Қазақстан • 12 Сәуір, 2018

Сенаторлар «Қазақфильм» киностудиясында көшпелі отырыс өткізді

406 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыдағы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отандық кинематографистерімен көшпелі отырысы өтті. Кездесуде «Кинематография туралы» заң жобасы талқыланды.

Сенаторлар «Қазақфильм» киностудиясында көшпелі отырыс өткізді

Көшпелі отырыста сөз бастаған Бірғаным Әйтімова сенаторлардың қазақ кинематографиясының түйткілді мәселелерін, сапасын көтеру, ұлттық фильмдердің бәсекелестігін арттыру, аймақтарда кинокөрсетілімдердің қолжетімді болуын, отандық киноның шетелде мойындалуын зерттеп жатқандарын жеткізді. 

Маңызды кездесу барысында танымал режиссерлер, актерлер және продюсерлер сенаторларға жұмыс барысындағы ерекшеліктер мен кино туралы заңның қабылдануының қажеттілігін айтты.  Нақтырақ айтар болсақ, режиссер Рүстем Әбдіраш ұлттық кино қордың құрылыуының маңыздылығын, кинопрокатшы Бауыржан Шүкенов кинематография саласындағы құқықтық реттеу мәселесі мен шалғайдағы халыққа киноның қолжетімді болуына назар аудару керектігін айтты. Режиссер-аниматор Адай Әбілдинов анимациялық киноның тәрбие құралы ретінде дамуын сөз етсе, кинорежиссер «Дубляж» ШӨБ жетекшісі Болат Қалымбетов еліміздің кинопрокатына түскен фильмдерді дубляждау міндеттелген уақытта, «Қазақфильм» негізіндегі дубляж бірлестігінің зор мүмкіншілігі туралы ақпарат берді.

– Бүгінде «Қазақфильм» киностудиясы  – ұлттық бренд және Қазақстан киноиндустриясының қозғаушы күші. Біз – Қазақстанның кинематографистері еліміздің «Кинематография туралы» заңын күтіп жүргенімізге көп болды. Бұл заң: кинематографистердің, кино өндірушілердің, прокатшылардың, дистрибьюторлардың жұмысын реттеп отырады. Ккино индустрияның экономикалық тетіктерінің дамуын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар салықтық артықшылықтар, кедендік жеңілдіктер және мемлекеттік субсидиялау механизмі сияқты нарықтық механизмдер арқылы жағымды инвестициялық климат қалыптастырады, – деді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Президенті Бақыт Қайырбеков.

 КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов «Қазақфильм» киностудиясына ұлттық компания мәртебесін қайтару турасында сөз қозғап: «Бұл киностудия еліміздің барлық киногерлерін біріктіретін ортақ шаңырақ. Осы жерге бәріміз жиналып кино төңірегінде әңгіме құрамыз. Сондықтан да киностудияның территориясы тек мемлекетке ғана тиесілі болып, жеке меншікке өтпеуі тиіс. Киностудияға ұлттық компания дәрежесін қайтару керек, – деді.

Жиынды сенатор Бірғаным Әйтімова қорытындылады. Ол бүгінгі кинематография және мәдениеттің, оның ішінде әлеуметтік салалардың дамуын реттейтін заң жобасы қарастырылған кезде отырыста айтылған пікірлер мен ұсыныстар міндетті түрде ескерілетінін жеткізді.

«Қазақфильмге»  келген депутаттар киностудияның тыныс-тіршілігімен және оның техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Оларға фильмдерді жарыққа шығару үрдісінің ерекшеліктері туралы және Қазақстанның алтын қорына енген фильмдердің шығу тарихы туралы да баяндалды.

 – Киностудияға қазақ киносының мұражайы керек екендігін түсіндік. Өйткені еліміздің мәдени құндылықтарының барлығы осы жерде. Осы жөнінде біз депутаттық сауал жолдайтын боламыз, – деді экскурсия соңында депутат Бақытжан Жұмағұлов.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ