Білім • 12 Сәуір, 2018

Астанада «Білім және ғылым - 2018» атты ХІІІ халықаралық ғылыми конференция өтті

395 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Білім және ғылым - 2018» атты ХІІІ халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шараға еліміздегі ғылым қызметкерлері күніне орай, Қазақстанның барлық өңірлерінен Жас ғалымдар кеңестері жиналды.

Астанада «Білім және ғылым - 2018» атты ХІІІ халықаралық ғылыми конференция өтті

Алқалы жиынды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры және Л.Гумилев атындағы ордалы оқу орны бірлесіп ұйымдастырды. Кездесу барысында қазақстандық жас ғалымдар ғылым саласындағы қарқынды қадамдардың болашағын талқылады.

Конференцияны Еуразия ұлттық университетінің ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша проректоры Гүлнар Мерзадинова жүргізіп отырды. Модератор айтып өткендей, келелі кеңестің негізгі мақсаты да сол, жас ғалымдардың шығармашылығын белсенді дамыта отырып, оларды заманауи ғылымның өзекті міндеттерін шешуге қатыстыру. Сонымен қатар, мұндай маңызды іс-шаралар болашақ ғалымдардың арасында әріптестік байланыс орнатады.

Елбасы қоры атынан Сергей Тохтаров құттықтау сөз сөйлеп, баяндамашыларға сәттілік тіледі. «Жастардың шығармашылық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын насихаттау мен оны кең көлемде жариялауда, олардың тұлғалық дамудың тәсілі ретіндегі жобалық зерттеу іс-әрекеттеріне тартуда және білім беру үрдісінің тиімділігін көтеру мен қолданбалы ғылымға деген қызығушылықтарын дамытуда осы тақілеттес жиындардың маңызы зор», деді С.Тохтаров.

Биылғы жылы конференция 13 секция және 58 шағын секция бойынша өтті. Баяндамашылар «Ғылым және білім - 2018» атты тақырыпта топтасып, өз еңбектерін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде заманауи коммуникациялардың проблемалары, цифрлық дипломатия және еліміздегі үш тілділікті дамыту сияқты тақырыптар аясында өрбітті.

Конференцияға қатысушылардың жалпы саны биыл екі мыңнан асқан. ХІІІ халықаралық конференцияның тағы бір ерекшелігі, 35 жасқа дейінгі студенттер, магистранттар, докторанттардан бөлек, жиында орта мектеп түлектері, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары да болды.

Осымен 13 мәрте өткізіліп отырған осынау маңызды шара жыл сайын бірнеше зерттеу үрдістерін қамтуға тырысады. Осы жолы Қазақстанның барлық өңірлерінен келген жас ғалымдар  кеңесінің төрағалары Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының жанындағы Жас ғалымдар кеңесі төрағасы орынбасарларының қатысуымен семинар-кеңес өткізді.

Жас ғалымдардың дәстүрге айналдырған аталмыш бас қосулары еліміздің ертеңгі ғылымына өлшеусіз үлес, келешегіне кемел үлгі боларлық. Қадау-қадау ойлар айтылып, жарыссөзде жалындаған жас ғалымдар жігерлене жетістік белестеріне бастар жолды айқындады.

Республикамыздың ғылыми зерттеу институттары мен белгілі жоғарғы оқу орындарының жас ғалымдары ғылыми трендтерді талқылаумен қатар, олардың мағынасына түсініктеме берді.

Семинар-кеңес барысында байқағанымыздай, жас идея генераторлары болашақта фокус-топтық сұхбат өткізуді жоспарлап отырғандарын айтты. Қатысушылармен жүргізілетін ол сауалнама ғылымның проблемаларын және оларды қандай идеялар ынталандыратынын анықтамақ.

Кездесу барысында Тұңғыш Президент Қоры осы бағытта заманауи ағымдарды ескере отырып, алдағы уақытта жастардың бірнеше бағдарламаларының тұсаукесерін өткізуді жоспарлап отырғандықтарын айтты.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»