Қазақстан • 11 Сәуір, 2018

Гарвард университетінің студенті: Көшбасшы қандай болуы керек?

2573 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Соңғы екі жылда Америкада оқып жүріп байқағаным, Батыста көшбасшылыққа (leadership – лидерство) көп көңіл бөледі екен. Академиялық бағдарламаның бір бөлігі басшы болудың қыр-сырына қатысты. Оған қоса басшылық тақырыбы бүге-шігесіне дейін зерттелген.

Гарвард университетінің студенті: Көшбасшы қандай болуы керек?

Сонымен көшбасшы қандай болуы керек? Осы сұрақ ой иелерін қай заманда да толғандырыпты. Кон­фу­ционизм басшы ғалым болу керек десе, көне грек өркениетінің өкілі Аристотель басшы философ болу керек деген, ал Ислам әлемінің көзқа­ра­сын жеткізген әл-Фараби бабамыз бас­шы діндар болуы керек депті. 

Одан әрі ойшылдарды «Көшбасшы қалай пайда болады?» деген сұрақ мазалаған. ХVII ғасыр «патшаларда Құдайдың құқығы бар» деген. Демек билеушілер солай жаратылады, сон­дық­тан олар бұқараға емес, Жарат­қан­ның алдында ғана жауапты. ХІХ ғасырдағы Ұлы адам тео­рия­сы бойынша, көшбасшылық тәрбиеден емес, туабітті қасиеттен екен. Ұлылар құбы­лысы осылай түсін­дірілген. Тео­ри­яның авторы Томас Карлейлдің жазуы­нша, «әлем тарихи ұлы тұлға­лардың өмір­баянынан тұрады».

ХХ ғасыр лидерлік феноменін әрмен қарай зерттей түскен. Көшбас­шының қалай жаратылатыны емес, қандай лидерлік қасиеттерге ие болатынына көбірек көңіл бөлінген. Сипат теориясы бойынша, көшбасшылардың белгілі бір сапалық сипаты, ерекше лидерлік қасиеті болады. Жағдай теориясы бойынша, лидерлік қасиет пен белгілі бір жағдайлар тұспа-тұс кел­генде ғана көшбасшы болар адам­ның айы оңынан туатын көріне­ді. Трансакциялық теорияда лидер қос­шыларының жұмысқа деген ынтасын марапат пен жазалау арқылы арт­тыра­ды. Міндет межеленді, жетсең – алғыс, жетпесең – қарғыс. Ал транс­формациялық лидерлер жоға­ры­­дағыдай қамшы мен қалжаны емес, қызметте айналасындағыларды ша­быттандыру, ортақ мақсаттарға жұ­мылдыру арқылы жетістікке жетеді.

Көшбасшылық – қасиет емес, қызмет

Лидерге қатысты бүгінгі ой біраз өзгерген. Көшбасшы бір адам емес, әр адам бола алады. Себебі көш­бас­шылық – қасиет емес, қызмет. Егер жоғарыдағы теориялардағыдай лидер­лікті қасиеттен іздесек, жаратылы­сымда жоқ еді деп қол қусырып отыруға жақсы себеп те, Құдай құр қалдырды, ата-анам тәрбие бермеді деп айыптайтын адам да табылады, ал қызметке баласақ, өз ортаңа, ең болмаса жеке басыңа қызмет ету әркімнің қолынан келеді.

Сонымен көшбасшылықты қыз­ме­т­ке теңедік. Ол қандай қызмет болуы мүмкін? 

Адам дамуы да, қоғам дамуы да көлденең келетін кедергілерден өту мен проблемаларды шешуден тұра­ды. Гарвардтың профессоры, Бейім­делу көшбасшылығы (Adaptive Leadership) теориясының авторы Рональд Хайфетц проблемаларды екіге бөліп қарайды: техникалық және бейімделу сынағы деп. Техникалық проблеманы өзгерту арқылы, ал бе­йім­делу мәселесін адам өзі өзгеру арқылы шешеді. 

Мәселен, бір адам жүрек талмасымен жансақтау бөлімінен бір-ақ шық­ты делік. Оның өмірін алып қалу үшін жүрегіне шұғыл ота жасау қажет. Өте қиын процедура. Мы­қты мамандардың білігі мен тәжіри­бе­сін қажет етеді. Бірақ, мәселе қан­ша­лықты қиын болса да, бұл жұмыстың техникалық шешімі бар. Мамандар пациентті айықтыру жолын біледі. Ал әлгі кісінің жүрегі не үшін ұстап қалды? Ішімдікке әуес пе еді, темекі тарта ма, тамаққа талғамсыздау ма, әлде күнделікті қимылы аз ба? Ауруға алып келген әдеттері мен өмір салтын өзгерту – бұл бейімделу жағы. Толық айығып кету үшін науқасқа жаңа жағ­дайға бейімделуге тура келеді. Демек, науқастың өзіне көрсетер қызметі – проблеманы техникалық жолмен шешіп қана қою емес (ота жасау), өзінің өзгерісіне басшылық жасау. 

Дегенмен адамның өзгеруі өте қиын. Бір зерттеу бойынша, «өмір сал­тыңды өзгертпесең, өлесің» делінген науқастардың жетеуінің бірі ғана дәрі­гердің ақылына құлақ асыпты. Өзгерудің қиын болатыны сол, адам­ға өз құндылықтарын, сенім-на­ным, әдет-ғұрып, салт-дәстүр мен қалып­тасқан көзқарастарын қайта қарауға тура келеді. 

Жеке адамнан отбасына ойыссақ, үйлену – техникалық шешім, ал үй болу – бейімделу шаруасы. Қазір­гі некелердің үштен бірінің ажыра­сумен аяқталатынын ескерсек, бейімделу сынағы жастарға да оңай соқпай тұр. Жас жұбайлар бір-бірінің көзқарасына, құндылықтары мен мінез-құлықтарына икемделіп, бойдақ кездегі жүріс-тұрыстың орнына ортақ дәстүр мен мәдени нормалар қалыптастыру арқылы ғана жаңа әлуметтік қатынасқа бейімделе алады.

Демек, көшбасшылық – жай техни­калық қызмет емес, бейімделу жолын­дағы қызмет.

Ата-аналар мен балалардың қа­рым-қатынасы да бейімделу сына­ғына толы. Ата-ананың балалары өс­кен сайын олардың қажеттілігі мен ерек­шелігіне бейімделе алмай, әлі кіш­кентай көріп, жөнсіз қорғап-қорғаш­тап, олардың атынан шешім қабылдай салып, жауапкершілік бермеудің соңы жастарды орынсыз тәуелділікке, тіпті масылдыққа алып келеді. Бейімделіс сынағы бизнесте на­рық­қа икемделумен өлшенеді. Мә­селен, Nokia осыдан жиырма жыл бұрын телефон нарығының үштен біріне иелік етті, қазір смартфон нары­ғында Apple мен Samsung-тің дәурені жүріп тұр. 

Ғылыми-техникалық прогресс бейімделу сынағын күшейте түсті. Платформалық бизнес (Amazon, Uber) пен кәсіпорындардың автоматтануы еңбек нарығына салмақ салуда. Бизнестегі бейімделу сынағы жұмыс күшіне деген көзқарасты түбегейлі қайта қарауға алып келеді. Жаңа жағдайға бейімделе білу мемлекеттік құрылымдар мен саяси құрылыстың да тағдырын шешеді. Кезінде жарты әлемге жарлығы жүр­ген корольдіктердің шексіз билігі шар­т­ты билікке айналып қалды. Заман­ға бейімделе алмаған патшалық инс­титуттар жойылды: Ресей империясы, Франция корольдігі, Осман патшалығы. 

Жалпы, «бейімделу» ұғымы биологиядан алынған. Жан-жануардың бейімделу мақсаты жалғыз – жойылып кетпеу, тіршілікті жалғастыру. Қоршаған ортаға бейімделе алған жан-жануарлардың ғана тұқымы осы күнге жеткен. Ал бейімделе алмағандары жойы­лып кетіп отырған. Демек, ө­з­геріс те, бейімделу де табиғи процесс әрі үздіксіз үдеріс. Бейімделу – жа­ман­ға көндігу емес, жаңа жағдайда қажет жаңа қарым-қабілет дамыту деген сөз. 
Кеңес өкіметі тарағаннан бері қазақ қоғамы да бейімделу сынағы­нан өтуде. Түрлі әлеуметтік-эконо­ми­калық реформалар мен рухани-мәдени бағдарламалар бейім­делу қажеттілігінен туған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңында көміліп қала береді» деген болатын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында. 

Көшбасшылық – құзырет емес, қызмет 

Бейімделу сынағына басшылық жасау – қиынның қиыны. Мәселен, бір америкалық танысым жұмысқа велосипедпен барып келеді. Көлік алуға қаржысы жетпегеннен емес, өмір салты қоршаған ортаға және өз саулығына әсер ететініне өлердей сенеді. Ал енді сол кісі бір бойында мың жылқының күші бар джипті тіз­гіндеген алматылық жігіт ағасына келіп «Бауырым, ауа болса анау, вело­сипедпен жүрмейсің бе?» десе, алматылық жүргізуші «Мынаның есі дұ­рыс па?» дер еді. Ал шындығында, ауа ра­йындағы ғаламдық өзгерістер де ада­м­зат алдындағы бейімделу сынағы. 

Әлгі джиптің иесі өзгерсе, таби­ғатты қорғау құндылықтарын қабыл­дап, оған өзінің де қатысы бар екенін сезінсе, ол көлігінен бас тартып, жұм­сақ та жайлы орнын велосипедтің орындығына немесе қоғамдық көлік­ке алмастырған болар еді. Дәл сол джиптегі жігіттің құндылығын, әде­тін, нанымы мен мәдени нормаларын өзгерте алған тұлғаға ғана қатысты көш­басшылықпен айналысты деп айтуға болады. Өз ортасында өзгеріс пен бейімделуге басшылық жасаудың қиын болатыны содан. Мемлекеттік тіл де бейімделу сынағы. Мәселе заңды (техникалық шешім) өзгертуді емес, халықтың сана-сезімінің өзгеруін талап етеді. Өзгеру үшін тіл үйрену керек. Өзге тілдіге қазақ тілін үйренуге кім ықпал етсе, сол көшбасшы. 

Билігі бардың барлығы басшы емес. Кез келген ұйым бастығы көш­басшылық көрсетпей-ақ, лауазымдық міндеттемелерін күнделікті орындап, яғни техникалық қызметпен айналысып отыруы мүмкін. Сондықтан лидерлік – тек техникалық қызмет емес, болашаққа, демек белгісіздікке бастау, сағаттың тіліндей тоқтаусыз өзгерістерді алдын ала танып-білу, оған төтеп беру үшін отбасыңның, ұжымыңның, өз ортаңның бейімделу қабі­летін арттыра білу. Өзгеріске бас­шылық жасауға билігі бардың ғана емес, әрбір адамның қатысы болғандықтан, көшбасшылық тек құзырет емес, қызмет.

Көшбасшылық – өкімшілдік емес, өкілшілдік

Өмір қызметінде де, өкімет қызме­тінде де көлденең кедергілердің түп төркі­нін ажыратып отырған жөн. Техни­калық мәселе ме, әлде бейімделу сынағы ма? Себебі әр шаруаның өз әдісі бар. Айталық техникалық проб­лема көбіне өкімшіл тәсілмен шеші­леді. Мәселен, ота жасау қиын қыз­мет, бірақ шешу жолы бар, әдіс-тәсілі құ­жат­талған. Хирургтің міндеті қалып­тас­қан тәртіпті шеберлікпен орындап шығу. Ал бейімделу сынағында өкілшіл жолмен жүрген қолайлы. Мәселен, бала тәрбиесі. Ұрпақ өсірудің жалпы қағидалары болуы мүмкін, бірақ күнбе-күндік нұсқаулығы жоқ. Бала­ның жынысына, жасына, қызығу­шы­лығына, тіпті әр қимылы мен пікіріне қарай тәрбиелік іс-әрекет те түрленіп отырады. Бір балаға қолданған әдіс екінші балаға жүрмеуі мүмкін. 

Сондықтан адам өміріндегі сәтсіз­діктер мен мемлекет өміріндегі қате­лік­тер бейімделу сынағы мен техника­лық сынақтарды ажырата алмаудан, өкілшілдіктің шаруасын өкімшілдікпен шешуге ұмтылыстан туады екен. 

Қателік кейде қасіретке алып келеді. Айталық, өткен ғасырда көш­пен­­діліктен отырықшылыққа өту қазақ халқы үшін нағыз бейімделу сына­ғы еді. Бірақ Кеңес өкіметі қол­данған өкімшіл құрал ұлттық тақсі­ретке ұласты. Сондықтан өзгеріс қа­жет екенін дөп басу ғана емес, оны жүзе­ге асырғанда таңдалар жол да аса маңызды. 

Сонымен халықты өзгеріске бас­тау­дың қолайлы жолы – өкілшіл жол. С­е­бебі өкімшіл жолда шешім та­ңы­­лады, ал өкілшіл жолда шешім таңдалады. 

Өкілшіл жол халықтың назарын бейімделу сынағына аударып, қалың бұқараны хабардар етіп, елдің еле­гі­нен өт­кізіп, өзгерісті өз еркімен қабыл­дау ар­қылы іске аспақ. Бұл бағыт­қа көп уа­қыт кетеді, бірақ өзге­ріс табиғи жолмен келеді. Нәтиже кей­де бастапқыда ой­лас­тырылғандай бол­мауы мүмкін, бейім­делу әдетте жаңа мүмкіндіктерге бастайды.

Өкімшіл жолда шешімді (жоспарлар, қаулылар, заңдар, бағдарламалар) ресми қабылдау оңай, бірақ жүзеге асыру қиын. Дүниежүзілік банк жоба­ларының шамамен 60 пайызы сәтсіз аяқталады екен. Оларды адамзаттың алдыңғы қатардағы ақыл-ой иелері жазатынын ескерсек, ұлттық заң-жобалар да ойдағыдай бола бермеуі мүмкін. 

Өкілшіл жолда, керісінше, шешімді ресми қабылдау қиын, бірақ жүзеге асыру оңай. Бейімделу сұрақтары­ның жауабын халыққа өздігінен іздету, терең талқылау, пікірталас пен шешім қабыл­дауға тікелей араластыру жаңа ұсы­ныстар мен идеяларға жол ашып қана қоймайды, ең бастысы халықтың хабардарлығын арттырып, шешімге қуат береді. Халық өзгерістер мен шешімдердегі өз орнын терең түсінеді.

2017 жылы Трамп сайлауында Бостонда болдым. Сайлауда «бюллетень сұрақтары» деген болады екен. Әр штат қиын сұрақтарды тұр­ғын­­дар дауы­сына салады. Айталық, Массачусетс штатындағы бір сұрақ «Құмар ойынына берілетін лицензия санын көбейту не көбейтпеу?» Халық сайлауға дейін кемінде жарты жыл сайлауға түсетін сұрақтарды бүге-шігесіне дейін талқылады. Маман­дар сөз алды. Теле-радио да тыным тап­пады. Күнде айтыла берген соң, қара­пайым тұрғындар да сол сұрақтар бойынша білікті маманға айналды. Халық шешімнің ақ-қарасын анықтап алды, салдарын терең түсінді. Халықтық ағарту орын алды. Бір сөзбен айтқанда, өкімшіл жол проблемаға дайын шешім ұсынса, өкілшіл жол бейімделу қабілетін арттырады, қоғамның жауапкершілігін күшейтеді. 

Заң жазу мен шешім шығару емес, оларды орындау қиын. Айталық, футболдың өз тәртібі бар. Алаңдағы 24 ойыншының белгіленген тәртіп шеңберінде ойнауын үш-бес төреші бақылап отырады. Мыңдаған жан­күйер­лер ойыншылар мен төреші­лер­дің әр қимыл-шешімін мүлт жібер­мей бағады. Ал бір елдегі мил­лиондаған адамның заңды бұлжыт­пай орын­да­уына соншама құқық қор­ғаушы қайдан табылады? Ал құқық қор­ғаушылардың өздерін кім бақылайды? 

Ең маңыздысы заңдардағы өзгеріс емес, адам санасындағы өзгеріс болар болса, онда өкімшіл жол шешім қабыл­­даумен аяқталса, өкілшіл жол жаң­ғыр­ған әлеуметтік-мәдени нор­ма­лар­дың қалыптасуына алып келеді. Сана өзгермей, құжаттар орындалмайды. Сондықтан шешімдерге тек техни­калық өлшеммен емес, қоғамның бейім­делу әлеуетін арттыру арқылы да келген жөн.

Өмір өзгерістен тұрады. Өзгерісті тек өзгеру арқылы өзгертуге болады. Жеке адамнан тұтас бір қоғамға дейінгі, жекеменшік мекемелерден мемлекеттік органдарға дейінгі алуан сатылардағы өзгерістерге бейімделуге көшбасшылық жасау қасиеттен емес, қызметтен. Биліктің ғана борышы емес, әр перзенттің парызы. Бұрын да, бұдан былай да өзгеріс сынағынан сүрінбеген ұлттардың ғана қуаты өсіп, жаңа жағдайға бейімделе білген адамның ғана қарым-қабілеті артпақ. 

Шыңғыс МҰҚАН,
Гарвард университетінің студенті

Бостон (АҚШ)