Ал облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің айтуынша, «Рухани жаңғыру» шарасы барысында өңір тұрғындары 800-дей іс-шараға қатысыпты. Қазір «Ертіс өңірінің киелі жерлері балалардың көздерімен» жобасы жасалуда.
Облыста қасиетті орындар картасын әзірлеуде 78 орын анықталды, оның 5-еуі республикалық картаға енгізілді. Тарихшы Қайрат Батталовтың жетекшілігімен құрылған топ мүшелері әлі де жұмыстарын жалғастыруда. Облыс орталығындағы мемлекеттік педагогикалық университет Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу орталығын ашты. Сұлтанбек сұлтанның үй-жайының көшірме ғимаратын салды. Және «Ұлағат» сериясы бойынша Ыбырай Алтынсариннен бастап, өңірдің педагог, жазушы қайраткерлері туралы еңбектер басып шығарды. Қазір Баянауылдағы киелі орындар картасын жасау басталды. Железин ауданында археологтар тобы «Алтын төбе» қорымдар алабын зерттемек. Екібастұз жеріндегі қола дәуірінің жәдігері есептелетін Кемертұз, Ақбидайық және Өлеңті тастарындағы жазулардың көшірмесін музейлерге орналастырады. Әулиекөл кешені маңында қазба жұмыстары жүргізіліп, Қимақ қағанаты болған Кенжекөл аумағындағы архитектуралық ескерткіштерді таныстырады. Өңірдің 100 тарихи тұлғасы туралы сериялы фильмдер шығару қолға алынуда. Қайрат Батталовтың мәлімдеуінше, қазіргі кезде мамандар сакралды орындар географиясы туралы Android және iOS операциялық жүйелеріне сәйкес ұялы телефондарға орнатылатын қосымшалар әзірлеуде.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар