БАҚ өкілдеріне берген бір сұхбатында «Өзін өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Назарбаева: «Әрбір адам бойындағы қабілеттердің барлығын пайдалана отырып, тек туған еліне ғана емес, жер бетіндегі барша адамзатқа пайдасы мен шапағатын тигізуді көздеуге тиіс. Қоғамдағы рухани және адамгершілік құндылықтарды білім арқылы жандандырған жөн. Дұрыс ұйымдастырылған білім сондай құндылықтардан тұратынын да естен шығармаған абзал. Тек білім арқылы ғана біз қоғамдағы рухани байлықты қалыптастырып, әр адамның бойындағы ерекше қасиеттерді танып, игі істерді жүзеге асырамыз», – деген еді.
Алматыда өткен «Сүйіспеншілік сабақтары» көпшіліктің көңілінен шыққан сол бастамалардың жалғасы іспеттес. Үнемі игі істердің басы-қасында жүретін С.Назарбаева ханым ұстаздар, мұғалімдер, оқушылар және түлектермен жиі-жиі кездесіп тұруды жақсы бір дәстүрге айналдырған. Бұл жолы еліміздің бірінші ханымы «Өзін өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыру мақсатында республикамыздың әр өңірінен «Бөбек» орталығына арнайы келген мұғалімдермен жүздесті.
Бағдарлама авторы әлемдегі руханият, адамгершілік құндылықтар мен имандылық, адам мен қоғам, табиғаттың тылсым күші және басқа да өзекті мәселелер төңірегінде тартымды әңімелердің тиегін ағытты. Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуындағы ата-ана мен мұғалімдердің атқаратын рөліне айрықша тоқталды.
Еліміздің әр өңірінен жиналған ұстаздар қауымы өз кезегінде Сара Алпысқызына сан алуан сауалдар жолдап, бірқатар өзекті мәселелер бойынша ойларын ортаға салып, пікір бөлісті.
Естеріңізге сала кетейік, Сара Назарбаева ханымның бастамасымен дүниеге келген «Өзін өзі тану» бағдарламасының басты мақсаты – адамның ішкі әлеуетін ашу арқылы оның рухани құндылықтарының қалыптасуына көмектесу, жоғары адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу, өмірлік маңызы зор іскерліктері мен дағдыларын дамыту.
Ал «Өзін өзі тану» пәні 2010 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіне енгізілген болатын.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»