Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Рамиль Камаловтың айтуынша, 127 елді мекен, 291 тасжол учаскесі, бірқатар көпірлер мен су тораптары су басу ықтималдығы жоғары аумақтарда орналасқан.
Тасқын орын алған жағдайда азаматтық қорғаныстың 16 қызметі және 14 жедел әрекет ету жасағы жедел іске кірісетін болады. Олардың қарамағында 1359 адам, 1170 техника бірлігі, оның ішінде 350 су сорғыш техникалары мен 79 жүзу құралдары бар. Құм салынған 17 мың қапшық, 6390 тонна саз балшық, 13013 тонна қиыршық тас, 72 мың тонна инертті материал, 114 тонна жанар-жағармай дайындалған. Алайда бас құтқарушының «мотопомпалар толық па?» деген сұраққа бәрі жұмыс істесе жеткілікті, қарғын су келгенше тексереміз деген жауабы таңғалдырмай қоймайды. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов оның есіне қайық, тағы басқа жүзу құралдарының тапшылығын еске салды.
Қар суының қоры жылдық көрсеткіштен аз екен деп босаңсуға, арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені қаңтарда ақырған аяз апшыны қуырып, жердің үстіңгі қабаты 1-1,5 метрге дейін тоң болып қатып қалған. Күн күрт жылыса, жерге сіңіп үлгірмейтін қарғын судың қайда бет аларын болжау оңай емес. Оның үстіне жергілікті синоптиктердің айтулары бойынша, көктемде жауын-шашын жиілеп, ылғал шамадан тыс түсетін сыңайы бар.
Осы себепті құрылымның басты күші үш негізгі аймаққа бағытталмақ. Есіл өзені арнасынан сыймай таситын болса, 30 ауыл жапа шегуі ықтимал. Ақмола облысы аумағында орналасқан Сілеті және Шағалалы су қоймаларынан артық су жіберілсе, Уәлиханов ауданының Қулыкөл, Береке, Қаратал, ал Тайынша ауданының Бірлік, Заречное ауылдарын үлкен әлекке салуы мүмкін.
Жергілікті су қоймалары мен гидроқұрылғылардың дайындығына да айрықша назар аудармай болмайды. Жалпы сыйымдылығы 693 миллион текше метрді құрайтын Сергеевка су қоймасында су қоры 90 пайызға жеткен. Мұнда кемі 1 миллиард текше метр су жиналады деп күтілуде. Жағдай тұрақты саналғанымен, ол жақтан су жіберілсе, облыс орталығына төнетін қатердің еселене түсері анық.
Петропавл су қоймасы да күн өткен сайын толығып келеді. Шарықтағы су торабы апатты деп танылғанмен күрделі жөндеу келесі жылға қалдырылған. Осы учаске – ең осал тұстардың бірі. Шарық, Жембарақ өзендері Ғ. Мүсірепов ауданын талай рет әбігерге түсіріп, мал-жанды тығырыққа тіреген. Былтыр тасқын қаупі бар жерлерге су өткізу құбырларын салу, бөгеттер тұрғызу, басқа да қорғаныс жұмыстарына 3 миллиард теңге жұмсалғанымен, Есіл ауданындағы Үлкен, Кіші Тораңғұл көлдерінен төнетін қауіп аз емес. Көлдер арнасынан асатын болса, бірқатар елді мекендерді қызыл су шайып кетуі мүмкін. Су ағатын каналдар тазартылғанымен, бөгет салынғанымен, атқарылатын шаруалар әлі де жеткілікті.
Шал ақын, Тайынша, Ғ. Мүсірепов және Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласы су басу ықтималдығы жоғары аймақтарға жатқызылып отыр. Қызылжара ауданында 19 елді мекенді су басу қаупі бар. Сондықтан сақтық жұмыстарын бәсеңдетпеу, жолдардағы суөткізгіш құрылғыларды реттеу, су деңгейін үнемі бақылауда ұстау, эвакуациялау бекеттерін құру, штабтың жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз ету қала, аудан әкімдері мен төтенше жағдайлар қызметінің басты міндеті саналуы тиіс.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы