астам елді мекені көгілдір отынның игілігін көреді екен. 

Turkystan.kz

Жасыратыны жоқ, көмірдің үстінде отырған Қарағанды өңірінің күні кешеге дейін көгілдір отынға шекеден қарап келгені рас. Мұның объективті һәм субъективті себептері жеткілікті. Жеті қат жер астынан шыққан қара алтынның бойды қыз-қыз қайнатқан жылуы «әй, осы тас көмірге қарағанда табиғи газ арзан әм зиянсыз-ау», дегенді ойлантпауы да мүмкін-ау. Алайда уақыт алға ілгерілеген сайын ірі деп жүргенің ұсақталып, кешегі қадірліңнің бүгінде сиқы кете бастайтыны өмір заңы. Құй келісіңіз, құй келіспеңіз, қазіргі таңда табиғи газдың дәурені жүріп, аты озып-ақ тұр. Неге десеңіз, дүниеде көп елдің күйбең тірлігі, күнкөрісі осы көгілдір отынмен тығыз байланысты. Сәтін салса, аздап сабыр қылсақ, игіліктің мұндай түріне Арқа жұрты да қол жеткізбек: газбен ас-суын әзірлеп, алты ай қыста жалынымен жылынатын күн де таяу. Яғни көмірді эшелондап жұтатын жылу электр стансалары ендігіде лап етіп жанып, зым-зия жоғалып кететін көгілдір отынның күшімен жұмыс істейтін болады.

Жалпы, табиғи газдың арзан­дығы, экономикалық жағынан тиімділігі өз алдына, оның бас­ты қасиеті қоршаған ортаға деген зиянсыздығы болса керек. Иә, түтінге тұншыққан Теміртауды көз алдыңызға елестетсеңіз, залалсыз газдың алдында амалсыз бас иер едіңіз. Экология демекші, осы жерде бір ғана мысал келтіре кетейік. Елорданың жылу электр орталығы 651 мың тонна көмір жағып, жылына ауаға 36 мың тоннадай зиянды қалдық шығарады екен. Енді көмірді өзі арзан, өзі зиянсыз табиғи газ алмастырмақ. Сол кезде ауаның ластануы алты есеге дейін азаяды екен. Бұл дегеніңіз бір оқпен екі қоян атып алу деген сөз ғой. Ауа былғанбайды, қалта қағылмайды. Бұдан бөлек, газ құбырын тарту барысында жүздеген адам тұрақты жұмыс тауып, нәпақа айыратын болады. Мысалы, газ құбырының құрылысы кезінде 800-ге тарта адам екі қолға бір күрек тапса, оны пайдалану кезеңінде 225 адам жұмыспен қамтылмақ.

Таяуда Қарағанды об­лы­сының қоғамдық кеңесі алдында есеп берген өңір басшысы Ер­лан Қошанов Елбасының осы бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру жұмыстары аймақ үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін айқара ашатынын айтты.

«Қарағандылықтар, – деді об­лыс басшысы, – бұл бағдар­лама шеңберінде бірқатар мүм­кін­діктерге ие болады. Алайда эко­номикалық, әлеуметтік және экологиялық максималды әсер­ді біз әрине, газ құбыры магистралінен күтіп отырмыз. Ол біздің ірі қалалар арқылы, сон­дай-ақ 120 ауылдық елді мекен арқылы өтетін болады. Тек біздің облыс бойынша ғана бұл жоба 1 миллион адамды қам­тымақ. Ол өнеркәсіптің дамуы­на жаңа ықпал беретіні анық. Сон­дықтан біз күш-жіге­рі­мізді осы мегажобаны жүзеге асыруға барынша жұмсайтын боламыз».

Негізі елімізді кезең-кезең­мен көгілдір отынмен қамта­масыз ету ісі осыдан төрт жыл бұ­рын көтеріліп, қолға алына бас­таған болатын. Үкімет газдан­ды­рудың 2015-2030 жылдарға дейінгі бас сызбасын жасап, ол бо­йынша 2030 жылға қарай газ­­бен қамту деңгейін 56 пайызға дейін жеткізу меже ретінде алын­ған-тын.

Мұның өзі 3 мил­лионға жуық адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін көрінеді.

Президент тапсырмасына сай, наурыз айының басында жаңа жұмыс тобы ұйымдастырылып, оның құрамына Қарағанды облысының өкілдері де енді. Өйткені «Сарыарқа» газ құбы­рының негізгі бөлігі Орталық Қазақстан арқылы өтеді. Оның ұзындығы шамамен алғанда 820 шақырымды құрайды.

Қазіргі таңда Қарағанды об­лы­сында газ құбыры тартыла­тын және оны тиімді пайдалану үшін салынатын ғимараттарға ар­налған жер телімдерін бөлу ісі қызу қолға алынды. Жалпы, өңірде үш бірдей авто­мат­тандырылған газ таратушы станса салу жоспарланған. Қара­ғанды, Жезқазған және Теміртау қалаларында бой көте­ретін бұл маңызды нысандар үйлер мен кәсіпорындарға газ берілгенде оның қысымын төмендетіп отыратын болады. Осы мегажобаны іске асыруға жауапты облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупаның айтуынша, бұл жұмыстар 2020 жылдың ортасына таман аяқталуы тиіс. Энергетика министрлігі мен «ҚазТрансГаз» компаниясы белгілеген мерзім осы. Яғни Қарағанды облысында газ тарату желісінің құрылысы 2019 жылы басталады да, бір жылдан кейін оны магистральды газ құбырына жалғауға мүмкіндік туады.

Айта кету керек, газ тарату желісінің құры­лы­сы біткеннен кейін облыстағы елді мекендер ортақ құбырға бірден жаппай қосыла салмайды. Бұл жерде бюджеттің мүмкіндігін ескеруге тура келеді. «Бәрін бірдей қамту мүмкін емес, дейді Анатолий Шкарупа. – Салынатын үш газ таратушы стансаға жақын маңдағы елді мекендер басымдық тәртібі бойынша біртіндеп қосылатын болады».

Қазіргі таңда маңызды құры­лыстың жобалау-сметалық құжат­тамасы әзірленіп жатқа­нын Энергетика вице-министрі Мағ­зұм Мырзағалиев таяуда мәлім­деген болатын. Ол дайын бол­ғаннан кейін шілде айына дейін сараптамадан өтуі тиіс. Әлбетте, қандай да бір ірі жобаның дер кезінде және са­палы түрде іске асуы қаржыға тәуелді. «ҚазТрансГаз» акцио­нерлік қоғамының техникалық-эко­номикалық негіздемесіне сай, жобаның жалпы құны 370 млрд теңгені құрайды екен. Ал Қы­­зы­л­орда – Жезқазған – Қа­ра­ған­­­ды – Астана бағытындағы газ та­­­рату желісінің құны 267,3 млрд тең­геге тең. Жоспар­ға сай «Са­ры­арқа» магис­траль­ды газ құ­бы­рының құры­лысы төрт кезең бойынша жүргі­зіл­мек. Ұзын­дығы 1081 шақы­рым бола­тын Қызылорда – Жезқаз­ған – Қара­ғанды – Астана бағы­ты бірінші кезекте қолға алын­бақшы.

«Туған ай тураған етпен тең» деген. Екі жыл де­геніңіз екі айдай болмай өте шық­қан­да, Арқада газдан алау жағатын күнді де көрерміз, бұйыртса. Шынтуайтына келгенде, газ­дандырудың өзі өңір тірлігінің тамырына қан жүгіртіп, өмірін  жандандыру деген сөз емес пе?!

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Әлем қартая бастады

Әлем • Бүгін, 15:36

Енді ет бағытындағы құс өсіреді

Аймақтар • Бүгін, 15:32

Ұқсас жаңалықтар