Тұтас бір ұлтқа тірек болған асыл жандар сөз жоқ, ұлттық ақыл-ой мәдениетінің төрінен орын алып, ортақ мақтанышқа айналады. Тура сөйлеп, тік жүретін адамдар да қоғам байлығы.
Өркениетті, өсіп, өнген ел-жұртқа ондай кісілер қай уақытта өте-мөте қажет.
Біздің халық та сондай деңгейде әрбір айтулы азаматты көргісі келіп тұрады. Болған кезін әсте ұмытпайды. Тірі жүргенінде ірі болған тұлғаларын сағынады.
Тасқа басылған асыл ойлары мен өшпес ізін кейінгі жас толқынға тағылым ретінде айта жүреді. Ұлағатын ұлықтайды.
Белгілі жазушы-журналист, елімізге танымал қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын нақ осы биіктен көрінген азамат еді. Бұлай ой бұруымыздың да өз себебі бар. Өзі туып-өскен Жамбыл өңірінде Араға аталған абзал кісі өткен 2017 жылы жасы 80-ге толуға бір ай қалғанда дүниеден озып, өкіндіріп кетті....
Жараулы, әбден тері үгітіліп суытылған арғымақ тұлпардай жұтынып, сұңғақ бойын тік ұстап жүретін Арғынбай Бекбосын ел тәуелсіздігі жылдарында сан түрлі қыр-сырымен таныла түсіп, қазақстандық журналистиканың тарланбоз тұлғасы деңгейіне көтерілді. Сонымен бірге отыз жылға жуық Шығыс жұлдыздарының бірі – ұлы Омар Хаямнан бастау алатын рубаят түріндегі өлеңдерінің қазақ руханиятына орнығуына күш салған қаламгердің «Мың түрлі ой», «Фәнилік драма» деген жинақтары әдебиет сүйер қауымға мәлім. Бір ғана «Фәнилік драма» кітабына 3500 төрттаған енгізілген. Мың түрлі ой. Ой болғанда да оқырманды енжар қалдырмайтын, терең толғанысқа шақыратын толымды философиялық ойлар.
Жамбыл жақта жүріп, осы өңірдің облыстық «Еңбек туы» басылымын он жыл басқарған журналистің бұл жинағындағы ерекшелікке 1998 жылы «Әдебиет теориясы» оқулығының авторы, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов зер салып қарайды:
«Күміс түнде аспаннан Ай қарайды,
Ай сәулесі тастарда тайғанайды....
Бір жас бейбақ жуынса көз жасына,
Бір жас сері серігін аймалайды, –
деген шумақты келтіреді. «Бұл жырға айналған сыр және сол сырды жеткізіп тұрған ауызекі сөз ғана емес, сөзбен салынған сурет: «Ай сәулесі тастарда тайғанайды...» Мұндай сұлу суретті нағыз суреткер ғана сала алады» деп әдеби тұрғыда баға береді.
Төрттаған дегеніміз төрт-ақ жол. Төрт жол өлеңге белгілі бір ойды көркем бейнемен сыйдыру тіпті де оңай шаруа емес. Хас шеберлікті керек ететін іс. Заман мен адам туралы философиялық-лирикалық толымды толғауы Ш.Мұртаза, М.Ысқақбай, Ж.Әбдіхалықов сияқты замандас қаламгерлердің құнарлы ой-пікірлеріне арқау болған.
Заманға түйін айту, адам біткеннің жан сарайына үңілу екенін аңғартқан сан мың төрттаған шумақтары толассыз ой мен тоқтаусыз дүниенің жемісі болар, сірә.
Арекең өз шығармашылық ізденісінде бұл «Фәнилік драманы» ең үздік туындысы деп санағанымен, қызық, өзін «ақын» деп таныстырып немесе жазып қоюға қатты қарсылық жасайтын. Мың түрлі ойдың көтерер жүгі мен көркемдік иірімдерін салмақтайтын болса, ақындық қуатты әлбетте байқатып, аңғартар еді. Жоқ, ел ішінде аса беделді, айтқан сөзі жерде қалмайтын Арекең өзін суреткер ақындардың қатарына қосуды жаратпады, онысын «Ұлы ақындардың қасында біз кімбіз. Менікі – қазақ сөзінің қадірін терең ойға қосудың бір амалы сияқты» деуші еді.
Жөн сұрадың... Өзімді Ақын демен,
«Азамат-ау» деген дегенге жақын келем...
Ал, арманым – фәниді ұғып кету,
Толқын жүрек, толымды ақылменен.
Солай. Толқыған жалғыз ойдан құйылған жалғыз шумақ – жалғыз оқ сияқты – өмір нысаны.
Тегінде қаламгердің «Фәнилік драма» рубаяттары әдеби зерттеуді қажет етеді. Төрттағанмен ой түйіндеу шындығында жанымызға аса сіңісті бола қоймаған жанр.
Омар Хаямды қазақша сөйлеткен Қуандық Шаңғытбаевтар бар. Ал Арекеңнің «Шығыстың жеті жұлдызының» бірінің мәңгілік мұрасын мейлінше молынан тәржімалап шыққаны да әдебиетке қосқан елеулі үлесі болмақ.
А.Бекбосынның табиғаттан ерекше қабілеттілігі ол кісінің бүкіл ғұмыры өзін-өзі қамшылау, өз бетімен талмай іздену мен үйренуден тұратын бір сыры бар. Бәрінде білмекке құштарлық зерек жастың Қазақ университетіне оқуға қабылданып, өзі құралпы Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин секілді отызға тарта курстастары аман-сау, алаңсыз оқуларын жалғастырып жатқанда анасының жағдайын ойлап, амалсыз ауылға қайтуы да тағдыр жолы еді. Ол Қазақ университетінде оқиды, бірақ сырттай оқып бітіреді.
Жас жігіттің журналистік жолында облыстық «Сталин жолы» газетінің құтты табалдырығын аттауға себепкер болған обком хатшысы, кейінірек белгілі мемлекет қайраткері шоғырында есімі жақсы аталатын Екейбай Қашағанов еді. Арада төрт жыл өткенде кәдімгі Жұмабек Тәшенов, иә, Оңтүстік Қазақстан облысында басшының біреуі дейтін қызметіне ауыстырылған уақыты ғой, Қазақ радиосының меншікті тілшісі болып атқарған жас журналиске пәтер алып беріп, Әз ағаның қамқорлық жасағаны қалай естен шығады?!
Адамға жақсылық жасау мен оның жолын ашу жас қаламгер жүрегінде, әрине, жатталып қалған.
Тағдырдың жазуымен облыстық газеттің корректорлығынан оның бас редакторлығына дейін көтерілген еңбек жолдары, енді айтуға ғана оңай.
Қазақ баспасөзінің байырғы шаңырағының бірі – Жамбыл облыстық «Еңбек туы», кейін өзі атын «Ақ жол» деп өзгерткен Арекең жай қатардағы ұжым басшысы емес, өмірдің саяси және шығармашылық интеллигенциясының беделді тұлғасы бола білді.
Батыл да қайсар редактордың кезінде «Ақ жол» газеті ең көп оқылатын басылымның қатарына қосылды. Бас редактордың тапқырлығы әрі тың идеяларға жол ашуы әлдекімдерге ұнай қойған жоқ. Қалай ұнасын, қоғамдық өзекті мәселелерді барынша ашып, шындық пен әділдік қорғап жатуы. Әсіресе 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Д.Қонаев, А.Асқаров сияқты ел көзінде тұрған ардақты кісілерге жала жауып, ар-ожданын қорлауға дейін барған саясатқа ашық қарсылық көрсетуін қалай атауға болады? Мұндай батыл қадамға республикалық басылымдардың өзі әлі де аңдысын аңдып, бара қоймаған уақыт болатын.
Міне, осындай күрескерлік рухта қазақ баспасөзінде екі редактор ерлік жасаса, бірі – «Орталық Қазақстан» газетінің басшысы Нұрмахан Оразбеков болса, екіншісі Арғынбай Бекбосынов еді. Қатып қалған тәртіптің адамы емес деуге келмес. Алайда газет стилі, оны безендіріп, түрлендіруі, өткір де өзекті мәселелерді дер кезінде қозғап, қалың оқырмандардың қатарын көбейту – тарихи газеттің дәуірлеген кезі деп айтуға тура келеді.
Мәселен, кеңестік идеология сіресіп тұрғанда «Азаматтық диалектика» деген мақалада қазақ тілінің мүшкіл халін ашық айтып, он сериядан құралған «Сендіруге рұқсат етіңіздер!» деген мақалада көзбояушылықтың етек алғаны әшкереленеді. Жүрегінің түгі бар редактор болмаса, мұндай мақаланы кім басады? Сол заманда.
Арекеңнің Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы журналистері арасында тұңғыш сыйлыққа лайықты деп табылуы, жұрт жақтаған қайраткердің екі мәрте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайлануы көп жәйтті аңғартса керек. Депутат кезінде қоғамдық-саяси өмірдің иірімдерін одан әрі түйсіну, талай ардақты кісілермен аралас-құралас болып, заң шығару институтының қыр-сырын үйреніп, білу сияқты абыройлы жолдардан сәтті өтті. Шерхан Мұртаза ағасының сөйлеу мәнері мен айбарлы дауысы Арекеңе жұғысты да болған сияқты.
Жазушы туындысының тұңғыш жинағы 1975 жылы «Ауылым – әнім менің» деген дүние еді. Арада көп жыл салып, кәнігі журналист 1998 жылы «Ньюнбергтен бұрын» деген пьеса жазып, елді елең еткізген-ді. Атақты батыр Ағаділ Суханбаев туралы жазған пьесасы М.Әуезов атындағы академиялық театрда төрт жылдай жүріп тоқтады.
Өндіріп жазатын қаламгердің «Солдат тағдыры», «Көшесімен Пушкиннің ... Абайға дейін», «Ұмытпа: Отар станциясы», «Аман бол, Гүлсара» хикаяттары, «Әмір Темірдің ақырғы жорығы», «Балуан Шолақ», «Адам – Алатау» секілді он бес шақты эссесі, әсіресе шетел сапарларынан «Жетіқарақшысы жоқ аспан» деген атпен шыққан жазбалары (бұл кітап жайында Фариза Оңғарсынова «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында «бұл кітап әрбір қазақтың төрінде тұруы тиіс» деп ой түйеді) жеке шығармашылығына жаңа серпін берді. Себебі, бұл жазбалары әріптестеріне қатты ұнады.
Жамбылдық қаламгердің орыс тілінде жазған шығармалары бір төбе. Оның «Течет река Талас....», «Купейная исповедь или неспетая песня любви», «Купейная исповедь-2 или пощечина на Казанском» повестері әуелі республикалық журналдарда басылып, кейін жазушының 2 томдық жинағына енген.
Астанада Парламент депутаты қызметінің өкілетті мерзімі аяқталған соң Арекеңнің Жамбылға оралуы заңды еді. Өйткені ел іші, қоғам мәдениеті нақ осындай тұлғалы азаматтардың белсенді өмірлік ұстанымы мен абыройлы кісілігі арқасында одан әрі байып, тереңдей түседі. Ғасыр жүзігі қолына тағылған Таразда Шерхан Мұртаза, Мекемтас Мырзахметов, Күләш Ахметова сықылды ел-жұртының сөзі мен көзі делінетін, соларға карап бой түзейтін ұрпақтың нағыз тәрбиешісі болды.
Парасатты азаматтың «Таразды әулиелер мекендеген, мекендеп киелі оны етем деген.... Киелі жерді бассаң, ойланып бас: «Таразға келдім немен, кетем немен?» деген төрттағаны көне қаланың көшелерінде ілулі тұрғаны да тәрбие үшін бір жаңалық болды.
Арекең қоғамдық-саяси өмірге ағалық жолмен белсене араласты. Жаратылысында саяқтау жүретін ел ағасы Жамбыл өңірі зиялыларының төбе биі болды десек те қоғамдық пікірден алыс кетпейміз. Ұлттық мүдде мен елдік мәселелерге қатысты Арекеңнің мемлекеттік көзқарасымен, толғауы орнықты публицистикалық мақалаларымен үн қоспаған кезі жоқ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерінің, иә, кәсіби көсемсөзшінің қалам қуаты, жүрек сөзі көпшілікке жақсы таныс. Талас өзенінің жағасындағы қарапайым үйінде жатып көптеген құнды шығармаларын жазды. Асыра айтқандық емес, еліне суықта пана, ыстықта сая бола алған қайраткер аға ерекше құрметке бөленді. Елдің жарқын келешегі үшін, сіңірген еңбегі үшін талай-талай жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Алаш ардақтыларының мектебінен тәрбие әрі қуат алған Арғынбай Бекбосын өзінің өмірбаяндық тарихын халық жүрегінде адал жазып қалдырған, ардың жүгін арқалаған тұлға болып қалды.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН
ТАРАЗ