Күні кеше ғана АИБА басшылығы мен айтулы жарысты ұйымдастырушылар өзара келісе отырып, боксшылар бәсекесінің бағдарламасына біраз өзгеріс енгізуді жөн көрген екен. Атап айтсақ, ерлер арасындағы сайыста әдеттегідей 10 емес, небары 7 салмақ дәрежелері бойынша жүлделер сарапқа салынады. Соған сәйкес, 81 келі, 91 келі және +91 келі салмақтар XVIII жазғы Азия ойындары бағдарламасынан алынып тасталды.
АИБА тарапынан қабылданған осы тосын әрі қисынсыз шешімді боксшылар қауымы әлі де қабылдай алатын емес. Бұл «идея» сан миллион жанкүйерлерге де ұнамады. Бапкерлер де, басқалар да жағаларын ұстады. Қазірдің өзінде кейбір ұлттық федерациялар ашық түрде өз наразылықтарын білдіріп, әлемдік бокс саласының тізгінін ұстаған азаматтардан олардың осындай ойсыз қадамға баруына не түрткі болғанын түсіндіруді талап етуде.
Жоғарыдағы «жаңашылдық» қазақстандықтарға да жаққан жоқ. Себебі, айтулы салмақ дәрежелері бойынша өтетін бәсекелердің бас жүлдесінен басты үміткерлер қатарында біздің де былғары қолғап шеберлері бар. Мәселен, 81 келі салмақта Әділбек Ниязымбетов өнер көрсетуге тиіс еді. Ол Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында екі реттен күміс медальді мойнына ілді. 2014 жылы Азия ойындарының жеңімпазы атанды. 91 келі салмақтағы Василий Левит Рио Олимпиадасы мен Гамбургтегі дүниежүзілік додада жүлдегерлер санатына қосылды. Азия біріншілігінде үш мәрте топ жарды. +91 келі салмақта Қамшыбек Қоңқабаев бар. Нар тұлғалы қандасымыз былтырғы әлем чемпионатында күміс медаль иеленді. Міне осы саңлақтар үшін Жакартаға баратын жол жабылды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»