Мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұстаздар, ғалымдар қатысқан келелі жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде, елордамызда атқарылған жұмыстар қорытындыланып, ұлт игілігіне айналған бағдарламаны болашақта тиімді жүргізу жөнінде ұсыныстар мен пікірлер талқыланды.
«Бұл бағдарламаның қазақ өркениетінің дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бұған тек зиялы қауым өкілдері ғана емес, экономикалық, әлеуметтік кластер әсіресе жастар қызу араласып бағдарламаның мән-мағынасын тереңдете түсті және қалыптасқан, анықталған, белгіленген әртүрлі бағдарлар да ұсынылды. Астана қаласының әкімдігі осы бағдарламаның жүзеге асуына екі жүзден астам шара өткізді. Оның ішінде тәрбие-білім, «Қасиетті Астана» бағытында көптеген шаралар өтті. Біздің елордамыздың рухани өзектерін ашуға байланысты белгілі ғалымдар қатысқан конференциялар, ашық сабақтар, студенттермен кездесулер өтті. Соның ішінде баса айтқым келеді, Еуразиялық ұлттық университетінің ғалымдарымен қосылып, қаламыздағы студент қауымы бар, былтыр Бозоқ қалашығына ғылыми экспедиция жасадық. Биыл елордамыздың аумағында жатқан тарихымыздың әртүрлі кезеңдеріне жататын мәдени, тарихи ескерткіштерінің жиырмасын іріктеп, осы «Қасиетті Астана» деген айдармен кітаптар шығарып, мобильді қосымшаларды жасап жатырмыз.
Сәкен Сейфуллин, «Алжир» мұражайлары толықтырылып, соның арқасында мұражайға келетін адамдардың да саны артқан. Рухани жаңғыру аясында қаржы бөлініп, экспонаттар да көбейген. Сандық жүйедегі әртүрлі жаңа қондырғылар жасалып, қаладағы отыз аялдамаға кітап қоры он мыңнан асатын пиар код арқылы жүктейтін кітапханалар орнатылған.
Елбасының тапсырмасымен 2000 жылдан бастап «Мәдени мұра» деген іргелі мемлекеттік бағдарлама қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша он алты секция құрылып, соның бір саласы әдебиет, өнер саласын басқаруға маған тура келді. «Мәдени мұра» кезінде көп материал жиналды. Мұны неге айтып отырмын, Елбасының былтырғы мақаласына дейін алғышарттар жасалған болатын. Рухани жаңғыру – жаңару. Жаңарған ұлт өз даңғылын салады», деді академик Сейіт Қасқабасов.
Академиктің айтуы бойынша, 100 батырлар жыры, 57 аштық туралы жыр, 65 діни дастан, 95 тарихи жыр, 47 шежірелік жыр, 10 аңыз жыр, 2 279 жұмбақ, 12 277 мақал-мәтел, 6 675 шумақ қара өлең, 77 миф, 377 аңыз, 328 шежірелік аңыз, 612 тарихи аңыз, 356 күй аңызы, 198 ғұрыптық фольклор, 200 хикаят, 1033 тұрмыстық әңгіме түрі жинақталған.
Иә, рухани жаңғыру – жаңару. Осы жөнінде мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы былтыр жарияланған кезде бәріміз бір-бірімізден сүйінші сұрасып, қуанған едік. Көптің көкейінде жүрген мәселелер көтерілді. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Елбасы өзі қол қойып, ұлттық комиссия құрылды. Әр облыста рухани жаңғыру орталықтары жұмыс істей бастады. Рухани жаңғырудың мәні өте тереңде. Ол – сананың жаңғыруы.
Рухани жаңғыру – азаматтық сананың, тарихи, ұлттық сананың қайта түлеуіне, түрленуіне ықпал ететін табалдырық» деді Мырзатай Жолдасбеков.
Сонымен қоса философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім «Рухани жаңғырудың теориясы мен практикасы» деген пән енгізгенін айтты. Қазір Еуразия ұлттық университетінің студенттері оқып жатқан көрінеді. Мектеп бағдарламасына арналған кітап та дайын екен. «Елбасы үш ұғым ұсынды. Мәңгілік ел, Ұлы дала, Рухани жаңғыру – сана серпілісі. Осы үш ұғым қазақ болудың негізі. Осы туралы балаларға сіңімді әңгіме айтумыз керек», деді академик.
Халық тамырында бүлкілдеп жатқан ұлттық болмыстан айырылмау – қазақты сақтау. Тәуелсіздіктің баяны, мемлекеттің бағы – азамат ісі. Елдіктің ежелгі сүрлеуіне түскен қазақ милетінің күрмеуі мол күрес жолында жеңісі молынан болғай!
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»