«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы осы сөздер бүкіл қазақ қоғамына серпіліс әкелгені сөзсіз. Өйткені қазақ әу бастан киелі жерлерін қанша дәріптесе де, оған мемлекеттік деңгейде назар аударылып, бұлайша жүйеге түскен емес еді. Міне аз уақыттың ішінде қазақ қоғамы дүр көтеріліп, санада сілкініс жасалғандай, естен шығып елеусіз қала бастаған бабаның көзі – құнды жәдігердің шаңын сүртіп, көрнекі орынға қайта қойғандай әсерде болдық.
7+40
Батыс Қазақстан облысынан «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» қатарына – 7 нысан, өңірлік киелі жерлер тізіміне 40 мекен енгізілді.
Батыс Қазақстан облысында ортағасырлық «Жайық» қалашығы, «Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешені, Тақсай қорған кешені, күйші Дәулеткерей Шығайұлының кесенесі, әулие Жұмағазы хазірет зиярат орны, ақын-ағартушы Ғұмар Қарашұлының жерленген жері, Жымпитыдағы Алашорда үйі енді. Бұдан бөлек өңірлік киелі нысандар тізіміне тағы 40 мекен енгізілген.
– «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында біздің өңірде арнайы комиссия құрылып, бірқатар зерттеу жұмыстары жүргізілді. Өңірде киелі жерлердің географиясын жасақтау бір жерге тоғыстырылмаған. Әркім қолынан келгенше кітап шығарды, әр адам тұжырымын еш негізсіз айтып жүрді. Бір жүйе жоқ болатын. Осы мақсатта ғалым, өлкетанушылардың басын қосқан комиссия бекітіліп, нақты ғылыми-зерттеу жұмыстары жасалды. Байқағанымыз, бізде тізімге ұсына алатын қасиетті нысандар жетерлік екен. Алайда барлығын ұсына берсек, шын мәніндегі киесі ашылмауы мүмкін. Зерттеу жұмыстарына ескерткіштерді қорғау инспекциясы, облыстық музей, аудандағы қарапайым азаматтар үлес қосты, – дейді Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.
«Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандарына» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 52 нысан енген. Бұл ең жоғары көрсеткіш. Бұдан кейін Қарағанды облысы (43 нысан), Алматы облысы (41 нысан), Батыс Қазақстан облысы (40 нысан) тұр. Яғни Батыс Қазақстан облысы төртінші орында екен.
– Біз соңғы бес жылда өңірдегі арабша жазылған құлпытастарды зерттеумен айналысып келеміз. Осының нәтижесінде бірқатар танымал тарихи тұлғалардың зираты анықталып, өмір сүрген даталары нақтыланды. Олардың қатарында Кіші жүздің билеушілері – Айшуақ, Есім, Жантөре, Жәңгір хандар, Дәуқара батыр, Тайлақ Мәметайұлы, Науша батыр, Жетпіс палуан, Сүгір жырау, тағы басқалары бар. Бұлардың біразы киелі мекендер тізіміне енгізілді. Бұл тізім болашақта да толыға бермек, – дейді «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин.
Көп жұмыс енді басталады
Өткен жылы Тәуелсіздік мерекесі күні – 16 желтоқсанда Орал қаласында «Рухани жаңғыру» музейі ашылды. Жалпы, мұндай үлкен, маңызды мекемені ашу алдын ала жоспарланып, қаржы бөліну арқылы жасалады ғой. Бірақ бұл музей кәсіпкерлердің қолдауымен дүниеге келді. Облыс орталығында шығыс стилінде салынған тарихи көне ғимаратқа жергілікті демеушілер аз уақыт ішінде күрделі жөндеу жүргізді. Сөйтіп Алашорда тарихы, ұлттық баспасөз тарихы, өңірдегі киелі жерлер туралы 500-ден астам жәдігер қойылған тамаша музей пайда болды.
Музей ашылғалы бері бұл рухани орынды 4 600 адам арнайы келіп көрген екен, олардың 80%-ы жастар мен балалар.
– Биыл облыста «Ішкі туризм» республикалық жобасы негізінде «Туристік бағыт» жобасын іске асыруға виртуалды турлар мен туристік бағыттар құру жоспарлануда. Сонымен қатар демеушілермен бірлесіп үздік студенттердің, пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарын, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі балалар мен аз қамтылған және көп балалы отбасы балаларына арналған Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарының қасиетті орындарына туристік экспедиция ұйымдастыру жоспарланып отыр, – дейді Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.
Киелі нысандарды анықтау бар да, оларды күту, халық назарына ұсынуға лайық келбетін сақтау мәселесі маңызды ғой. Мәселен Алаш қайраткері, ақын-ағартушы Ғұмар Қараштың зираты бұған дейін елеусіз, көзге қораш кейіпте еді. Жалпыұлттық нысандар тізіміне енген соң Жәнібек ауданының халқы, жергілікті кәсіпкерлер Алаш арысының басына кесене көтеру ісін қолға алды. Бүгінде осы жұмысқа қаржы жиналып жатыр. Сондай-ақ өңірдегі өзге де тарихи тұлғалар жатқан мекендерді қалпына келтіру жұмыстары өңіріміздегі ішкі туризмді дамытуға, тек Қазақстаннан ғана емес, сонымен қатар шетелден туристерді тартуға серпін береді.
– Биыл Орал қаласындағы орталық демалыс саябағында «Қасиетті Қазақстан» атты бабаларға арналған макет-қалашығын жасауды жоспарлап отырмыз. Ол жерде еліміздегі жалпыұлттық киелі нысандардың кішірейтілген макеті орнатылады. Сөйтіп келушілер бір жерден біртұтас Қазақстанның ең қасиетті мекендерімен танысып, көретін болады, – дейді Қадырболат Қабдірұлы. Сонымен қатар өңірде ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру, инфрақұрылымды құру сияқты бірқатар шара жүзеге асырылмақ.
– Біз екі ұзақ мерзімді «Ашық аспан астындағы Жайық қалашығы музейі» мен «Бөкей ордасы тарихи музей кешенінің негізінде музей-қорық жасау» жобалары бойынша жұмыстанудамыз. Қазіргі таңда облыстық әкімдік пен демеушілердің бірлесуімен жобаның алғашқы кезеңін жүзеге асыру басталды. Бұдан бөлек, музей кешені орналасқан «Хан ордасы» ауылына 21 шақырымдық жол төсеп, шағын авиацияға арналған ұшу-қону жолағын салуды жоспарладық, – деді басқарма басшысы.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның мәдени жетістіктері» негізгі бағыты негізінде «Ұлы дала мәдениеті», «Ақжайық елі – мәдениет маржаны», «Достық, бірлік, татулық», «Мәдени жайлау» сынды қазақ мәдениетін таныту жобасы бойынша кітаптар мен музейлер көрмелері, орыс киносының апталығы, Ресей Федерациясының Саратов, Волгоград және Оренбург облыстарының шекаралас аудандарында қойылымдар мен концерттер көрсетілмек.
«Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Барымызды бағалап, киемізді аялап, көкіректе сақтай білсек, біздің еңсеміз әрдайым биік болары анық. Бүкіл отандастары сияқты, батысқазақстандықтар да мұны айқын ұғып отыр. «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі жетекшілерінің айтуынша, биыл Ақ Жайық өңірінде меценаттардың көмегімен жалпы құны 1 млрд 513 млн теңге құрайтын 247 жоба жүзеге асырылады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы