Өңірдегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары бас қосқан жиында «Қазақстандық мемлекеттік - жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев студенттер үйінің жобасы, оның орындалу барысы қағазға түсірілгенін, енді оны ойласып бірге пісіру қажеттігін жеткізді. Жоба Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру аясында жасалып отыр. Мемлекет басшысы халыққа үндеуінде жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті екенін айта келе, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған болатын.
Мемлекеттік – жекеменшік әріптестік тетігі аясында салынатын студенттер үйі халықаралық стандарттарға жауап беретін жатақхана болады. Жобамен танысып шыққан оқу орын басшылары бірқатар ұсыныс пікірлерін ортаға салып, соңғы үлгіде салынатын жатақханаларға төленетін ақысына алаңдаушылық білдірді. Яғни, студенттің қалтасы көтермейтін болса, олар пәтер жалдап тұруды таңдайды. Концепцияны бекітер кезде жиында айтылған осы сынды басқа да мәселелер ескерілмек.
Жалпы облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жалпы 59 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, құны 12,3 млрд. теңгеге 22 жобаға жеке әріптес анықталып, келісім-шарт түзілді және 28,5 млрд.теңгеге мемлекеттік міндеттеме алынды.
Еркін ДОСЫМБАЙ,
Оңтүстік Қазақстан облысы