Қай елдің жастарының рухы биік, танымы терең болса, сол халықтың болашағы зор. Ғабит Мүсірепов бір сөзінде: «Мен жастарға: Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шығарады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер дер едім. Жастарға тоғышарлық, бойкүйездік дертінен аулақ, сергек, сезімтал болған жарасады» деген екен.
Жастар еліміздің болашағы деп жатамыз. Елбасы жастарға қолдау көрсетуді әрдайым басты назарда ұстап келеді. Сол жастар өз әлеуетін толық пайдалана алып жүр ме, ҚХА қызметінде жастар қозғалысының рөлі қандай, қоғамдық сананы жаңғыртудың маңыздылығы, неде деген мазмұндағы мәселелер белсенді жастар басқосуында ашық диалог форматында талқыланды. Ерекше талантымен дараланған көшбасшы жастар жетістікке жету жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Ассамблея жанынан құрылған «Жаңғыру Жолы» республикалық жастар қозғалысы еліміздің әр өңіріндегі жастар мен жасөспірімдердің қарым-қабілетін ашып, отансүйгіштікке тәрбиелеп, азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру, өз идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік ашу мақсатында құрылған. Аталған бірлестік бүгінгі таңға дейін бірнеше жобаны жүзеге асырып үлгерген. Соның бірі – еліміздің іргелі оқу орындарында белсенді жастар клубын құрып, мәдени-танымдық, спорттық сауықтыру бағытында жастардың ерік-жігерін шыңдауға бағытталған жаңа жоба.
– Мұндай басқосулар студент жастар мен жоғары сынып оқушыларын тың талпыныстарға жетелейді. Сан салада жетістікке жеткен алдыңғы буын өкілдерінің жүріп өткен жолдары оларға үлгі-өнеге болуы тиіс. Бүгінгі шараға 38 оқу орнынан келген студенттер қатысып отыр. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері мемлекет тарапынан жастарға көп қолдау көрсетіліп келеді. «Болашақ» сияқты бағдарламалар ашылып, шет елдерде де білім алуға мүмкіндік туды. Жастар арасынан жаңа лидерлерді іздеп, ең таланттыларына ерекше қолдау көрсету үздіксіз жүріп отыру керек, – дейді «Жаңғыру Жолы» республикалық жастар қозғалысы төрағасының орынбасары Тимур Жұмырбаев.
Жастар бірлестігі алдағы уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен қайырымдылық жұмыстарға, студенттердің таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған татулық пен келісім жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Басқосуда айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, алдағы жұмыс барысы тың идеялардың негізінде өрбімек.
Ағалар қауымы жиған-терген, көріп білген өмірлік, ақпараттық тәжірибесін жастармен бөліскені жөн. Жас буын үлкеннің ақылынан ғана емес, өзінің қатесінен сабақ алуы тиіс. Қуаныштысы сол, бүгінгі кездесуде аға буын мен жастар арасындағы рухани сабақтастық үрдісін үзіп алмау мәселесі кеңінен сөз болды. Мұндай пікір алмасу алаңдары ел ертеңі саналатын өскелең ұрпақтың бірлігін нығайтып, көптеген жарқын жетістіктерге жол ашпақ.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ