Аймақтар • 12 Сәуір, 2018

Ғарышкер Айдын Айымбетов Маңғыстауға келді

496 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов  «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰК»АҚ вице-президенті, ғарышкер, Халық қаһарманы, «Отан» орденінің иегері Айдын Айымбетовпен кездесті.

Ғарышкер Айдын Айымбетов Маңғыстауға келді

- Ғарышты игере білген мемлекет дүние жүзіндегі құбылыстардың бәрін бақылай алатынын, соңғы жаңалықтардан хабардар болатынын білеміз. Қазір Елбасының тапсырмаларының бірі – цифрландыру жұмыстары барлық салада жүргізілуде. Каспий, Арал теңіздеріндегі өзгерістерді де өздеріңіз арқылы біліп отырмыз. Жердің жағдайын көктен бақылап, ел игілігі мен дамуы үшін ерен еңбек етіп келесіздер, деді аймақ басшысы.

Кездесу барысында Айдын Айымбетов мемлекеттік қызметте ғарыштық технологияларды қолданудың тиімділігін атап өтті.

-Бүгінгі күні Қазақстанда 4 жер серігі бар (2 жерді қашықтықтан бақылайтын, 2 теленавигациялық). Жерді қашықтықтан бақылау спутнигінің жұмысына сүйене отырып, «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы 100% мемлекеттің қатысуымен ғарыш мониторингін ұсынады. Біз мемлекеттік органдардың жұмысында қажетті ғарыштық суреттер мен басқа да қызметтерді қамтамасыз етеміз, деді ол.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ вице-президенті ғарыштық технологияны қолдану мүмкіндіктерімен таныстырды. Мысалы, ғарыштан түсірілген суреттерді табиғи апаттардың мониторингі, ауыл шаруашылығы дақылдарын, мемлекеттік шекараларды, су объектілерін болжау, табиғи ресурстарды зерттеу, экология, мұнай-газ секторында, жалпы қаланың бас жоспары мен агломерацияны құру және т.б. қызметтер үшін пайдалануға болады.

 Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

 «Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы