Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақ аумағында 15 қатысушы тіркелген. 1 сәуірдегі жағдай бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 339 млрд теңгені, оның ішінде жеке инвестициялар — 269,8 млрд теңгені құрады. 1 300 астам жұмыс орны ашылған.
Бақытжан Сағынтаев Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған Polymer Production зауытын тексеру барысында зауыттың жылына шамамен 15 мың тонна полипропилен жабынын шығаруға мүмкіндік беретін технологиясымен танысты. Өндірісте 371 адам жұмыс істейді. Өткен жылы 2,2 млрд теңгеге өнім сатылды.
«Полимер Продакшн» ЖШС басқарма төрағасы Азамат Жүсіповтың айтуынша, бүгінгі таңда зауыт полиэтилен жабынын, биаксиалды–бағытталған полипропилен жабынын, әртүрлі қаптама түрлерін, сондай-ақ сыйымдылығы 25 және 50 кг болатын полипропиленді қаптар шығарады. Жеңіл және азық-түлік өнеркәсібінде қолданылатын зауыт өнімдері Қазақстанның барлық өңірлеріне және Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға экспортталады. Бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына күшті мультипликативті әсер беріп, импортты алмастыруға ықпал етеді.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан газ турбиналы электр стансасын аралау барысында «Біріккен химиялық компания» ЖШС басқарма төрағасы Жеңіс Өсербай жоба АЭА аумағындағы ірі инвестициялық жобаларды 110 Квт электр қуатымен және жоғары қысымды бумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Жобаны іске асыру мерзімі — 2014–2018 жылдар, оның құны — 111 млрд теңге. Зауыт қуаттылығы — 310 МВт, жұмыс орындарының саны — 120.