Медицина • 13 Сәуір, 2018

ШҚО Ана мен бала орталығының дәрігерлері шет елде оқып жатыр

561 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы екі жылда Өскемендегі облыстық Ана мен бала орталығының екі гинеколог дәрігері Корея мен Франция елдеріне барып, біліктіліктерін шыңдап қайтты.

ШҚО Ана мен бала орталығының дәрігерлері шет елде оқып жатыр

Орталықтың дәрігер неонатологы Лондондағы әлемдегі бес озық балалар клиниканың бірінде тәжірибе жинақтапты. Биыл мұндағы дәрігерлер қатары аса зәру  10 маманмен - акушер-гинекологтармен, педиатр-неонатологтармен толықпақ. 2018 жылы оқу орнын бітіріп, «Ана мен бала орталығына» жұмысқа тұрған жас дәрігерлердің бәрінің көтерме ақшасын төлеуге «Қазцинк» компаниясы қаражат бөлмек. «Компания орталықтың бүгінгі заман талабына сай болуына үлкен көмегін көрсетіп отыр. Кәсіпорынның қаржылай қолдауы нәтижесінде біздің дәрігерлер шетелде оқып, озық технологияны, тәжірибені меңгеріп келіп жатыр. Орталық аналардың, сәбилердің денсаулығын сақтап, жақсартуға септігін тигізген заманауи құрал-жабдық, техникалармен жабдықталды», - дейді Ана мен бала орталығының директоры Ермек Омарбеков.

«Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазаревтің айтуынша, компания қаржысына сатып алынған құрал-жабдықтар орталықтың барлық бөлімшелерінде жұмыс істеп тұр.

«Орталықтағы көз жанарын қорғау кабинеті жабдықтарының басым бөлігі «Қазцинк» ЖШС қаражатына алынған. Мемлекеттік - жекеменшік серіктестік негізінде компания қолдауына сүйене отырып, орталық дәрігерлері диагностикалық талдаулар жасаудың, отаның жаңа түрлерін меңгеріп жатыр. Бүгінде орталықта лапароскопиялық хирургия тәсілдері қолданылуда. Таяуда нейрохирургтерге еуропалық клиникалар ғана мақтанып келген нейронавигаторлар көмекке келмек. Сондай-ақ орталыққа сал ауруына шалдыққан балаларға арналған роботтық жаттығу құралдары сатып алынбақ.
Балаларға қандай қамқорлық жасасақ та ешқашан артықболмайды. Бұл - біздің әлеуметтік жұмысымыздың басым бағыттарының бірі», - дейді ол.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН